Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 07 Қараша 2024

Республика күніндегі есеп

1

Шымкент қаласында ұлттық мереке – Республика күніне орай биіктігі 100 метр болатын ту тұғыры орнатылды.

 Қаладағы ең биік ту тұғырының ашылу салтанатына қала халқы мен басшылары қатысып, мемлекеттік ту көтерілді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, салтанатты рәсімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары, атақты спортшылар, БАҚ өкілдері және қаладағы жастар қауымы қатысты.

Мегаполис басшысы қала тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Оның айтуынша, Tulip Hall кешенінің жанында орналасқан бірлік нышаны қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір таңғажайып орнына айналмақ.

Ал ту тұғырының көлемі – 30×15 метр. Үлкен туды қаланың әр нүктесінен көруге болады. Салтанатты шараға жиналған тұрғындар көкке көтерілген ту бірлік пен мақтаныш сезімін туғызып, баршаны бір ту астына жинайтындай әсер қалдыратынын айтты.

Шымкент қаласы – еліміздегі ең үлкен үш қаланың бірі. 2024-жылғы 1-қазандағы есеп бойынша, қала халқының саны 1 миллион 246 мың адамнан асқан. Олардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері бар. Демек, Республика күні қарасаңында ашылған алып ту тұғыры әр ұлт халқынан құралған қала тұрғындарын бірлікке үндейтін бірегей нысан болуы мүмкін.

Биыл қыркүйек айында Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» тақырыбында діни және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен семинар өткен. Сол жиналыста Шымкент қаласының дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев сөз алып, қала тұрғындары арасындағы береке-бірлік пен татулық жайлы айтқан.

«Қоғaмның ынтымaғы мeн бipлiгi, еліміздің өpкeндeyi үшiн жacaлынған істер көп. Қaзipгi тaңдa көпұлтты тәyeлciз Қaзaқ eлiнe дүниeжүзiндeгi көптeгeн eлдep қызығa қapayдa. Ceбeбi жүздeн acтaм ұлт пeн ұлыcтapдың бepeкe-бipлiгi мeн ынтымaғын жapacтыpa бiлгeн eл кeмдe-кeм. Елімізде 130-тан астам түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатыр, олардың тіліне, мәдениетіне, дініне қарамастан, бір тудың астында татулық, бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Зайырлы мемлекет бола тұра, өз дінін ұстанып, өзге дінді құрметтеуге еліміздің әр азаматы мүдделі десек артық айтпаймыз», – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ мегаполисте 100 метрлік ту тұғырын ашудан бөлек, Tulip hall ғимаратында Республика күніне арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Бұл да ұлттық мерекені ұлықтап, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлаған маңызды оқиға болды.

«Республика күні – елдік пен бостандықты, мемлекет бірлігі мен патриотизмді дәріптейтін ұлы мереке. Рухымызды қайта жаңғыртып, ұлттық мүддеміз бен тарихи бейнемізді биікке көтеру – біздің ұрпаққа жүктелген асыл борыш. Бұл күн – Қазақстан Республикасының негізі қаланған тарихи сәт ретінде аса қымбат. Ұлттық мерекеміздің маңызын жас ұрпаққа жеткізу, патриоттық сезімді күшейтіп, ел бірлігін сақтау – әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құттықтау сөзінде.

Ұлттық мерекеге орай еліміз тұрақты даму жолын жалғастыру үшін халқымыздың бірлігі мен тұрақтылығын сақтау өте маңызды екені айтылды. Қала әкімі ұлық мерекені Шымкент қаласы үлкен жетістіктермен қарсы алып отырғанын айтты. Оның айтуынша, мегаполисте экономиканы дамытып, халықтың тұрмыс өресін жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әкімнің есебіне сенсек, Шымкентте кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалып, инвестиция тарту көлемі жыл сайын артып келеді. 2024-жылы қалаға 928 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 28,1 пайыз жоғары нәтиже.

Сонымен қатар жоспар бойынша алдағы үш жылда қалаға 3,6 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылады. Соның арқасында мегаполисте жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыс іздеген тұрғындар үшін мүмкіндік артады. Қазір қалада 2028-жылға дейін жүзеге асатын 220 инвестициялық жоба дайын тұр. Осы жобалардың арқасында 29 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бұл өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де жақсарып келеді. Мысалы, биыл жыл басынан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,6 пайыз өскен. Ал қала бюджеті былтырғы жылмен салыстырғанда 122 миллиард теңге артып, 779 миллиард теңгеге жетіп отыр. Бұл соманың 50 пайызы әлеуметтік саланы қолдауға жұмсалып, халық атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін дер кезінде көреді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Шымкент қаласының 2024жылғы қаңтар мен маусым арасындағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1812102,6 млн теңге болды. 2023жылғы қаңтар мен маусым арасындағы көрсеткішпен салыстырғанда нақты жалпы өңірлік өнім 6,9 пайыз өсті.

Қуан Өмірхан

Тегтер: