Республика күні: Ту көтеру акциясы және ауыл амбулаториясы

Республика күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтті. Мұндай іс шарадан Жетісу облысы да қалыс қалған жоқ.
Аталмыш мерекеге орай Мемлекеттік ту көтеру акциясы болды. Бұл шара облыстың құрамына енетін аудан, қала көлемінде қамтылды. Ту көтеру акциясына мыңға жуық адам қатысты.
Шара барысында акцияға қатысушылар алдымен Талдықорғандағы «Жастар» саябағына жиналды. Облыс әкімі Б.Исабаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, өңірдегі мекеме-ұйымдардың, әскери саланың, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, белсенді жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары шараға қатысты. Патриоттық акция мемлекеттік туды салтанатты түрде көкке көтеруден басталды. Д.Рақышев атындағы облыстық филармонияның және «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамблі әншілерінің, әскери қызметкерлердің, мектеп оқушыларының, жалпы қатысушылардың хоры әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұранды жанды дауыста орындады. Сондай-ақ салтанатты жиында патриоттық әндер шырқалды.
Талдықорған қаласының тұрғыны Әзия Жолмағамбетованың айтуынша, мұндай шаралар жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, рухын көтереді. Сондықтан әр жылы осы шараны дәстүрлі түрде өткізіп тұрған абзал.
«Бұл шара мемлекетіміздің әр тұрғынына патриоттық рух сыйлайды. Қазіргідей жас ұрпақты смартфон тәрбиелеп жатқан заманда мұндай шараларды керек деп есептеймін. Өзім бүгін шараға екі немеремді ертіп келіп отырмын. Бала кездерінен осындай дүниелерді сіңіріп өсірсек, жас ұрпақтың саналы боларына күмәнім жоқ», – дейді қала тұрғыны.
Талдықорғандықтар патриоттық акцияның аудан, қала бойынша бір мезгілде аталып өткенін мақтанышпен жеткізді. Олардың ойынша бұл барша республикаға үлгі боларлық қадам.
«Жетісу облысының ішкі саясат басқармасына, әкімдігіне мұндай шараларды жиі өткізу керектігін айтқымыз келеді. Қазір елдің патриоттық сезімін арттыратын осындай шаралар қажет. Бұрын бала күнімізде біз қоғамдық шаралардан қалмайтынбыз. Қазір де сол үрдісті жалғап, балаларымызды облыс көлеміндегі шараларға жетектеп жүреміз. Немерелерімнің мұндай шараларды көзбен көріп, көңілге түйгенін, елін сүйетін азаматтар болып қалыптасқанын қалаймын», – дейді Ә.Жолмағамбетова.
Бұдан бөлек, Жетісу облысының ауылдарында Республика күні қарсаңында 5 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде халыққа сапалы қызмет көрсетеді деген дәрігерлік амбулатория, ауылдық клуб, ауылдық әкімдік, саябақ және басқа да нысандар бар.
Мәселен, мереке қарсаңында Ескелді ауданында 2 бірдей нысан пайдалануға берілді. Жалғызағаш ауылында жаңа ауылдық мәдениет клубы ашылса, Қаратал ауылында ауылдық әкімдік пайдалануға берілді. Текелі қаласында дәрігерлік амбулаториялар қолданысқа берілді.
Мұқыр ауылының тұрғыны Сая Мұхтарбекованың айтуынша, амбулаторияның қажеттілігі жыл сайын сезіле бастаған. Тұрғындар бұған дейін барып жүрген амбулатория ескірген. Сексенінші жылдары салынған ғимарат болған.
«Қазіргі жаңа амбулаторияның ашылуы көңілімізді өсірді, қуантты. Өзім қант диабетімен есепте тұрамын. Алдымен осы медицина саласының қызметіне өзім жиі жүгінемін. Амбулаторияның ашылғанына қатты қуандым дейді», – ол.
Атап өтсек, Мұқыры ауылында 3,5 мың адам тұрады, сондықтан мұндағы медициналық нысанды жаңартып, қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызы зор. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртумен қатар кадрлық мәселелер де шешімін табуда.
