Риддер қаласының бұрынғы әкімі жеті жылға сотталды
Риддер қаласының экс-әкімі Дәулет Батырбаевқа қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Оны ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Сот қандай шешім қабылдады?
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, Өскемен қаласында өткен сотта Дәулет Батырбаев пен оның сыбайластары Халитов және Папышевке қатысты үкім шығарылды. Үшеуіне де 7 жыл түрме жазасы тағайындалып, азаматтық талап қанағаттандырылды. Сондай-ақ сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдады. Үкім заңды күшіне енді.
Қылмыстық іс қозғалған кезде Дәулет Батырбаев «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-ның басшысы болған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол және сыбайластары бюджет қаражатын жымқыру, қылмыстық табысты заңдастыру және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу фактілері бойынша айыпталған.
Тергеу мәліметінше, айыпталушылар Өскемен мен Семей қалаларындағы көше жарығын жаңғырту жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен жабдықтардың құнын 320 млн теңгеге негізсіз көтерген. 2019 жылдан бастап бұл қалаларда мемлекеттік бағдарлама бойынша ескі шамдар заманауи жарықдиодты шамдарға ауыстырылған. Тергеу нұсқасына сай, дәл осы жобаны Батырбаев пен серіктестері жеке пайдасына пайдаланған.
ҚМА түсіндіруінше, қылмыстық табысты жасыру мақсатында экс-шенеунік сенімді тұлғаның атына ЖШС тіркеп, оны жалған келісімшарттар арқылы қосалқы мердігер ретінде пайдаланып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Дәулет Батырбаев кім?
Дәулет Батырбаев Семей қаласының тумасы. Мемлекеттік қызметке 2009 жылы келіп, Өскемен қаласы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінде бас маман болып жұмыс істеген. Кейін Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.
2023 жылғы тамызда ол қызметтік жолындағы ең жоғары лауазымға – Риддер қаласының әкімі болып тағайындалды. Алайда бұл қызметте бар болғаны сегіз ай ғана отырды. 2024 жылдың сәуір айының соңында «отбасылық жағдайларға байланысты» қызметтен кеткенін мәлімдеді. Кейін өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығын басқарды. Дәл осы қызметінде жүргенде қылмыстық іске ілікті.
Айта кетейік, Ақтөбеде бұрынғы шенеунікке қатысты сот басталды. Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімін 2021-2022 жылдары басқарған Жандос Әлімовке «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды» деген айып тағылып отыр.