РФ әскері Покровск маңында Украина қорғанысын бұзды деген хабар тарады

Кейінгі күндері Украинадағы бірнеше дереккөз Ресей қарулы күштері Донецк облысының Покровск ауданы, Доброполье қаласы маңында, Краматорск пен Славянск бағытында Украина қорғанысын бұзып өткені жайлы хабар таратты. Бұл деректерді тәуелсіз көздер әзірге растаған жоқ, сондай-ақ интернетте мұндай ілгерілеуді дәлелдейтін бейнематериалдар да жарияланбады.
OSINT талдаушыларының бағалауы
Украина қорғаныс министрлігіне жақын DeepState OSINT жобасы 11 тамызда мынадай мәлімет берді:
-
РФ әскері Покровскінің солтүстігінде 8–10 шақырымға алға жылжып, Кучеров Яр және Золотой Колодец ауылдарына жеткен;
-
Кучеров Ярдан солтүстікке қарай Веселое ауылына өткен, 11 тамыздағы дерек бойынша, мұнда шамамен 20 ресейлік әскери болған;
-
Сондай-ақ Ресей армиясы Доброполье – Краматорск тасжолы бойындағы Нововодяное және Петровка ауылдарында бекінуге тырысып жатыр.

DeepState талдаушыларының айтуынша, ресейлік бөлімшелер әлсіз нүктелерді тексеріп, келесі қимылға дайындық жасап жатыр. Егер РФ әскері Золотой Колодец, Кучеров Яр, Веселое және маңындағы елді мекендерді толық басып алса, Украина «Покровскіден бұрын Добропольенің құлауы» қаупіне тап болуы мүмкін.
Финляндиялық Black Bird Group жобасының сарапшысы Паси Паройнен де 9–11 тамыз аралығында ресейліктердің 17 шақырымға дейін алға жылжығанын, тіпті Т0514 Доброполье – Краматорск жолына және Доброполье шетіне жеткенін хабарлады.
Украина тарабы не дейді?
Украин Қарулы күштерінің «Днепр» жедел тобы РФ армиясының сандық басымдығын пайдаланып, шағын топтарға бөлініп, бірінші қорғаныс шебінен өтуге тырысқанын мәлімдеді. Дегенмен украин әскери басшылығы ресейліктердің аумақты толық бақылауда ұстамайтынын айтады.
12 тамызда «Украинская правда» полкі «Азов» жауынгерлерінің бірнеше күн бұрын Доброполье маңында қорғаныс шебін ұстап тұрғанын жазды. «Азов» штабының бұрынғы басшысы Богдан Кротевич президент Владимир Зеленскийге ашық үндеу жасап, Покровск-Константиновка бағытындағы ахуалдың күннен күнге нашарлап жатқанын, Покровск пен Мирноградтың дерлік қоршауда қалғанын, Константиновка да қоршау алдында тұрғанын ескертті.
Украина Бас штабы 12 тамыздағы мәлімдемесінде Покровск бағытына 110 мыңнан астам ресейлік әскери топталғанын, бірақ қорғаныс күштері шабуылдарды тойтару үшін барлық қажетті шараны қолданып жатқанын хабарлады.
Ресейдегі пікірлер
Ресейдегі бірқатар Z-арналар Доброполье аумағына РФ диверсиялық топтары кіргенін жазды. Дегенмен Рыбарь сияқты әскери арналары нақты кадрларсыз «ірі жетістік» туралы айтуға ерте екенін айтады.
Кремльдің бұрынғы кеңесшісі Сергей Марковтың ойынша, ресейлік әскер Украина қорғанысындағы жеке құрам жетіспеушілігі мен басқару қателіктерін пайдаланып, шепті бұзған. Ол мұны «Путин мен Трамптың алдағы келіссөзіне арналған саяси сый» деп атады.
Айта кетейік, 15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Аляскада кездесіп, соғысты тоқтату мәселесін талқыламақ. БАҚ дерегінше, Путин Донецк облысының өз бақылауында қалған бөлігін де Ресейге беруді талап етпек, ал Херсон мен Запорожье облыстарының оккупацияланған аумақтарын қайтаруға ниетті емес. Украина президенті Владимир Зеленский мұндай аумақтық ымыраға қарсы екенін ашық мәлімдеген.