Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:27

РФ Таланкиннің фильмі бойынша “Оскар” ұйымдастыру комитетіне шағым жасады

Таланкин
Фото: AP

Ресей президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес Қарабаштағы мектеп мұғалімі түсірген және “Оскар” сыйлығын алған “Ешкім мырза  Путинге қарсы” (Mr. Nobody against Putin) деректі фильмін жасау және тарату барысында балалардың құқықтары бұзылды деп есептеп, “Оскар” ұйымдастыру комитетіне және ЮНЕСКО-ға шағым жолдады.

Кеңес бұл туралы 18 наурыз, сәрсенбі күні Telegram арқылы хабарлады. Мәлім болғандай, тиісті хаттар “Оскар” комитетіне және ЮНЕСКО-ның бас директоры Халид әл-Ананиге жіберілген.

Кеңестің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комиссиясының мәлімдеуінше, фильмде қолданылған видеоматериалдар Ресейдегі білім беру мекемесінде оның қызметкері тарапынан “оқу процесі аясында пайдалану үшін” түсірілген. Бұл видеоларда балалардың бейнелері бар.

Құжатта айтылғандай, кейін бұл материалдар үшінші тұлғаларға коммерциялық мақсатта беріліп, халықаралық деңгейде кеңінен таратылған.

Таланкин
Фото: ашық дереккөз

Кеңестің мәлімдеуінше, видеоматериалдар балалардың ата-аналарының келісімінсіз қолданылған және “оқу ортасында бастапқыда түсірілген мұндай материалдарды пайдаланудың шектеулі сипаты ескерілмеген”.

Шағым авторлары мұндай әрекеттер БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын, сондай-ақ “кәмелетке толмағандардың бейнесі бар материалдарға этикалық тұрғыда қараудың жалпыға ортақ қағидаларын” бұзады деп санайды.

Сонымен қатар, кеңес мүшелері фильмге қатысқан балалардың ата-аналары мен заңды өкілдері Ресейдің уәкілетті органдарына да жүгінгенін атап өтті.

Олар “Оскар” ұйымдастыру комитеті мен ЮНЕСКО-ны фильмді жасау және тарату кезінде балалар құқықтарының сақталған-сақталмағанын тексеруге шақырды.

Егер заңбұзушылықтар анықталса, кеңес пікірінше, “аталған туындының академия марапаттарын беру кезінде қолданылатын этикалық және құқықтық стандарттарға қаншалықты сәйкес келетіні” қарастырылуы тиіс.

Мәлімдемеде:
“Балалар құқықтарын қорғау – халықаралық құқық мойындаған жалпыадамзаттық құндылық және ол саяси немесе өзге жағдайларға тәуелді болмауы тиіс”, – делінген.

Ресей мектептеріндегі әскери үгіт-насихат туралы баяндайтын бұл деректі фильмнің авторларының бірі – бұрынғы мектеп мұғалімі Павел Таланкин.

1

Фильм негізіне ол 2022 жылдың ақпанынан бері, Ресейдің Украинаға кең ауқымды басқыншылығы басталғаннан кейін, Челябі облысы Қарабаш қаласындағы мектептердің бірінде түсірген видеолар алынған.

Таланкиннің міндетіне сапқа тұрғызу рәсімдері, түрлі байқаулар мен ашық сабақтарды түсіру кірген.

2024 жылдың жазында Таланкин екі жыл бойы жинаған материалдарымен елден кетіп, кейін бұл фильмді америкалық режиссер Дэвид Боренштейнмен бірге монтаждаған.

15 наурыз күні картина Америка киноакадемиясының “ең үздік деректі фильм” номинациясы бойынша “Оскар” сыйлығын жеңіп алды.

Таланкин Лос-Анджелестегі марапаттау рәсімінде былай деді:
“Төрт жылдан бері біз аспанға қарап, бір арманды тілеп келеміз. Бірақ кей елдерде аспаннан жұлдыз емес, бомбалар түсіп, дрондар ұшып келеді. Болашағымыз үшін, балалар үшін барлық соғысты тоқтатайық. Қазір.”

Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары бұл марапат туралы хабар таратпаған.