Reuters және The Insider: Трамптың Украинаға арналған бейбіт жоспары Кремль ұсыныстарының негізінде жасалған
Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспар, алғашында АҚШ әкімшілігі атынан ұсынылып, кейін Дональд Трамп мақұлдаған құжат, шын мәнінде Ресей президентінің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев жасаған құжатқа едәуір сүйенген.
Бұл туралы The Insider басылымы хабарлады. Басылым мәліметінше, олар бұл құжатпен бірнеше ай бұрын Кремльге жақын дереккөз арқылы танысқан.
Дмитриев жоспары нені қамтиды?
The Insider жазуына қарағанда, Дмитриев өз ұсыныстарын Трамптың 2025 жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралғанынан кейін көп ұзамай дайындаған. Құжатта:
-
АҚШ-тың Қырымды, Донецк пен Луганск облыстарын Ресей аймағы ретінде де-факто тануы;
-
Запорожье мен Херсон облыстарында соғыс біткен жерден шекара сызу;
-
Украинаның НАТО-ға кіруіне тыйым салу;
-
Батыс бітімгер күштерін Украина аумағына орналастырмау;
-
Ресейге салынған санкцияларды кезең-кезеңімен алып тастау
сияқты тармақтар қамтылған.
Дереккөздің айтуынша, Ресей жоспары АҚШ әкімшілігінің «бизнеске бағытталған» тәсілін ескере отырып, екі маңызды «мүмкіндік» қалдырған:
1. АҚШ-тың Ресей экономикасына инвестиция салу мүмкіндігі.
Соғыстан кейінгі Ресей «көп қаржы тапшылығына ұшырап, инвестицияға мұқтаж болады» деп болжанған. 28 тармақтың ішінде Батыстағы мұздатылған Ресей активтерінің бір бөлігін АҚШ–Ресей инвестициялық қорына бағыттау ұсынысы бар.
2. Ресейдің Қытайды «алмастыруға» дайын болуы.
Дереккөз: «Мен жеке өзім Қытайдың орнын АҚШ басуына дайын болар едім», – деген. Ресей элитасы батыс инвесторлары кеткеннен кейін Қытайдың экономикадағы ықпалы шамадан тыс өсіп бара жатқанын наразы бола бастаған.
Бұл тармақ кейін алынып тасталған, өйткені Мәскеу «стратегиялық ең маңызды одақтасы» – Қытаймен қарым-қатынасты үзу туралы ишара жасаудан да бас тартқан.
Уиткофф пен Кушнердің рөлі
The Wall Street Journal жазуы бойынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер алғашқы нұсқаны Таяу Шығыстан оралғанда, Израиль-ХАМАС келісімінен шабыт алып жазған. Кейін олар құжатты Дмитриевпен бірге жетілдірген.
Алайда The Insider бұл құжат жарамай қалғанын айтады:
«Олардың нұсқасы Дмитриев мәтінін сөзбе-сөз қайталайтын нақты тұжырымдарды қамтиды».
Bloomberg: Уиткофф Путинге қалай сөйлеу керегін Ушаковқа «үйреткен»
Bloomberg 25 қарашада Стивен Уиткофф пен Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков арасындағы телефон әңгімесінің стенограммасына қол жеткізгенін хабарлады.
Әңгімеде Уиткофф Путиннің Трамппен сөйлескенде қандай тон таңдауы керегін кеңес етеді:
«Мәселен, ол Трампқа былай десе тамаша болар еді: ‘Білесіз бе, Стив пен Юрий 20 тармақтан тұратын жоспарды талқылады, және бұл жағдайды алға жылжытуы мүмкін деп ойлаймыз».
17 қазанда Трамп пен Путин екі сағаттан аса телефонмен сөйлескені де мәлім болды.
Дмитриев жоспарын «АҚШ ұсынысы» ретінде көрсету схемасы
Bloomberg жариялаған тағы бір әңгімеде, 29 қазанда Дмитриев Ушаковпен жоспарды Вашингтонға «бейресми түрде» қалай жеткізу керек екенін талқылайды. Оның пікірінше, АҚШ тікелей Ресей нұсқасын емес, «соған барынша жақын» нұсқаны қабылдауы тиіс.
Reuters: Трамп жоспары Ресей құжатынан алынған
Reuters та 28 тармақтан тұратын «Трамп жоспары» АҚШ әкімшілігіне Ресей жіберген құжат негізінде жасалғанын дереккөз арқылы жазған. Бұл ақпарат Трамптың Зеленскиймен Вашингтондағы келіссөзі аяқталған соң белгілі болды. Сол кездегі кездесудің атмосферасы «тартысты» болғаны да хабарланған.
Агенттік дерегі бойынша, бастапқы нұсқада Киев қабылдамайтын тармақтар – әсіресе Украинаның шығыс аумақтарының бір бөлігін Ресейге беру туралы тұжырымдар бар болған.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Ресей ұсыныстарымен таныс басқа да жоғары лауазымды тұлғалар Киевтің бұл талаптарды ешқашан қабылдамайтынын алдын ала ескерткен.