Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:53, 26 Шілде 2024

Рыбакина олимпиадаға қатыспайды. Неге?

Рыбакина
Фото: из открытых источников

Қазақстандық жанкүйерлер Париж олимпиадасының ашылу салтанатына бір күн қалғанда аса орайсыз жаңалықтан есеңгіреп қалды: теннисші Елена Рыбакина олимпиадаға қатыса алмайтын болды. Өкінішке қарай отандасымыз тыныс жолдарының қатты қабынуына байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болыпты.

«Уимблдон турнирінен кейін мен ауыр бронхитпен ауырып қалдым. Жаттығуды қайта бастағым келгенмен, ағзам толық қалпына келіп үлгерген жоқ. Дәрігерлер менің кортқа шығуыма үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Сіздердің сенімдеріңізді ақтап, ұлттық құрама сапында Париждегі олимпиадаға қатыса алмайтыныма қатты өкінемін. Мен Токиода жүлдеге мейлінше жақын болып едім. Париж ойындарына қатты дайындалып, Қазақстан үшін алтын жүлде алуға барымды салғым келді. Өкінішке қарай сырқат бұл жоспардың орындалуына мүмкіндік бермеді» деп себебін айтты Еленаның өзі.

Шындығында, отандық мамандар да, жанкүйерлер де Рыбакинаны Париж олимпиадасының чепиондығынан үміткердің бірі деп санаған еді. Оның үстіне Парижде әлемдік рейтингте топ-20 қатарына кіретін Арина Соболенко (3-орын), Дарья Касаткина (12), Людмила Самсонова (13), Медисон Киз (14), Онс Жабер (16), Анна Калинская (17), Маркета Вондроушова (18), Виктория Азаренко (20) сияқты теннисшілер де өнер көрсетпейтіні күнібұрын белгілі болды. Негізгі қарсыластардың басым бөлігі жоқ турнирде біздің теннисші оза шабатындай көрінген.

Азиада: алтынның елесі

Әрине, Еленаның бұл қадамы жанкүйерлердің әркелкі реакциясын оятты. Оны жерден алып, жерге салғандар да, «енді құрама есігін ашпасын» деп шорт кескендер де болды.

Бұл Рыбакинаның шешуші сәттердегі бірінші бас тартуы емес. Өткен жылдан бері ол құрама сапындағы бірнеше турнирде төбе көрсеткен жоқ.

Алдымен Елена 2023 жылдың 23 қыркүйегі мен 8 қазаны аралығында өткен Азия ойындарына қатыспады. Ол кезде ненің себеп болғаны ашып көрсетілмеді, бірақ аздап сырқаттанып қалғаны айтылды. Шындығын айту керек, отандасымыз 2 қыркүйекте US Open турнирінің ІІІ айналымында румыниялық Сорана Кырстяға жол берген соң (3:6, 7:6, 4:6), одан кейінгі Гвадалахара, Токио турнирлерінен де бас тартып, кортқа қазан айының басында бір-ақ оралды. Яғни дәл Азиада өтіп жатқан кезеңде ешбір турнирде өнер көрсеткен жоқ. Бірақ 2 қазанда Бейжіңде басталған WTA1000 турнирінің алғашқы айналымында Азиада чемпионы Чжан Цинвенді өте сенімді (6:1, 6:2) жеңді. Иә, мықты теннисшінің жарыс жолына тез оралғаны жақсы-ақ, дегенмен Азиадада Қазақстанның алтын жүлделерге өте зәру болғаны да рас қой. Мәртебелі турнирдің жеңімпазын осылай жеңген болса, Рыбакина Азия ойындарын бір қолымен-ақ ұтып алуға мүмкіндігі жоқ деп кім айтар? Оның үстіне сол Бейжің турнирінде Елена жартылай финалға жетіп қана тоқтады.

Билли Джин Кинг турнирі: онда да жоқ

Өткен жылы күзде, яғни біз атап өткен Бейжің бәсекесінен кейін Қазақстан құрамасы әйелдер арасындағы аса мәртебелі Билли Джин Кинг (әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты) турниріне қатысатын құрамды жариялады. Рыбакина сол тізімнен ойып тұрып орын алды. Бірақ тағы да кортқа шыққан жоқ. Ол бұл жарысқа Канкун (Мексика) қаласынан, әйелдер арасындағы қорытынды турнирден бірден ұшып келді. WTA-дің жылды қорытындылайтын сынында Рыбакина үш қарсыласының екеуінен жеңіліп, топтан шыға алмаған еді.

Ал Билли Джин Кинг турнирінің топтық турнирінде Қазақстан алдымен – Австралия, содан кейін Словениямен кездесті. Жеке сында ел намысын Юлия Путинцева мен Анна Данилина қорғады. Рыбакинаның келіп тұрып қатыса алмаған себебін ресми ақпарат «өзін нашар сезінді» деп көрсетті.

Әрине, аса ауыр маусым соңында Еленаның денсаулығы сыр бергені аса таңғаларлық жайт емес. Бірақ тура құрама ойындарында оның жоқ болатыны жанкүйер сезігін сан саққа жүгіртетіні де түсінікті.

Іріктеу: олимпиада үшін құрбандық па?

Биылғы 12-13 сәуірде Қазақстан құрамасы Токиода Жапония құрамасымен Билли Джин Кинг кубогының топтық турниріне берілетін жолдамаға таласты. Онда да тізімде Рыбакина болған жоқ.

«Өкінішке қарай Токиода Елена ойнамайды. Биыл Парижде Жазғы олимпиялық ойындар өтеді. Төртжылдықтың басты жарысына мақсатты дайындық барысына нұқсан келтірмеу үшін ол жапон қыздарына қарсы ойнамайды. Рыбакина олимпиадаға денсаулығы мықты, бабы келісті болып келуге тиіс. Елена үшін биыл олимпиадаға қатысу басым мақсат саналады» деп түсінрді сол кезде команда капитаны Юрий Щукин.

Нәтижеде Рыбакина іріктеуде де болған жоқ, олимпиадада да ойнамайды.

Сонда өткен жылдан бері Рыбакина Қазақстан құрамасы қатысқан аса маңызды үш турнирде бой көрсетпепті. Денсаулығы сыр бергені де рас, олимпиадаға дайындық циклін сақтағаны да рас, бірақ барлық қиындық, барлық сырқат тура ел атынан сынға түсетін кезде қаптайтыны қалай? Жанкүйерлердің де білгісі келетін мәселесі осы.

Биыл қанша жарыстан бас тартты?

Жыл басынан бері Рыбакина 20 турнирге тіркелді, соның үшеуіне қатыса алмады. Көктемде Индиан-Уэллс (06-17 наурыз) турниріне қатыспау себебі де денсаулығына байланысты болған еді. Одан кейін Рим (07-18 мамыр) және Истбурн (14-29 маусым) турнирлерінде де қатысушылар тізімінде болғанмен, кортта төбе көрсетпеді. Истбурн турнирі алдында Елена Берлиндегі WTA500 сынының ІІ айналымында В.Азаренкомен ойнап жатып, өзін нашар сезінгендіктен жарысты бірінші сетте тоқтатуға мәжбүр болды. Содан кейінгі Уимблдон жарысында отандасымыз жартылай финалға жетіп, болашақ жеңімпаз Барбора Крейчиковаға жол берді (6:3, 3:6, 4:6).

Одан кейінгі жарысы Париж олимпиадасы болуға тиіс еді. Бірақ тағы да сырқаттанып отыр. Осылайша жыл басынан бері Рыбакина төртінші жарысқа денсаулығының сыр беруі себебінен қатыса алмайды.

«Олимпиада – спорттағы ең маңызды оқиғаның бірі. Тіпті ең маңызды деуге де болады. Әлемнің үздік ойыншылары әрқашан олимпиаданы бірінші таңдайды. Оларға сыйақы немесе ұпай деген маңызды емес. Бірнеше жыл бұрын ешқандай ұпай таратылмайтынын біліп тұрып, мықты ойыншылардың барлығы Уимблдон турниріне қатысты. Бұл – ақшаның емес, беделдің мәселесі» деп қорыттын жақында германиялық Александр Зверев.

Өкініштісі сол, ел атынан қатысатын беделді сын келген сайын Рыбакинаның денсаулығынан кінәрат шығып қалады. Қасақана емес екенін де түсінеміз, бірақ үкілеп жүрген үмітіміздің желге ұшқаны жаман.

Рыбакина бұл сырқатынан айығып алып, күзде Америка құрлығында өтетін бірнеше ірі турнирлерге қатымсатын шығар. Әрине, жеңісіне тілеулеспіз. Ең алдымен денсаулық қымбат.

Париж олимпидасының алғашқы айналымында Рыбакина бельгиялық Жаклин Кристианмен кездесуге тиіс еді. Енді оның орнын австралиялық Дарья Севилл басады. Ал миксттегі Рыбакина/Бубликтің орнына аргентиналық Надия Подороска мен Максимо Гонсалес өнер көрсетеді.

Естен Байби