Reuters: АҚШ үкіметі USAID қызметкерлерін 97 пайызға қысқартады
![USAID жұмысшылары](/static/img/image.jpg)
Агенттіктің хабарлауынша, дүние жүзінде жұмыс істейтін 10 000 USAID қызметкерінің 294-і ғана жұмыста қалуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қызметкерлерін жаппай жұмыстан шығаруға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Reuters.
Агенттік өз дереккөздеріне сілтеме жасап, дүние жүзінде USAID-тің 10 000 қызметкерінің тек 294-і ғана жұмыста қалуы мүмкін екенін жазды. Атап айтқанда, агенттіктің Африкадағы кеңсесінде 12 қызметкер, ал Азияда сегіз қызметкер қалады. Дереккөз кейбір қызметкерлердің жұмыстан босатылғаны туралы хабарлама алғанын айтты.
USAID-тің бұрынғы басшысы (1993-1999) және Браун университетінің Уотсон институтының аға ғылыми қызметкері Джон Брайан Этвудтың айтуынша, жаппай жұмыстан босату бүкіл әлем бойынша ондаған миллион адамға көмектескен агенттіктің жойылуына әкеледі.
Бұған дейін АҚШ президенті жаңа үкіметтік тиімділік департаменті басшыларының бірі етіп тағайындаған бизнесмен Илон Маск USAID-ті сынаған болатын. Tesla және SpaceX бас директоры агенттікті қылмыстық ұйым деп атап, USAID-ті биологиялық қару жасауды қаржыландырды деп айыптады. АҚШ президенті Дональд Трамп та АҚШ халықаралық даму агенттігінің басшылығының отставкаға кететінін мәлімдеді.
USAID – басқа елдерге көмек көрсететін АҚШ үкіметінің тәуелсіз агенттігі. Агенттік директорының міндетін атқарушы болып Мемлекеттік хатшы Марко Рубио тағайындалды.