Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:33

РФ арнайы қызметтері украиналық балаларды қалай террористке айналдырып жатыр?

1
Фото: ЖИ

Украинада жасөспірімдердің әскери нысандарға шабуыл жасады деген күдікпен ұсталған оқиғалары жиілеп кетті. Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) мәліметінше, балаларды ресейлік арнайы қызметтер (ФСБ мен ГРУ) жүйелі түрде осындай  іске тартып жатыр. 

Николаевтегі жарылыс және 17 жастағы Саша

2025 жылдың 14 ақпанында Николаев қаласының орталығындағы танымал кафенің жанында жарылыс болды. Оқиға салдарынан үш украиналық әскери қызметкер мен жарылғыш затты алып келген әйел көз жұмды. Тергеу нәтижесінде, бұл – арнайы дайындалған теракт екені анықталды. Әйел жарылғыш зат салынған сөмкені мекеме маңына қалдырған, ал бомба қашықтан басқару арқылы іске қосылған.

Келесі күні СБУ төрт жасөспірімді – 14, 15, 16 және 17 жастағы бозбалаларды ұстады. Олар жарылғыш затты дайындап, оны курьерге берген. Ең үлкені – 17 жастағы Александр (аты өзгертілген), DW тілшісіне берген сұхбатында ол кінәсін мойындап: «Қалай келіскенімді өзім де түсінбеймін», – дейді.

Жасөспірімдерді жалдау қалай жүзеге асады?

Саша Telegram арқылы оңай ақша табуға ұсыныс алған досының кеңесімен бұл іске кіріскен. Алдымен әскери ғимараттарды суретке түсірумен айналысқан. Кейін жарылғыш затты жасау туралы ұсыныс алған. Жасөспірімдерге жалпы 2000 доллар уәде етілген. Кураторлар – Роман мен Александр есімді белгісіз тұлғалар – Telegram арқылы байланысқан. Олар өзін көрсетпеген, тек дауыстық және бейнеқоңыраулармен нұсқау берген. Алғашқы әрекет сәтсіз болған соң, Саша Николаевқа барып, құрылғыны қайта жинаған.

Саша «не үшін екенін білмедім» десе де, тергеу оның серіктесінің жазбаларын тапқан. Онда жасөспірім теракт нәтижесінде 10 адамның өлгенін айтып мақтанады. Бұл факт жасалған әрекеттің саналы түрде болғанын көрсетеді.

DW тілшілері Telegram-да жасөспірім болып танысып, күмәнді жарнамалар арқылы екі куратормен байланысқа шықты. Екеуі де әскери автокөліктерді өртесе, 1000 доллар төлейтінін айтқан. Бір куратор жылы сөйлесе, екіншісі қысым жасап, «бәрін өртету» мақсатын ашық айтқан. Екеуі де өздерінің қай мемлекетке жұмыс істейтінін айтудан жалтарған.

СБУ бұл схемамен жұмыс істейтін ресейлік ФСБ және ГРУ қызметкерлерін анықтап жатқанын және кейбіреулеріне іздеу жарияланғанын хабарлады.

СБУ 2024 жылдан бастап мұндай диверсиялардың көбейіп кеткенін айтады. Басында бұл – әскери көліктер мен теміржол нысандарына шабуыл болған. Ал 2025 жылдан бастап нағыз терактілерге ұласты. Ивано-Франковск қаласында 17 жастағы жасөспірім жарылғыш затты дайындау кезінде көз жұмса, 15 жастағы серігі ауыр жараланған.

Тернополь облысында 14 жастағы қыз бала жарылғыш затпен полиция бөлімшесіне бармақ болған. Оны кураторлар жеке мәліметтермен қорқытып, жарылғыш зат жасауға мәжбүрлеген.

Кімдер қауіп тобында?

Ювеналды полиция бөлімінің бастығы Василий Богданның айтуынша, қауіп тобына бұрын құқықбұзушылық жасаған, тұрмысы төмен немесе ата-анасының бақылауынсыз қалған балалар кіреді. Дегенмен, вербовкаға кез келген бала ілігуі мүмкін. «Қарапайым тапсырма – романтика мен шытырманға ұқсап көрінуі мүмкін», – дейді ол.

Мектептер мен колледждерде профилактикалық дәрістер өтуде, алайда ата-аналар да балаларының өміріне назар аударып, олардың кенеттен ақша не бағалы заттарға ие болуын елемей қалмауы керек.

Николаевтегі терактіге қатысы бар балаларға 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Заң бойынша кәмелетке толмағандарға өмір бойы жаза тағайындалмайды. Жазаның жеңілдігі – өкініш білдіру мен тергеумен ынтымақтастық жағдайларында ғана мүмкін. Алайда бұл іс бойынша үш әскери қызметкердің қаза табуы – ауырлататын фактор.

Сонымен қатар, кей жағдайларда ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін. Қамқоршылық органдары отбасы жағдайын зерттеп, баланың неге қылмыс жолына түскенін анықтауы тиіс.

Саша қазір СИЗО-да үкімді күтуде. «Ең ауыр жазаға дайындалып жүрмін», – дейді ол. Сұхбатқа келісу себебін: «Басқалар мұндай істен аулақ болсын деп», – деп түсіндірген.

Тегтер: