Reuters: Германия Украинаға әскери көмекті екі есе азайтуды жоспарлап отыр
Германия 2025 жылы Украинаға әскери көмекті екі есе азайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі Германия үкіметі дайындаған бюджет жобасына сілтеме жасап жазады.
Германия үкіметі 2025 жылға арналған бюджетті бірнеше айға созылған пікірталастардан кейін 17 шілдеде бекітеді деп күтілуде.
5 шілдеде Германияның билеуші партиялары елдің 2025 жылға арналған федералды бюджеті туралы келісімге келгені хабарланды. Deutsche Welle жазғандай, әлеуметтік шығындарға қатысты келіспеушіліктер көп болды. Үкімет сондай-ақ салық түсімдерінің жетіспеушілігінен туындаған 10 миллиард еуролық «шығынды» қалай жабу туралы мәселені шешуге тырысты.
2024 жылдың ақпан айының басында ЕО елдері Украинаға 50 миллиард еуро көлемінде қаржылық көмек көрсетуге келісті. Еуропалық кеңес басшысы Чарльз Мишель бұл «Украинаны тұрақты, ұзақ мерзімді және болжамды қаржыландыруды» қамтамасыз ететінін атап өтті.
Германия канцлері Олаф Шольц Еуроодақ елдерін 2024 жылы Украинаға көбірек қолдау көрсетуге шақырды. Ол Украинаның АҚШ-тан кейінгі ең ірі доноры болып табылатын Германияның «қажет болғанша» әскери көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті. Бірақ жалғыз Германияның қосқан үлесі жеткіліксіз болатыны айтқан.