Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Рыбакина, Бублик, Шевченко сияқтыларға Ресейге кіруіне тыйым салынуы мүмкін

Михаил Дегтярев
Фото: ашық дереккөз

Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев VK Видео платформасындағы «Центральный канал» бағдарламасында халықаралық жарыстарға қатысу үшін спорттық азаматтығын ауыстырған спортшылар туралы қатаң пікір білдірді

Оның айтуынша, мұндай әрекеттерді «сатқындық» деп бағалау керек.

 «Егер ресейлік спортшы халықаралық жарыстарға қатысу үшін азаматтығынан бас тартса, онда оған елге кіруге тыйым салып, барлық атақтарынан айыру қажет. Себебі мұндай әрекет – нағыз сатқындық», – деді министр.

Дегтярев азаматтығын ауыстырған спортшыларға қатысты шараларды қатаңдатуды көздейтін бұйрыққа қол қойғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бір шахматшы гроссмейстер атағынан айырылған.

«Біз оларды осында тәрбиелейміз, жаттықтырушылармен, спорт базаларымен қамтамасыз етеміз, ал олар төлқұжатын тастап, кетіп қалады. Барлық атақтарынан айырып, елге кіруіне және біздің спорт нысандарын пайдалануына тыйым салу керек. Біз соған келеміз», – деді ол.

Қазақстандық спортшыларға қатысты

Егер мұндай шектеулер енгізілсе, бұл Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген, бірақ Ресейде дүниеге келген бірқатар танымал теннисшілерге әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда:

Елена Рыбакина (Мәскеуде туған),

Александр Бублик (Гатчина қаласының тумасы),

Анна Данилина (Мәскеуде туған),

Александр Шевченко (Түрікменстанда туған, кейін Мәскеуге көшкен).

Сонымен қатар, Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Ресейдің бұрынғы азаматтары да бар:

мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина,

конькимен жүгірушілер Елизавета Голубева мен Кристина Силаева,

тау шаңғышысы Александра Скороходова.

Олардың барлығы әр жылдары спорттық азаматтығын өзгертіп, халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғап жүр.