Reuters: АҚШ Иран зымырандарының тек үштен бірі жойылғанын растады
АҚШ барлау қызметтері Иранның зымыран арсеналы толық жойылмағанын мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, соғыс басталғалы бері Иран зымырандарының шамамен үштен бірі ғана жойылған.
Агенттік дерегіне сәйкес, тағы шамамен үштен бір бөлігіне қатысты жағдай анық емес. Олар зақымданған, жойылған немесе бомбалау салдарынан бункерлер мен туннельдердің астында қалған болуы мүмкін. Сонымен қатар АҚШ пен Израиль соққылары нәтижесінде Иранның дрондарының да үштен бір бөлігі жойылғаны айтылады.
Соған қарамастан, барлау бағалауынша, Тегеранның әлі де шабуыл жасауға жарамды айтарлықтай зымыран қоры сақталған. Қақтығыс аяқталған жағдайда, зақымданған немесе үйінді астында қалған кейбір зымырандарды қайта қалпына келтіруі мүмкін.
Бұған дейін Израиль әскери қолбасшылығы Иранда Израиль аумағына жете алатын шамамен 2500 баллистикалық зымыран болғанын мәлімдеген.
Ал Трамп АҚШ үкіметінің отырысында Иранда «өте аз зымыран қалды» деп мәлімдеп, олардың 99 пайызы жойылғанын айтқан. Оның сөзінше, тіпті 1 пайыздың өзі қауіпті, өйткені бір ғана зымыран миллиардтаған доллар тұратын кемеге соғылуы мүмкін.
Алайда Сет Моултон бұл мәлімдемені жоққа шығарып, Иран өз мүмкіндіктерінің бір бөлігін әдейі сақтап отырған болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, Тегеран барлық қаруын бірден қолданбай, күтпеген соққыға дайындалуы ықтимал.
Израиль әскері соғыс барысында зымыран ұшыру қондырғыларының шамамен 70 пайызы жойылғанын хабарлағанымен, қалған 30 пайызын жою қиын болатынын мойындады.