Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:20

Риддердегі ЖЭО жөндеу жұмыстарына тағы 1,7 млрд теңге бөлінді

ТЭЦ
Фото: ашық дерек

Қазақстан Үкіметі Риддер қаласындағы жылу электр орталығын (ЖЭО) жөндеуге қосымша 1,7 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған қаржы Үкімет резервінен бөлінді. Жалпы кейінгі екі жыл ішінде Риддер ЖЭО-ны қалпына келтіруге Үкімет пен облыстық бюджеттен жалпы 15,5 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.

Үкіметтің мәліметінше, осы уақыт аралығында станциядағы қазандықтар мен турбиналарда ауқымды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ЖЭО-ның тозу деңгейі 75 пайыздан 46 пайызға дейін төмендеген.

Сондай-ақ, жылу желілерінің 21,3 шақырымы жөнделіп, осы желілердің тозу көрсеткіші 82 пайыздан 67 пайызға дейін қысқарған.

Риддердегі ЖЭО – еліміздегі ең күрделі және жиі апат болатын нысандардың бірі ретінде танылған. Кейінгі жылдары бұл станцияда жылу маусымында бірнеше мәрте техникалық ақаулар тіркеліп, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған болатын.

Бүгінде Үкімет станцияның жұмысын толық қалыпқа келтіріп, өңір тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

Тегтер: