Reuters: Барлау Трампқа Курск облысындағы украин әскерлерінің қоршауға алынбағанын айтты

Соған қарамастан, АҚШ президенті Курск аймағындағы Украина сарбаздарын ресейлік әскерлер қоршап алғанын айтып жатыр.
Американың барлау агенттіктері, соның ішінде Орталық барлау басқармасы Ақ үйге Украина әскерлерінің соңғы күндері Курск аймағында шегінгенін, бірақ қоршауға алынбағанын хабарлады. Дегенмен, АҚШ президенті Дональд Трамп бұл мәселеге қатысты өз ұстанымынан қайтпай, УҚК-нің қоршауда қалғанын айтып жатыр, деп хабарлайды Reuters.
Украина қарулы күштерінің Курск облысындағы жағдайына қатысты барлау ақпараты өткен аптада Ақ үйге жіберілген.
14 наурызда Трамп «мыңдаған украин сарбазын» ресейлік әскер қоршап алғанын және олардың жағдайы өте нашар екенін хабарлады. Ол Ресей президенті Владимир Путинді «оларға аяушылық танытуға» шақырды. Өз кезегінде Путин Трамптың өтінішін орындауға дайын екенін білдірді.
Көп ұзамай Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы Курск облысындағы украин әскерлері «қоршауға алынды» деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
Алайда, 19 наурызда Трамп Fox News арнасына берген сұхбатында Курск облысындағы Украина әскерін ресейліктер қоршап алғанын қайталады.