Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:47, 16 Мамыр 2022

Республикалық референдумға қатысу – азаматтық борыш

None
None

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылдың 5 маусымында Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша бүкілхалықтық Референдум өткізуді белгіледі.

         Бұл Референдум — халық билігінің айқын үлгісі, әрбір қазақстандықтың өз азаматтық ұстанымын білдіру арқылы Жаңа Қазақстанды құруға тікелей үлес қосуының жарқын көрінісі. Мемлекет Басшысының Жаңа Қазақстанды, Екінші Республика құру идеясының Референдум өткізуден бастау алуы өте қуанышты жағдай әрі тарихи оқиға. Өйткені бұл 27 жылдан кейін өткізіліп отырған екінші Референдум. Бұған дейінгі Конституцияға өзгерістер Парламентте талқыланып, енгізіліп келген. Өткізілгелі отырған Референдумның тарихи мән-маңызы ол тұтастай ұлттың тағдырына қатысты мәселелерді халықтың талқысына шығару, оның мемлекеттік билікке тікелей қатысуын қамтамасыз ете отырып, демократия негіздерін орнықтыру болып табылады.

  Бүгінде облыста Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Референдум өткізу жөніндегі баршамыздың алдымызға қойып отырған міндетін жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Қоғамдық штаб құрылып, оған төрағалық ету маған жүктелді. Аталған қоғамдық штабқа үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары және  саяси партиялар («Аманат», «Ақжол», «Ауыл») өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас мамандар, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу  орындарының ректорлары, этно-мәдени бірлестіктердің және білім саласының өкілдері,  блогерлер  енгізілді. Барлығы 58 адам. 

         Осы орайда, облыстық қоғамдық штаб төрағасы ретінде Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы түсіндіріп өтуді жөн санап отырмын.

   Айта кетейін, Түркістан өңірінде 914 сайлау учаскесі, 1 млн 163 мың сайлаушы бар. Сайлаушыларға Конституциялық реформалар туралы түсіндіру Штаб жұмысының негізгі бағыты болып табылады.

 Қазіргі Ата Заңымызда 98 бап бар. Референдумда соның 33 бабына түзетулер енгізіледі. Бұл Конституцияның 3/1 бөлігі өзгереді деген сөз. Конституциялық реформа негізінен барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Бұл жөнінде Президент қазақстандықтарға арнаған Жолдауында: «Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар Президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді», — деген болатын.   Мемлекет басшысының айтуынша, Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың ықпалын арттырады.

         Сонымен қатар, халықтың ел басқару ісіне араласуы кеңейтіліп, азаматтардың құқын қорғау тетіктері күшейтілетін болады.  

         Нәтижесінде билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансы қалыптастырылып, мемлекет пен қоғамның арасында тиімді диалог орнатылады.

Осы тұста, суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тартып президенттік республика моделіне өту мақсатында келесі өзгерістерді енгізу, яғни Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттілігі кезеңінде саяси партияға мүше болмау, Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызмет атқаруға, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басшы болуға құқығын алып тастау, Тұңғыш Президенттің президенттік лауазымға шексіз ұсынылу құқығын алып тастау, Тұңғыш Президенттің өкілеттілігіне қатысты барлық норманы алып тастау,  Тұңғыш Президенттің өзгеріссіз қалған Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы деген мәртебесін алып тастау (Конституцияда «Елбасы» және «Тұңғыш Президент» термині жоқ), Президенттің облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері актілерінің күшін жою не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұру жөніндегі өкілеттіктерін алып тастау және Президенттің Сенаттың 15 депутатын емес, 10 депутатын тағайындау, ал оның 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындау, Президент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін өңір(қала) мәслихаттарының барлық депутаттарының келісімін ала отырып баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсыну арқылы) тағайындау, Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін қызметтен босату жөніндегі өкілеттігін алып тастау көзделуде.

Сондай-ақ, биліктің бірқатар өкілеттілігін қайта бөлу бойыншаПрезидент облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін өңір (қала) мәслихаттарының барлық депутаттарының келісімін ала отырып баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсыну арқылы) және Конституциялық Сот төрағасын, Жоғары Сот Кеңесі Төрағасын Президент Парламент Сенатының келісімі бойынша тағайындайды.

         «Мемлекеттік хатшы» институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып қайта құрылады, ол ішкі саясат мәселесі бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар береді.

         Ал, Парламенттің рөлі мен мәртебесіне тоқталсақ, Мәжіліс бұрын заң жобаларын қарайтын және мақұлдайтын болса, енді заңдарды қабылдайтын болады. Оның құрамы енді 107 депутаттан емес,                    98 депутаттан жасақталады.Қазақстан Халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы жойылады.

         Сенат бұрын заң қабылдаса, енді заңдарды мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

         Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі негізінде жасақталады: оның біріншісі, біртұтас жалпы ұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен, екіншісі бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

         Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылады. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Мәжілісте жылына екі рет есеп береді.

         Сайлаушылардың бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады.

         Президент Сенаттың 15 депутатын емес, 10 депутатын тағайындайды. Ал оның 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша тағайындалады.

         Конституциялық заңдар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында, кемінде екі оқылымда қабылданады.

         Халықтың өмірімен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады. Аталған заң жобалары қаралып жатқанда республика Үкіметі заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқылы.

Халықтың ел басқару ісіне араласуын кеңейту мақсатында  Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі.  Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады.

         Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңға конституциялық мәртебе және оған Конституциялық кепілдіктер беріледі. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы.

         Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған сот актісінің негізінде ғана мәжбүрлі еңбекке жол беріледі.

         Сондай-ақ, өлім жазасына тыйым салынады.

         Жалпы, бұл өзгерістер халықтың көп жылғы талап-тілектерінен туындап отырғаны анық. Өз кезегінде, бұл реформалар халқымызға мемлекетті басқару ісінде кең мүмкіндіктерге ие болуға жол ашып отыр.       Сондықтан еліміз үшін тағдыршешті шешімдер қабылданып жатқан шақта Мемлекет Басшысы баршамыздың алдымызға қойып отырған міндеттерді абыроймен атқарып, Жаңа Қазақстанымыздың, Екінші Республикамыздың негізін қалауға, Ата Заңымызға өзгерістер енгізу арқылы мемлекеттілігіміздің моделін кешенді трансформациялауға аянбай атсалысайық! Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!

Референдумға қолдау көрсету мақсатында құрылған Түркістан облыстық Қоғамдық штаб төрағасы,

облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев

Тегтер: