Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:35

Reuters Қазақстан мұнайын тиеуді күтіп тұрған танкерлерге жасалған дрон шабуылының егжей-тегжейін жариялады

1
Фото: ЖИ

Reuters агенттігі Қара теңізде қазақстандық мұнайды тиеуді күтіп тұрған танкерлерге жасалған дрон шабуылының егжей-тегжейін жариялады.

Reuters дерегінше, шабуыл кезінде кемелер Қазақстан мұнайын тиеуді күтіп тұрған.

Еске салайық, оқиға 13 қаңтарда Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалына жақын жерде болған.

Қандай танкерлер зардап шекті?

Агенттік мәліметінше, дрон шабуылы салдарынан Delta Harmony және Matilda танкерлері зақымданған.

Delta Harmony танкері Chevron компаниясы жалға алған кеме болған. Ол Теңіз кен орнынан өндірілген мұнайды тиеуі тиіс еді. Танкерге шамамен Гринвич уақытымен 05:12-де шабуыл жасалған. Бортта өрт шыққанымен, ол тез сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шекпеген, теңізге мұнай төгілмеген. Кеме апат аймағынан өз күшімен кеткен.

Matilda танкері грек компаниясы Thenamaris басқаруында болған және Қазмортрансфлот ( ҚазМұнайГаз еншілес кәсіпорны) арқылы жалға алынған. Ол Қарашығанақ кен орнынан жеткізілетін мұнайды тиеуге бара жатқан. Reuters мәліметінше, танкерге екі рет дрон тиген, бұл сәтте кеме КҚК терминалынан шамамен 48 шақырым қашықтықта тұрған. Палубалық құрылымдар зақымданғанымен, танкер аймақтан шығып кеткен. Шабуылды Thenamaris пен ҚазМұнайГаз растаған.

Төрт кеме шабуылға ұшыраған

Reuters дерегіне сәйкес, барлығы төрт кеме дрон шабуылына ұшыраған, алайда елеулі зақым тек екі танкерде ғана тіркелген. Оқиғадан кейін сақтандыру компаниялары Қара теңіз аймағындағы кемелер үшін сақтандыру тарифтерін екі есеге жуық көтерген.

Қазақстан үшін салдары

Бүгін Мәжіліс депутаты Айдос Сарым КҚК акционерлері қатарында Ресеймен бірге батыстық ірі компаниялар, соның ішінде Chevron бар екенін еске салды. Оның пікірінше, Украина АҚШ қолдауына айтарлықтай тәуелді болғандықтан, Вашингтон мен Қазақстанның өзге де серіктестері шабуылдар Қазақстан мұнайының экспорттық нысандарына әсер етпеуі үшін ықпал ете алар еді.

Бұған дейін Қазақстанда КҚК нысандарына жасалған соққыларды қолдаған жарияланымдарға байланысты алғашқы қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Тергеу алауыздықты қоздыру бабы бойынша жүргізіліп жатыр, құқық қорғау органдары мұндай мәлімдемелердің авторларын анықтауда.

Сондай-ақ 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан КҚК арқылы мұнай экспортының шамамен жартысын жоғалтқаны белгілі болды.