Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:51, 18 Тамыз 2022

Республика күні қайта оралады

None
None

Еліміз тәуелсіздігін жарияланған күннен бастап 25 қазан Республика күні болып тойланып келген еді.

Жұрт болып бұл күнде ортақ отанымыздың қадір қасиетін айқындап әлемге паш етіп, мерейлі мереке ретінде атап өтетін. Алайда бұл даталы күн мемлекеттік мерекелер тізімінен 2009 жылы алынып тасталған болатын. Дегенмен біршама уақыт өте бастаған соң болар қазақстандықтар да бұл күнді ұмыта бастағандай еді. Тәуелсіз сарапшылар жасаған мәлімет бойынша, жұрттың көбісі Республика күнін Тәуелсіздік күні мерекесімен шатыстырып алады екен. Ал шын мәнісінде 25 қазанның Республика күні болып атап өтілуі маңызды, әрі мұнда елдің бір тұтастығы үшін қастерлі тарихи мәлімет жатыр. Бұл күні яғни 1990 жылдың  25 қазанында Қазақ КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен «ҚазССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларациясы қабылданған болатын. Бұл тарихи күнде қабылданған Декларация жай ғана құжат емес, сан жылдар бойы азаттықты көксеген ел үшін маңызы жоғары құжат болып, тарих қойнауына енді. Декларация Қазақстанның болашақтағы азаттығының іргетасы болды. Осы Декларация қабылданған соң Қазақстанның егемендігін аңғартатын жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, мемлекеттік рәміздері мен халықаралық қатынастардағы елдің азат екендігі айқындалып бекітілген болатын. Аталмыш құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі қаланған еді. Осы сәттен бастап, Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастарда бодандықтан құтылған азат ел ретінде басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұрды. 1992 жылдан бері тойланған Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне тек 2001 жылы ғана енгізілген болатын. Алайда 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы заңға» өзгерту енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынған еді. Сол кезде 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлттық мереке болып өзгертілуіне орай 25 қазандағы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынған болатын.

Ендігі уақытта Республика күнін мемлекеттік мереке ретінде қайтадан тойлаудың реті келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мерекеге айналатынын атап өткен еді. Президент Қасым- Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнінің маңызына тоқталып, оны қайта тойлаудың қажеттілігін атап өтті.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық  батырларымызға тағзым ету күні ретінде атап өтілуі керек», деп атап өтті.

Осылайша, еліміздегі мемлекеттік мерекелер саны толықтырылады. Тәуелсіздік күні азаттық жолында күрескен, сол жолда құрбан болған батырларға тағзым етіп, соларды еске алу күні болып қалады. Дегенмен мемлекеттік мереке деген мәртебесі жойылмайды. Ал Азат ел үшін маңызды қадам жасалған 25 қазан ел есінде Республика күні болып қайтадан жаңғырады. Енді биылғы жылдан бастап 25 қазан Республика күні ретінде атаулы даталардың біріне айналып, мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болмақ. Мемлекет үшін маңызды қадам жасалған күн тарих қойнауында қалып қоймай, барша қазақстандықтар үшін құрмет тұтатын мемлекеттік тұрғыда маңызы бар мерекеге айналады.

Тегтер: