Республика күні– қазақ атақ түгендеп, орден-медаль санайтын күн бе?

Кеңес одағының керегесі шайқалып, күші әлсірей бастаған тұста, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды.
Сол құжатпен бірге Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізі қаланғандай еді. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бастаған ел басшылары түрлі себеппен тәуелсіздік жарияламай, 1991 жылғы 16 желтоқсанға дейін созып, 16 республиканың ішінде ең соңғы болып, бөлек ту тікті. Осылайша, Тәуелсіздік күніне қатысты екі дата пайда болды. Бірі – декларация жарияланған 25 қазан, екіншісі – Тәуелсіздік жариялаған 16-желтоқсан.
Қазақстан КСРО жұртында неге сонша отырғаны жайлы түрлі болжам айтылып жүр. Көбі бұған сол кездегі Қазақ КСР президенті Назарбаевтың жоғары билікке ұмтылудан дәмелі жеке амбициясы себеп болды деп санайды. Ал тәуелсіздікті дәл 16 желтоқсанға белгілеудің астарында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қасіретін ұмыттыру мақсаты жатыр деген болжам айтылады.
Әлемдегі кез келген мемлекет үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі мереке саналады. Сол күнге орай елде керемет мерекелік көңіл күй орнап, халық шаттыққа шомады. Елде демалыс жарияланып, той тойланады. Бұл күнді көп адам асыға күтіп жүреді. Бірақ біздің елде бұлай болған жоқ. Иә, 2022 жылға дейін 16-17 желтоқсан ұлттық мереке ретінде аталып жүрді. Бірақ қала көшелерінен мерекелік бейне байқалмайтын. Керісінше, елді 1986 жылы қаһарлы империядан ақырып теңдік сұраған боздақтарымыздың елесі кезіп, қарсылыққа толы көңіл күй орнайтын. Кейін бұған 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы қосылды. Сөйтіп, Тәуелсіздік күні – наразылар митингке шығатын, полицейлер көше аңдып, күзетте тұратын, үлкен қаладағы студенттерді ауылға «қуып» жіберетін әдет қалыптасты.
Ал 25 қазан тәуелсіздіктің алғашқы жылдары республика күні ретінде атап өтілетін. 1995 жылы 18 қазанда ұлттық мереке статусын алды. Бірақ 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, мемлекеттік мереке атанды. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер тізімінен сызылып, 13 жыл бойы елеусіз қалды.
2022 жылы «Қазақстан республикасындағы мерекелер туралы» заңына өзгеріс еніп, 25 қазан – ұлттық мереке, 16 желтоқсан – мемлекеттік мереке болып белгіленді. Осылайша, 16 желтоқсан ұлттық мереке мәртебесінен айырылып, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлт батырларына тағзым күні атанды. Яғни елімізде тәуелсіздік мерекесі 16 желтоқсаннан 25 қазанға ауысып, Республика күні елдегі жалғыз ұлттық мереке болып белгіленді. Бірақ билік бұл күнде де жұртқа туған елінің тәуелсіздігін түйсініп, егемендігін сезінетіндей мереке сыйлай алмай отыр.
Екі жыл өтпей жатып 25-қазанның да қадірін қашыра бастадық. Қалыптасқан дағды бойынша ұлттық мерекеде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар ресми іс-шаралар өткізуі қажет (мемлекеттік мерекеде бұл міндетті емес). Былтыр Республика күні мемлекеттік деңгейде тойланып жатқандай көрінген. Ал биыл соның бірі де жоқ. Билік те тыныш, халық та тыныш. Республика күні елеусіз өтіп жатыр.
«25 қазанды ұлттық мереке етіп белгілеу – қоғамның идеологиялық сұраныстарына деген жауаптың имитациясы деп есептеймін. Қанша жылдан бері Желтоқсан оқиғасын айтпай, ол жайлы сөз қозғамай келді. 2021 жылдан кейін ғана билік Алаш арыстары, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар және өзге де ұлт-азаттық қозғалысына атсалысқан азаматтар тәуелсіздікке үлес қосты дегенді айта бастады. Қоғам тарапынан да 16-желтоқсанды аза тұту, тағзым ету күні етіп белгілеу жөнінде ұсыныстар болды. Бірақ осы ұлт батырларына тағзым ету күнінің өзі мемлекеттік деңгейде аталып өтіп жатыр деп айта алмаймын. Оның үстіне екі аптадан кейін жаңа жыл болады, қаладағы декорация толықтай жаңа жылға сай әрленеді. Сөйтіп, 16-желтоқсанның аза тұту немесе еске алу күні ретіндегі мәні жоғалып кетеді.
Тәуелсіздік мерекесінің күнін өзгертеміз деп салмағын төмендетіп алған жоқпыз ба? Шынын айтқанда, бұған дейін де бізде Тәуелсіздік мерекесі бола қойған жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын Paperlab зерттеу орталығында қазақстандықтардың Тәуелсіздік мерекесіне деген көзқарасын зерттедік. Респонденттердің көбі 16 желтоқсанды мереке сезінбейтінін айтты. Жаңаөзен оқиғасы бар, бейбіт митингіге шыққан азаматтарды қудалау болады. Сол үшін адамдар бұл күні далаға шығып, мереке тойлауға қорқатын. Ол күн көпшілік үшін тойлайтын, бақыт әкелетін мереке болған жоқ», – дейді саясаттанушы Камила Смағұлова.
Орден-медаль мен атақ тарату
Республика күні қарсаңындағы жалғыз «дәтке қуат» – бір топ адам мемлекеттік наградаларға ие болды. Олардың арасында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері бар.
Мұндай орден-медальдер бұрын 16-желтоқсан қарсаңында берілетін. Бірақ дәл бүгінгідей көп бола қоймайтын. Биыл 450-ден аса жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті марапатталды.
Ал енді жұрт ерекше көз тіккен, Астананың төрінде өтетін марапаттардың жөні бөлек. Жыл сайын зиялы қауым арасында дауға ұласатын Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық 5 адамға бұйырды. Олар: Светқали Нұржан («Көкірегім көне кітап» жыр кітабы), Құлбек Ергөбек («Адамның бір қызығы бала деген» кітабы), Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанова («Көшпенді фрескалар» киізден бастырылған паннолар топтамасы) және суретші Жанұзақ Мүсәпір («Балалықтан даналыққа жол» топтамасы).
1999 жылдан бастап 24 жыл тоқтатылып, былтырдан бастап қайта беріле бастаған «Қазақстанның халық жазушысы» атағына Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай ие болды. К.Жұмабеков, Л.Кәден, О.Коржева, И.Лебсак, Р.Махпирова, Г.Шынтемір, Ә.Ыдырышева, М.Мұхамедқызы, Ж.Баспақова, А.Мұхитдинов, С.Тұрысбеков және М.Ілиясоваға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Бұрыннан бар «Даңқ», «Айбын», «Отан», «Құрмет», «Ел бірлігі» ордені, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі және «Қазақстанның Еңбек Ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болғандар да аз емес. Және биыл қосылған су жаңа атақ «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» марапатына А.Байгенжин, В.Кемайкин және Б.Цхай қол жеткізді.
Сондай-ақ бірқатар шенді мемлекеттік наградамен марапатталды. Парламент мәжілісі төрағасының орынбасары А.Рауға І дәрежелі «Барыс» ордені, Қазақстанның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі Н.Онжановқа ІІ дәрежелі «Барыс» ордені, премьер-министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені, Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды мен Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековке «Парасат» ордені табысталды.
Ақорда не үшін дәл осы шенділерді марапаттағанын ашалап түсіндірген жоқ. Тек жалпы сипаттамада азаматтарға елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін атақ берілгені жазылған. Бірақ біз Дархан Сатыбалды, Ғабит Сыздықбеков және Нұрлыбек Нәлібаев басқарып отырған оңтүстіктегі екі облыс, бір қаланың өзгелерден оқ бойы озып, дамып кеткені жайлы ақпарат естіген жоқпыз.
Ал І дәрежелі «Барыс» орденін алған Альберт Рауға қатысты даудан хабарымыз бар. Жақында мәжілісте жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы талқыланған. Сол кезде депутаттар Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Альберт Рау сөзге келіп қалды. Құжатты Альберт Рау мен Константин Авершин таныстырған.
Кодекске енетін өзгеріс бойынша жер қойнауын бөлетін қызмет мемлекет құзырынан жеке акционерлік қоғамға берілуі мүмкін екен. Ізмұхамбетов осы салада 20 жыл жұмыс істегенін айтып, мемлекеттік мүддені акционерлік ұйымға беру қате шешім деп, наразылық білдірді. Оның айтуынша, жұмыс тобында қаралмаған құжатты әлдекімдер үкіметке мақұлдатып алған. Ал Альберт Рау құжат заң талабына толық сәйкес келетінін айтып, мемлекет мүддесін бұзды деп айыптауды жоққа шығарды. Бұл дау немен шешіліп, кодекске енетін күмәнді өзгерістің тағдыры қалай болатыны әзірге белгісіз. Орденін алып жатқанына қарағанда, Раудың пайдасына шешілетін шығар.
Әдетте тойшыл, түкке тұрғысыз форум, жиналыстарға ақша шашқыш қазақ билігі тәуелсіздік мерекесіне келгенде тартыншақтап қалатыны несі екен! Әлем елдері Тәуелсіздік күніне ерекше мән беріп, халқын бірлікке, патриотизмге шақырып, маңызды іс-шаралар өткізіп жатады. Және халқы шат-шадыман қуанып жатады. Ал біздің ел тым-тырыс. Орден-медальдардың сыңғыры демесең...
Қуаныш Қаппас