Сонымен қатар мереке қарсаңында Қаратал, Көксу, Панфилов аудандарында жалпы саны 70 отбасы жеке үйлерге ие болды. Атап айтқанда, Көксу ауданы Жарлыөзек және Балпық би ауылдарында 17 үйдің, Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 23 үйдің, Панфилов ауданының Жаркент қаласында екі пәтерлі 15 үйдің кілті тапсырылды.
«Көпбалалы ретінде кезекте тұрғанмын. Биыл кезегіміз келіп, үйлі болып жатырмыз. Бес балам бар, үлкені он жаста, кішісі бір жарым жаста. Күйеуім Кербұлақ ауданындағы цемент зауытында жұмыс істейді. Өзім бала күтімімен үйде отырмын. Балалармен пәтерден пәтерге көшіп жүру қаржылық жағынан да, моральдық жағынан қиын болды. Енді үйлі болып, қоныстой қуанышына жеттік. Үйіміз ұнады, кең, жарық, жылы, балаларымның несібесі ғой», – дейді жаңа қоныс иесі, Жарлыөзек ауылының тұрғыны Руқия Райым.
Сондай-ақРеспублика күні облыс әкімі әр салада еңбек еткен қырықтан астам жетісулық азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды. Марапаттау рәсімі Талдықорғандағы Б.Римова атындағы драма театрында өтті. Көпшілікті мерекемен құттықтаған облыс әкімі ел дамуындағы жетісулықтардың еңбегін атап өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталды.
«Облысымыз өткен жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап, еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрінсе, биыл да сол тұрақты дамуды сақтап, өткен 9 айда республика көлемінде жоғары – 114,4% қысқамерзімді экономикалық индикаторға қол жеткізді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 есеге артып, 228 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Облыста ауыз су, жол, газ секілді инженерлік инфрақұрылымдарды жақсарту шаралары қарқынды жүруде. Қолға алынған игі өзгерістердің шын мәнінде жүзеге асырылып жатқанына халықтың өзі куә болып отыр», – деп атап өтті облыс басшысы.
Өңір басшысы өз сөзінде осы мереке қарсаңында үш бірдей жерлесіміз ел президентінің қолынан мемлекеттік марапат алғанын ризашылықпен жеткізді.
Ал бұл шарада «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, сол сияқты Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен облыстағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, теміржол, коммуналдық шаруашылық, спорт, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау және басқа да салаларда жемісті жұмыс істеген қарапайым еңбек адамдары марапатталды. Солардың қатарында «Талдықорғанжылусервис» ШЖҚ МКК экскаватор жүргізушісі Қажымұқан Бүкпінов, «Ақсу ЖСК» ЖШС тракторшысы Жасұлан Бимолданов, Матай станциясында теміржолшылар әулетінің негізін салушы еңбек ардагері Даниял Балаубеков, облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының жеке дауыстағы әншісі Бейбіт Мұсаев, «Панфилов Су құбыры» МКҚК сорғы станциясының машинисі Александр Бургарт, Қаратал ауданындағы мектеп жанындағы интернаты бар №13 орта мектептің мұғалімі Салтанат Найзабекова, «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мейірбикесі Надежда Пивоварова, «Мейірім» Жаркент арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы Махаббат Сабденбекова және басқа да азаматтар бар.
Осы салтанатты жиында еңбек ардагері, КСРО Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжановаға, Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржұман Ықтымбаевқа, мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірәлі Жалаириге, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашевке, бірнеше шаруа қожалықтары бірлестіктерін құрған «Герман Нам» компаниясының басшысы Герман Намға, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспановқа, «Алацем» ЖШC директорының орынбасары Станислав Щербаковқа Жетісу облысының Құрметті азаматы, кино және театр актрисасы, Б.Римова атындағы драма театрының актрисасы Әлихан Ыдырышеваға «Қазақстанның Халық әртісі» атақтары берілді.
Салтанатты шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Ал мереке қарсаңында Астанада «Қайнар-АКБ» ЖШС бас директоры Ербол Ажмағамбетов, «Кең дала» ШҚ басшысы Қалибек Алпысбаев «Құрмет» орденін, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің меңгерушісі Марал Рахатова «Шапағат» медалін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолынан, облыстық мәслихаттың депутаты, «Асар» спорттық-оңалту орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Е. Қошановтың қолынан алды.
Қ. САЙЛАУ
Жетісу облысы