РФ шабуылы салдарынан Днепрде өрт шығып, бірнеше бейбіт тұрғын зардап шекті

Ресей Қарулы күштері Украинадағы Днепр қаласына зымыранмен соққы жасады.
Жергілікті уақытпен кешкі сағат 21:00-де жарияланған ресми мәліметке сәйкес, шабуылдан кем дегенде сегіз адам жараланып, бір адам қаза тапқан. Жарылыстан кейін қалада ауқымды өрт шыққан.
Алғашқы хабарламалар түстен кейінгі сағат 16:00 шамасында жергілікті Telegram арналарына тарады. Куәгерлер Днепрдің өндірістік ауданынан шыққан қара түтінді түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеді. Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак бұл ақпаратты растап, соққының бейбіт мақсаттағы нысанға тигенін мәлімдеді.
Кейінірек Днепр мэрі Борис Филатов шабуыл салдарынан «салфеткалар мен жөргектер сақталған қойма» жойылғанын айтты.
«Сондықтан үлкен өрт шықты. Бұл жерде ешқандай НАТО офицері де, жалдамалы әскер де болмаған. Мен қойма иесімен жеке сөйлестім», – деп жазды ол өзінің Telegram парақшасында.
Аталған қойма украиналық "Биосфера" корпорациясына тиесілі болған. Компания басшысы Андрей Здесенконың айтуынша, соққыдан кейін зауыттың жөргек, ылғалды майлық, шай, фольга мен пергамент шығаратын бірқатар қоймалары жойылған.
Сол күні Никополь ауданы да артиллериялық шабуылға ұшырады. Лысактың дерегінше, бұл аудандағы шабуыл салдарынан 13 адам жараланған. Сондай-ақ бірнеше тұрғын үй, дүкен, шаруашылық құрылыстар және үш кәсіпорын зақымданған.
Осы оқиғаларға орай Украина президенті Владимир Зеленский мәлімдеме жасап, Батыс елдерін Ресейге қарсы қысымды күшейтуге шақырды.
«Ресей дипломатияны елемей отыр. Ол әлемдік байланыстарды тек өз пайдасы үшін пайдаланып келеді. Бұл соғысты тоқтату емес, ұтып шығу жолы», – деді ол.
Зеленский Украина тарапынан АҚШ-пен әскери ынтымақтастықты күшейтуге дайын екенін мәлімдеп, бұл әрекеттердің сирек кездесетін пайдалы қазбалар жөніндегі келісімдермен байланысты екенін де атап өтті.
Осы күні Ресей армиясы Украина бойынша бірқатар басқа аймақтарға да соққы жасады. Житомир маңында дрон шабуылының салдарынан көпқабатты үй қирап, бір адам қаза тапты. Киев қаласында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеді, «шахед» дрондары анықталды. Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы ресми ақпарат жоқ. Алайда бұл – соңғы тәулікте ел астанасына жасалған екінші шабуыл.
Украинадағы ахуал күннен күнге ушығып барады. Ресей тарапынан бейбіт инфрақұрылым мен тұрғындарға бағытталған соққылар жалғасып келеді.