Республика күні қайта оралды
Қазақта «Өшкенің жанды, өлгенің тірілді» деген жақсы сөз бар. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік алған кезде, бүкіл қазақтың өшкені жанып, өлгені тірілген еді.
Егемендікпен бірге мемлекеттік рәміздер анықталды. 25 қазан Республика күні деп белгіленген-ді.
Алайда соңғы жылдары белгілі бір себептерге байланысты бұл күн мемлекеттік мереке қатарынан сызылып қойған-ды. Тарихи даталардың кейбірі атаусыз қалғанын жоққа шығармаймыз. Биыл Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізіп, 25 қазан Республика күнін қайтарған болатын.
Қ.Тоқаев Ұлытау төріндегі ұлттық құрылтайда: «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», – деп атап өтті.
Республика күнін қайтару, әрине, бұл үлкен мәнге ие. Бұл күн Қазақстанның мемлекет құру жолындағы ең алғашқы тарихи қадамы, сондықтан атаулы күн тәуелсіздіктің символы болуы керек! Бұл арада Тәуелсіздік күнінің мәні өзгере ме деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда Мемлекет басшысы бұл күннің бастапқы мәні сақталатыны туралы айтты. Ол: «Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді. Қайта оралған мерекенің қайыры болсын!