Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:48

Reuters: Трамп Мадуроға отставкаға кету үшін бір апта уақыт берген

Трамп пен Мадуро
Фото: minval.az

 Reuters агенттігі дереккөздерінің хабарлауынша, Венесуэла президенті Николас Мадуро биліктен кетуге тек өзі мен отбасы толық заңдық амнистия алған жағдайда ғана дайын екенін мәлімдеген.

Трамптың ультиматумы

2 желтоқсанда Reuters төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлағандай, АҚШ президенті Дональд Трамп 21 қарашада Мадуромен телефон арқылы сөйлесіп, оған бір апта ішінде отставкаға кетуді және елден кетуді ұсынған. АҚШ тарапы оған және оның отбасына қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын болған.

Әңгіме барысында Трамп Мадуро мен оның отбасының «өздері қалаған кез келген елге» баруына мүмкіндік берілетінін айтқан. Бірақ Мадуро бұл ұсынысты барлық санкциялардың алынып тасталуы және Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттағы ісінің тоқтатылуы жағдайында ғана қабылдайтынын жеткізген.

Reuters дереккөздері хабарлағандай, 15 минутқа созылған диалог кезінде Мадуро Трамптан адам құқықтарын бұзу, есірткі саудасы және жемқорлық айыптарымен санкцияға іліккен 100-ден астам венесуэлалық шенеунікке санкцияны алып тастауды сұраған. Алайда Трамп бұл талапты орындаудан бас тартқан.

1 желтоқсанда Дональд Трамп әңгіме болғанын растады, бірақ оның мазмұнын ашпады. The Wall Street Journal мәліметінше, Трамп Мадуро өз еркімен кетпесе, күш қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.

Трамп қойған ультиматум 28 қарашада аяқталды. Бір күннен кейін, 29 қарашада, Трамп Truth Social желісінде Венесуэла үстіндегі және оның айналасындағы әуе кеңістігін барлық рейстер үшін жабық деп жариялады. Бұл үндеу –авиакомпанияларға, ұшқыштарға, есірткі тасымалдаушыларға және адам контрабандасымен айналысатындарға арналғаны айтылды.

Каракастың СІМ бұл мәлімдемені халықаралық құқықты бұзу және Венесуэла егемендігіне қауіп төндіру деп атады.

АҚШ әскери күштерінің аймақтағы белсенділігі

2025 жылдың соңғы айларында АҚШ Кариб теңізіндегі әскери қатысуын айтарлықтай күшейтті. USS Gerald R. Ford әуе кемесі, кем дегенде сегіз әскери кеме, F-35 жойғыш ұшақтары аймаққа орналастырылды.

2025 жылдың күзінен бері АҚШ әскері Кариб теңізі мен Тынық мұхитының шығысындағы кемінде 20 кемеге әуе соққысын жасаған. АҚШ бұл кемелерді Венесуэла билігінің қолдауымен есірткі тасымалдады деп санайды. Шабуылдар нәтижесінде 80-нен астам адам қаза тапқан.

Каракас мұны Вашингтонның «режимді ауыстыру стратегиясының» бір бөлігі деп бағалайды.

АҚШ әкімшілігі Николас Мадуроны және жоғары лауазымды венесуэлалық шенеуніктерді Cártel de los Soles есірткі картелімен байланыста деп айыптап келеді және оның билігін легитимді деп мойындамайды. 2020 жылы АҚШ Мадуроны «наркотерроризм» үшін айыптап, оны  өлтірген адамға 15 млн доллар сыйақы тағайындады. 2025 жылдың қаңтарында бұл сома 25 млн долларға, тамызда 50 млн долларға дейін көтерілді.

Трамп 2025 жылдың қарашасында «Мадуроның билікте отыратын күндері санаулы» екенін мәлімдеген еді.