Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:20, 25 Шілде 2024

Резервтегі әскерилердің дайындығы күшейтілді

әскерилер
Фото: из открытых источников

Өткен аптада Абай облысында резервтегі әскери міндеттілердің дайындық сабағы басталды. Семей қаласына мың жарым резервші жиналып, қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, қарулы күштердің бас штаб бастығы, генерал-лейтенант С.Камалетдинов арнайы қатысты.

 Әскерилер оқу-жаттығу полигонына Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, бұл жерде барлығы 41 әскери-есептік мамандық өкілдері өз білімдері мен дағдыларын жетілдіреді деп жоспарланған. Бір ай ішінде мотоатқыштар, танк, артиллерия, зениттік бөлімшелердің, жауынгерлік, тылдық және техникалық қамтамасыз ету мамандары, сондай-ақ жауынгерлік машиналардың механик-жүргізушілері де қайта даярлаудан өтеді. Осы орайда жауынгерлік дайындық пен көлік жүргізу сабақтары өткізілетін оқу орындары да тексеріліпті. Тағы далалық лагерьге барып, медициналық пункттің, шаруашылық жабдықтау пункттерінің, тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелерінің жарақтандырылуын және далалық моншалардың санитарлық-техникалық жай-күйі де бақылауда.

«Бүгінде біздің күш-жігеріміз аумақтық қорғаныс жүйесін дамытуға және нығайтуға бағытталған. Бұл қарулы күштердің жауынгерлік әлеуетіне де әсер етеді. Қарулы күрестің жаңа тәсілдері мен құралдары пайда болған жағдайда, аумақтық қорғаныс бригадаларының тіркелген құрамының білімін жаңарту және дағдыларын жетілдіру қажеттілігі туындайды», – дейді министрдің бірінші орынбасары С.Камалетдинов.

Аталған жалпы жиындар әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің деңгейін арттыруға, керек кезде Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды өрістету үшін қажетті әскери оқыту резервін дайындауға және запаста жинақтауға бағытталған. Естеріңізге сала кетейік, әскери міндеттілер үшін әскери жиындар кезінде жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Бұдан басқа, олар орташа айлық жалақыны мемлекет есебінен алады. Ал жұмыс істемейтіндерге ең төменгі жалақы – 85 мың теңге беріледі.

Тура осы секілді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында да командирлерге арналған нұсқаулық-әдістемелік сабақтар өткізіліп жатыр. Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бригада, батальон және рота командирлерінің қатысуымен нұсқаулық-әдістемелік сабақтар жүргізілуде. Далалық жағдайдағы оқулар арнайы ұйымдастырылған. Олар сегіз нүктеде өтеді. Бұл аталған жаттығулардан бөлек жеке құрамның жауынгерлік техникасы мен жатын бөлмесі, асхана, далалық медициналық пунктілер, тыл шаруашылығы, байланыс пункті және атыс позициясын бүркемелеу үлгілері де ұсынылуда. Соның арқасында оқу нүктелерінің басшылары әскери қызметшілерге жасырын бүркемелеудің қазіргі заманғы соғыстағы маңызын түсіндірген. Әрі тәжірибелі нұсқаушылар жауынгерлік позициялар мен техниканы бүркемелеу, көрші бөлімшелермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мысалдарын көрсеткен. Ал командирлерге бөлімшелерді авиациялық камералардан жасыру тәсілдері және ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған жағдайда жеке құрамды қорғау тәсілдері көрсетілді.

Балауса Ділдәбек

Тегтер: