Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Рымбала Смайлова, М.Хасеннің жары: Анасын «анам» деп атай алмай кеткені Маралдың жанына бататын

РЫМБАЛА СМАИЛОВА
Фото: Александра МАРЧЕНКО

Әдеби аударма – аса күрделі жұмыс. Түпнұсқаның бар болмысын сақтай отырып, оны ұлттық наным-түсінікпен қабыстырып тәржімелеу тіпті қиын шаруа. Осындай мехнатты жұмысты өмір бойы өзіне серік еткен қаламгерлердің бірі – Марал Хасен.

 Ол кісі сонау Қарағанды қаласында отырып-ақ ұлттық аудармаға үлкен үлес қосты, әсіресе Нобель сыйлығының иегерлерін ана тілінде сөйлетуде айтарлықтай еңбектенді. Біз бүгін қаламгердің жары Рымбала Смайловамен М.Хасеннің өмірі, тағдыры, шығармашылығы туралы сұхбаттастық.

– Рымбала апа, сіз көрнекті журналист, аудармашы Марал Хасен ағамыздың жарысыз, өзіңіз де шығармашылықпен айналысасыз. Әңгімемізді алғашқы таныстықтарыңыздан бастайықшы.

– Мен 1961 жылы Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түстім. Біздің физика-математика факультетімізде физика-химия пәндерінің мұғалімдерін дайындайтын сол жылы ғана ашылған мамандық тобы болды. Марал да сол факультетке, бірақ басқа мамандық бойынша түсіп, оқып жүрген.

Факультетіміздегі студенттердің жалпы саны 100-ден сәл артықтау еді. Кейде бәрімізге ортақ дәрістер үлкен аудиторияда бірге өтетін. Сондай кезде Маралды көріп қалып жүрдім. Себебі оның бәденді жүзіндегі «канатка» мәнерінде қойылған бұйра шашы маңдайына жарасымды түсіп, үстіндегі ақшыл плащы ширақ қимылымен желпілдеп көзге ілінетін. Бірақ ол көп кешікпей елдің қолы жете бермейтін оқуды тастап кетіп қалды. Себебі Алтын медальмен мектеп бітіріп, Мәскеудің Бауман атындағы техникалық училищесіне түсуді армандаған оны қос шешесі жібермей қалып, мына оқу орнына көңілі толмаған екен.

Мен қазақ мектебін бітіргендіктен қазақ бөлімінде оқыдым, жақсы оқығандықтан келешекте аспирантураға түсу жоспарым болды да, ІІІ курста орыс бөліміне ауыстым. Себебі қазақ тобында шет тілінің орнына орыс тілін оқитынбыз. Ал аспирантураға түсу үшін шет тілінен емтихан тапсыру керек болатын. Осы орыс тобында Қарлығаш Сатова деген жаңаарқалық қызбен достасып кеттім. Екеуміз жазғы практикада Бидайық деген елді мекеннің жанындағы пионерлер лагеріне тағлымдамадан өтуге бардық. Сол жерге тілші ретінде келген, «Жаңаарқа» газетінде қызмет істейтін Маралды тағы көрдім. Ал Маралдың Қарлығашқа құдалық ілік-шатыстығы бар екен. Мен Қарлығашпен бірге үйіне қонаққа барып жүргенімде ол мені Маралмен таныстырды. Ол Құдайдан бір сұрап, адамнан бір сұрап алған жалғыз бала екен, атасы мен әжесі қатты еркелеткен, енді Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі алғашқы шақырылымының депутаты болған, бүкіл Қазақстанға танымал кіші шешесі оның тезірек үйленгенін қалап, сол ауданда жалғыз ғана «Волгасы» бар бір байдың сұлу қызын әперуді жоспарлап қойыпты. Ал Қарлығаш болса, Маралдың маған үйленуін қалап, жиі-жиі кездестіріп, Раушан Сәрсембаева деген ортақ құрбымыз екеуі Маралдың көңілін маған аударып, икемдей берді. Маралдың білімі мен әншілігі маған да ұнап қалды. Алланың жазуы шығар, сонымен мен ІV курсты аяқтаған 1965 жылы Маралға тұрмысқа шығып, менің аспирантураға түсу жоспарым далада қалды, V курсты қайта-қайта үйге барумен, әупірімдеп бітіріп шықтым.

– Марал ағаның әдебиетке, журналистикаға әуестігі қай кезде басталып еді?

– Маралдың депутат шешесі (жатқан жері жайлы болсын) сессияға барған сайын оған кітап сатып әкеп береді екен. Өзі тек ликбезде ғана оқып қиналғандықтан Маралдың сауатты, білімді болуына барлық жағдайды жасаған. Марал ойын баласы болмай, үстіне шаң жұқтырып далада балалармен ойнамай, тек үлкен кісілердің аялауында өседі. Бес жасынан хат таныған Маралға кітап па, газет пе (ол кезде газет жаздырып алу міндет) бірдеңені ұстатып, маңайда тұратын үлкен кісілер дөңгелек үстелді жағалай отырып, майшам, керосин шамның көмегімен оқып береді екен. Мектепке де ерте барған, сабаққа дайындалғанда үй ішіндегілердің дыбысын шығартпай, сабақты беріліп оқыған.

Есейе келе қолынан кітап түспей, кітапханаларға құрғатпай барып жүрген. Оқушы кезінен бастап «Пионер», «Білім және еңбек» газет-журналдарымен байланыста болған. Сол кезден-ақ кроссворд шешіп, құрастырумен айналысқан, тіпті ғылыми тақырыптарға да мақалалар жазған.

Мысалы: «Білім және еңбек» журналынан (16 қазан, 1961 жыл, №2032) мынадай хат тапсырып алған:

«Хасенов жолдас!

Сіздің Марс жайында жазылған мақала жөнінде жазған хатыңызды алдық. Ал, мақалада кездесетін қайшылықтарға келетін болсақ – бұл жалпы Марс жөніндегі ғылым қайшылығынан туындаған нәрсе ғой.

Өзіңіз айтқандай, Марс жөнінде профессор Шкловский бір пікір айтса, доцент Ф.Зигель екінші түрлі пікір айтады. Сол сияқты академик Тихов пен Фесенковтың да пікірлері бір-біріне қайшы келеді. Ал, бұлардың қайсысының пікірі дұрыс – ол әлі белгісіз. Сондықтан біз ананыкі дұрыс, мынаныкі бұрыс деп айта алмаймыз. Оны шешу – келешектің ісі». Хат соңына «Қоғамдық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі: Б.Исқақов» деп қолы қойылған.

Осы тақылеттес хаттар «Қазақстан пионері» журналының әдебиет бөлімінен, Рза Қунақова атынан да келіп тұрған. Көбі сақталмаған. Ал біз үйленген кезде ол «Наука и жизнь» мен «Огонек» журналдарын жаздырып алып олардағы «Кроссворды с фрагментами» дегендердің жауабын жазып жүретін. Редактор үйге келгенде шешесіне: «Балаңыз өте білімді, ақылды» деп мақтап кететін, шешесінің еңбегі жанды.

Маралдың осындай жазған-сызғандарын көрген «Жаңаарқа» газетінің редакторы Әбікен Бақтыбаев аға Тұтыну одағының жүкшісі болып жүрген оны әуелі корректор, сосын аудармашы қызметіне қабылдайды да, тездетіп партияға кандидаттыққа өткізіп (партия номенклатурасындағы қызмет болғандықтан), жауапты хатшылыққа дейін көтереді. Сонда онжылдық қана білімі бар Маралдың қол астында ҚазМУ-дың журналистикасын бітірген, редактор да болған журналистер қызмет еткен, оны мойындаған. Мұндайды «туабітті журналист» деп атауға болатын шығар?!.

– М.Хасен аударма саласында да өнімді еңбек етті, әр жылдары әлем әдебиетінің классиктерін, Нобель сыйлығының иегерлерін қазақ тіліне аударды, 14 Нобель лауреаты шығармаларының басын қосып, «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін» атты кітап шығарды.

– Мен Маралдың аудармашылықты нақты қашан бастағанын білмеймін ғой, бірақ өз бетімен орысша-қазақша кітаптарды көп оқығандықтан екі тілге бірдей жетік болып өскен. Әрі «Жаңаарқа», «Жанааркинская новь» газеттері екі тілде шығатын, одан кейін өзі де екі тілде шығатын «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» газеттерінің редакторы болды. Райком, райисполкомның орысша баяндамалары мен қарар-құжаттарын табан астында газетке беру талабы бар. Марал соларды жазбай-ақ, бірден машинкаға диктовка жасап, қазақ газетіне салады. Мұны да «туабітті аудармашылық» деп атауға болатын шығар?!.

Мен кейінге дейін оның не жазып, не қойып жатқанына мән бермейтінмін. Тек өзім тілге қызмет ете бастаған кезімде (Қарағандыда қазақ тілін білетін адамдар өте аз болған 90-ыншы жылдардың басында балаларым оқитын мектеп бастауыш орыс кластарына қазақ тілін енгізіп, соларға сабақ беретін маман таппай, мені шақырып алды), сондай-ақ обкомның «Полиграфия» деп аталатын баспаханасының директоры Мәлік Имашев ақсақал ұжымына қазақ тілін үйретуді сұрап, іле корректорлық қызметін қоса ұсынған кезде білмейтінімді Маралдан сұрап жүріп, оның қызметімен таныс бола бастадым. Ал Марал денсаулығына байланысты үйде отырып қалғанда жазғандарын басу керек болып, әркімге жалынып жүруден жалығып, өзім компьютерді меңгеріп алдым. Осыдан соң оның барлық еңбегін басып беріп, одан ары қарай кітап қылып шығаруға да тер төктім. Маралдың барлық тәржімелерін басу (ол қолмен жазғандарын оқып беріп отырады) барысында мен өз пікірімді де қосып қоятынмын. Көбінесе келісіп, кейде сөздердің синонимдерін ауыстырып, немесе сөйлем құрылысын өзгертетінбіз. Сондайда: «маған сенен басқа редактордың керегі жоқ» деп разы болатын.

Марал шығармаларды қазақшаға қотаруға асқан жауапкершілікпен қарайтын, «қойшы атым болмаса да, тойшы атым бар ғой, ертең біреу-міреу мынаны аударған кім өзі демесін!» принципін ұстанатын. Ол көркем аударманың сыншысы һәм теоретигі Иван Александрович Кашкиннің: «Аудармашылар – өз уақытының және өз халқының өкілдері, өзінше пайымдауға олардың толық хақы бар, түпнұсқаны ой елегінен өткізу, өзінше пайымдау жоқ жерде көркем аударма да жоқ...» деген пікірін басшылыққа алатын.

1995 жылы алғашқы аудармасы кітап болып шықты. Ол – Қарағанды облыстық Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қали Аманбаевтың тапсырысы бойынша «Орталық Қазақстан» газетіндегі өзінің әріптестері Ермағамбет Лұқпанов пен Мағауия Сембаевтың «Жауынгер қыздар» деген очерктер жинағы (біразын ақ мылтық журналист, шебер тәржімеші Аман Жанғожин аударған) болатын. Одан кейін әр жылдары Муаммар Каддафидің «Жасыл кітабын», «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» 7-томының бірнеше тарауларын, Үнді классиктері Разипурам Нарайан мен Кришан Чандардың повестерін Пауло Коэльоның «Алхимик» романын тәржімеледі. Бұдан бөлек көптеген шығармаларды қазақ тіліне, кейбір авторларды қазақ тілінен орыс тіліне тәржімеледі.

Марал 2015 жылы шыққан 14 Нобель лауреатының шығармаларына І кітап деген белгі соғып, осы сериямен тағы 3-4 том шығармақшы еді...

– 2015 жылы Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын алды. Осыдан соң көп ұзартпай, Марал аға жазушының «Соғыстың сұрқы әйелге жат» романын аударды. Естуімше, бұл аудармаға ағамыз басқа шаруаларын жиыстырып қойып кірісіпті.

– Иә, 2015 жылы Беларусь жазушысы Светлана Алексиевич Нобель сыйлығын алды деген жаңалық интернетке шыққанда Марал қатты қуанды. «Альфред Нобельдің әдебиет саласы бойынша сыйлығы 1901 жылдан бері беріліп келеді. Осы 2015 жылға дейін оны бірде-бір журналист алған емес. Бұл менің әріптесім, оның шығармасын ешкім аудармай тұрғанда өзім аударамын!» деп, алдында ғана нобелианттардың тізімін саралап отырып, сол тізімнен 2013 жылы 82 жасында: «енді әдебиет әлемінен кетемін» деп мәлімдеген канадалық новелла жанрын кемелдендірген жазушы Элис Энн Мунроны (Манро) қызық көріп, тәржімелеп отырған «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» деген әңгімесін сырып қоя салды. Дастан ұлын кітапханаға жіберіп, Светлана Алексиевичтің кітабын алдырды. Ол кітап «У войны не женское лицо» және «Цинковые мальчики» деген повестерден тұрады екен. Бірінші тарауын аударысымен «Жас Алашқа» жолдап еді, Әмірхан Меңдеке (газеттің сол кездегі бас редакторының орынбасары автор) жарқ еткізіп, жариялап жіберді! Бұл шығарма жаны нәзік Маралға психологиялық тұрғыда өте ауыр тиді. Әйелдердің бастан өткерген қиямет-қайымдарын жүрегімен қабылдап, жиі-жиі көз жасына ие бола алмай қалатын. Арасында ауқаттануға келгенде оқиғаларды маған айтып беріп отырып та көзін сүртіп отыратын. Мен: «мына кітап біткенше дымың қалмайтын болды ғой өзі» деп ұрыстым да. Алланың жазуы болды ма, әйтеуір келесі жылы қайтыс боп кетті. Шығарған кітабым туралы жаңалықты жазушы Арман Әлменбет әлеуметтік желіге салып еді, бірталай қаламгерлер тапсырыс беріп, сатып алды. Соның ішінде жазушы Ділдар Мамырбаеваға «пікір жазшы» деп қолқа салғанымда: «Апай, бастап оқып едім, ауырып қалдым. Ағайдың ажалын жақындатқан-ау деп ойладым, жаза алмаймын» деген жауап алдым.

Таяуда бұл кітапты Амангелді Кеңшілік сұрап алды. Сол екі ортада бір роман жазып жатырмын деген еді, Алексиевичті әлі қолға алмаған сияқты, күтіп жүрмін.

– Сіз де Светлана Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындар» шығармасын аудардыңыз, не себепті бұл шығарманы таңдадыңыз?

– Соғыс туралы сегіз кітап жазған Светлананың әлі тірі жүргеніне мен таңғалам. Жаны сірі екен! Мен Маралдың жүгін жеңілтпекші болдым да, Дастан баламыз әкеп берген кітаптағы «Цинковые мальчики» деген екінші повесті өз бөлмемде Маралға көрсетпей аудара бастадым. Себебі бұл шығарма алдыңғысынан да аянышты еді. Бұл кітапта соғыс туралы хабары жоқ өрімдей романтик жастардың өздерін не күтіп тұрғанын білмей, тіпті кейбірі жастарын 1-2 жасқа есейтіп көрсетіп, қайта-қайта сұранып барғандар. Себебі «интернационалдық борышымыз, дамымай қалған елге көпір салып берудеміз, медициналық көмек көрсетіп жатырмыз», т.б. деген жалған ақпаратқа иланған ұрпақ еді. Ал кейбір әскерилерді, медиктерді «комсомолсың, біздің жауынгерлерге көмек көрсетуге міндеттісің» деп, бұйрықпен де жіберген жағдайлар болған. Әрі нақты қайда апаратындарын жасырып, Ауғанстандағы қасапханаға топ ете түсірген. Жантүршігерлік ортаға тап болғандардың кейбірі енді елге қайтуды армандайды. Елге жіберілетін «Груз 200» деп аталатын мырыш табыттарды ашуға да болмайды, себебі оның ішінде не бар екені бір құдайға ғана мәлім. «Итальянка-мина» жарылғанда ұшқан дененің бөлшектерін шелекке жинап алады, ол өз баласының денесі ме, әлде басқа біреудің сирағы ма, тіпті салмақ аз боп бара жатса, топырақ та сала салып бекітіп тасталған табыттарды қабылдап алған әке-шешенің, жарларының, туыстарының зарлағандары жазылған.

Ал тірі оралғандардың миында сол соғыс жалғасып жатады да, ұйықтап жатқан жерінен айғайлап ұшып тұрып, жүгіре жөнелетін кездері болады. Ол жақта болып келгендердің жандары жараланғандары сонша, соғыс туралы айтқылары да, тыңдағылары да келмейді. Әсіресе қыздарға неше түрлі пиғылмен, күдікпен қарап, олар соғысқа қатыспай, тек еркектерге дене қызметін жасағандар ретінде санағандар да болған. Олар күйеуге тиюге де қорқатын, Ауғанстанда болғандарын жасыратын. Қорлық естімей, сол жақта қаза болмағандарына өкінгендер де кездескен.

– Марал ағамыз жоғарыда өзіңіз сөз еткен Нобель сыйлығының иегері Элис Мунроның «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» шығармасын аударып, аяқтай алмай кетіпті, кейін шығарманы сіз аудардыңыз, жарыңыздың ақырғы аудармасын аяқтау сізге қаншалықты қиын болды?

– Сонымен, Марал қайтыс болғаннан кейін өзім жылап отырып, әуелі екі естелік кітап шығардым. Оның «Жалғасқан ғұмыр» деген екіншісіне өзі барда жарық көрмей қалған, майталман аудармашы Кеңес Юсупов ағайдың 2011 жылы аударуға кеңес берген Александр Зиновьевтің «Жол айрығы» публицистикасын, тіпті 80-інші жылдары тәржімаланып, жариялауға тыйым салынған тақырып болғандықтан, жатып қалған Роберт Конквестің «Қасірет орағын», 2013 жылы аударылған Иван Буниннің әңгімелерін, 2012 жылы аударылған Валерий Брюсовтың «Әйел күнделігінің соңғы парақтары» повесін, Бақытжан Қанапияновтан аударғандарының ішінен «Жарқырауық қоңыздар» деген жолжазбасын (Маралдың тәржімалаған басқа шығармаларын Жан Бахыт өзі шығарған екітомдығына салған) және балалары Тоғжан мен Дастанның аударма еңбектерін енгіздім. Маралдың алдындағы парызымды орындап болып, осыдан кейін өзім аяқтамаған «Мырышқа айналған қыршындар» повесін аяқтадым да, Элис Мунроның жартылай тәржімеленіп тұрған әңгімесін аударып шықтым.

Мен Маралдың барлық кітабын өзім теріп, баспаға өзім дайындағандықтан, оның жазу стиліне төселіп алдым ғой, сондықтан еш қиналмай аударып, Светлананың екі шығармасына қосып, «Нобель сыйлығының лауреаттары» деген сериямен шығарып, ІІ кітап деген белгі соқтым. Маралдың осы сериямен 3-4 кітап шығару жоспарын Алла жазбады.

– Марал ағамыз қандай жар, қандай әке болды?

– Марал басында айтқанымдай, «Алладан бір сұрап, адамнан бір сұрап» алған бала болғандықтан, үш қарияның алданышы, ермегі, ойыншығы болған. Тіпті мектептегі үлкен үзілісте Дәрпия әжесі қойынына кішкене ақыманды тығып апарып тамақтандырып кетеді екен. Осылай өбектеп өсіргендіктен, тіршілікке еш бейімделмеген. Өз бетімен шай қоймақ түгіл (ток бар, газ тұр), құйып ішуді білмей кетті. Мен жұмыстан келгенше аш отыратын.

Маралдың айтқаны «заң» болып өскендіктен басынан сөз асырмайтын, пікірін еппен мәймөңкелеп жеткізбей, турасын бір-ақ айтатын. Ашуын ұстап тұрмай, керек болса боқтап та жіберетін, сонысымен көпке жаға қоймайтын. Бірақ ешқашан кек сақтамайтын, ешкіммен өштеспейтін, өкпелемейтін, біреуді ренжітіп алғанын ұмытып та кететін.

Балаларға қамқорлық жасау, олардың несі бар, несі жоқ дегеннің бәрі менің мойнымда болды. Балалардың нешінші класта оқитынын да білмейтін, мектепке барып көрген жоқ. Алғашқы балаларымыз екі қыз бала еді, жақсы оқитын, сонда «сендер неге өз сабақтарыңды оқи бересіңдер, ана Дарханға қарамайсыңдар ма» деп ұрсатын. Бар қамқорлығы сонымен шектелетін.

Өзі әнді жақсы айтатын, орысша-қазақша халық әндерін тамылжыта орындайтын, классиканы да, эстраданы да ұнататын, жаңа шыққан кітапты, пластинканы тауып әкелетін, киноға баруды жақсы көретін, киноның актерлерін ғана емес, режиссер, операторларына дейін біліп отыратын, ой-өрісі бай, онымен әңгіме-дүкен құру қызықты еді. Басқа байлық жинамасақ та, үй тола кітап, пластинка болғандықтан балалар кітапқұмар, білімді, жан-жақты болып өсті. Марал суретті де жақсы салатын. Кілем сатып алатын жағдайымыз жоқ кезде, үйдің бір қабырғасына майлы бояумен алақанында сәби көтеріп отырған ақсақалдың суретін салған, онысы өте әдемі, көзтартарлық болды. Жатын бөлмемізде «Әрқашан күн сөнбесін» деген суреті болды. Ал іші пысса немесе қасындағы кісіге езу тартқызу үшін бір-екі ғана шимай сызықпен бір әріптесінің шарж суретін леп-лезде сыза салатын.

Жар ретінде маған бірде-бір рет гүл сыйламай өтті, ондай «жағынуды» түсінбейтін. Ел сияқты «күйдім-сүйдім» дегенді айтпай, жақсы көргенде: «Қалиакпарым сол!» деп құшақтайтын. Ал Қалиакпар Әбілдин деген ағай өзінен он жас үлкен болса да, құрдасындай көріп еркелейтін, сырын да айтатын, менен келген хаттарды сол ағасына көрсететін ұстазы-әріптесі болды. Егер менің ісіме көңілі толмай қалса: «ой, Ли-хусың ғой бір!» деп кемсітетін, бұл «Ли-ху» деген де бір әріптесіне қойып алған лақап аты. Бастан-аяқ тату-тәтті өмір сүрдік десем, өтірік болады. Қайсыбір еркекке тән тентектігі болып бақты, алайда өмірінің соңғы кезінде ортақ іспен айналысып тандем құрдық, бір адамға айналып кеттік десем де болады. Жастықпен шалыс басқандары тегіс ұмыт болды. Марал өміріне де, туыстары мен балаларына да, маған да разы боп кетті, тәуба.

Өмірдегі ең басты өкініші, армандаған «Бауманкасында» оқи алмағаны, басқа оқуларға көңілі шаппай, оқымай қойды. Тек газет – райкомның органы болғандықтан еріксіз, Мәскеудің Жоғарғы партия мектебін сырттай бітірді. Алайда оның білімі ұшан-теңіз болатын. 1985 жылы іс-сапарда машинасы аударылып, басынан жарақат алды да, біраз жылдан кейін соның кесірінен қатардан шығып, үйде отырып қалды, сол себептен жадын жоғалтқаны оған өкініш қана емес, трагедия болды деп айта алам.

Тағы бір өкініші – анасын «анам» деп атай алмай кеткені жанына батып, 50-ге толғанында «Асыранды қаз» деген әңгімесінде астарлап ақтарылған еді.

Сұхбаттасқан

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