Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:43, 17 Қазан 2023

Ринат Зайытов: Мен мынаны бітіремін деп ант-су ішкен жерім жоқ

Зайытов
Фото: из открытых источников

Әлеуметтік желі мен ақпараттық сайттарда апта сайын бір тақырып талқыға түсіп, халық жаппай пікір білдіріп жатады. Апта сайын бір жаңа тақырып дайын. Халық та ішіндегі қыжылын шығаруға әбден дағдыланып алғандай, тың тақырыпқа әуес, өздері іздеп отырады. Соңғы бір айдың көлемінде мәжіліс депутаты Ринат Зайытов нысана басында тұр. Әуелі «алаяқтардың 80 пайызы оранғандар» деген сөзі біраз жұрттың шамына тиген, кеше Ыбырай Алтынсарин туралы бірнеше ай бұрынғы сұхбаты шу болып жатыр.

Қоғамда Зайытовтың әңгімесінен де өзекті тақырыптар баршылық, бірақ неге мәжіліс депутатының сұхбаттары талқыға түсіп, талас тудыра береді, осы сұрақтарды мәжілісменнің өзінен сұрадық.

–Ринат мырза, әңгімені былай бастайық. Соңғы бір айдың көлемінде сіздің айналаңызда дау өршіп тұр. Бұл қалай, ненің белгісі?

–Соңғы бір айдың көлемінде ақпараттық шабуыл жиілеп кетті. Жүрген жерімде де айтып жүремін, оған етім үйреніп қалды. Оның әртүрлі себебі болады, кейбіреулер жеке басымды жақтырмауы мүмкін. Ал кейбіреулердің жанды жеріне, мүдделеріне тиіп жатқан болуы мүмкін сөздерім. Бұл қалыпты жағдай. Ешкімнің бағына түсіп, егінін таптағам жоқ. Пікір қайшылықтың болатыны заңдылық деп ойлаймын. Жұмыс істеген адамның артында осындай әңгімелер болады. Оны соншалық жүрегіме алып, ауыр қабылдайтын адам емеспін.

–Ыбырай Алтынсарин туралы тараған видео осыдан бірнеше ай бұрын түсірілген екен. Бірнеше айдан кейін сол видео кесіліп, қиылып, қайтадан таратылуын, жаппай талқыға түсуін қалай түсінесіз?

– DALA INSIDE телеграмм арнасы жазыпты, ондай әңгіме ешқашан бітпейді, айтыла береді, жазыла береді. Оның бәріне мән беріп, жауап беріп отыруға уақытым жоқ. Әлі талай әңгіме шығады, талай әңгіме таралады. Олар өз тапсырмасын орындауы керек, мен өз жұмысымды атқаруым керек. Қандай әңгіме шығарса да дайынмын.

–Өзіңіз айтып отырған «алаяқтардың 80 пайызы – намазхандар» деген статистиканы қайдан алдыңыз? Неге соншалық шу болды? Шамданып жатқандар кімдер? Ал Алтынсарин туралы деректі қайдан алдыңыз, осы жағы қызық болып тұр.

–Алаяқтар туралы басқа басылымдарға берген сұхбатымда да айтып жүрмін. 80 пайыз емес, 100 пайыз деп айтып жүргендер де бар. Менен бұрын айтқандар да болды. Бұл әңгіме 85 мыңның айналасында өрбігендіктен, сол арқылы өздерінің ортасында наразылық тудырып алу үшін әңгімені осылай жандырып жіберді. Нақты білетінім, бұл әңгімені өрбіткендер – мен айтқан 80 пайызға кіретін адамдар. «Біз ондай емеспіз» деп шырылдап жатыр, жанды жерлеріне тиді ғой. Әйтпесе, шын мұсылман, шынайы намаз оқитын кісілер түсіністікпен қабылдап отыр. Оны әлеуметтік желіден көріп отырмын, ризамын, рақмет ондай азаматтарға. Әңгіме кімдерге тиді – солар өрбітті ғой, қысқасы.

80 пайыз деген әңгіме бар факт. Қаржылық пирамидалар мен қажылыққа апарамын деп айтқан адамдар сөзіме дәлел. Мен көрген он алаяқтың сегізі намаз оқиды, сексен пайыз деген әңгіме содан шықты. Дінді жамылып, бүлік жасағысы келіп отырған мысықтілеулер көп. Олар орамалдың, діннің артына тығылып отыр. Менің сөзімді бұрмалап, «намазхандардың сексен пайызы алаяқтар» деп айтты» деп мені жерге ұрғылары келді.

Ал Алтынсарин бойынша айтайын, фотоларды қарастырдым, алдыңғы буын ағаларымыздан да естіп-біліп өстік қой. Барлық дерек-дәйектерді жинақтадым, өмір бойы осы әдебиеттің айналысында жүрген адаммын, ондай айтылған әңгіме, сөздер көп. Бір жерден суырып алған жоқпын, бар деректі айттым.

Мәжілісте мәселе көтеріп жүрген депутаттардың әрқайсысына жүктелген міндеттеме бар сияқты. Мысалы, Бапиға шетке кеткен қаржы, Базарбекке жер, Қазыбек Исаға ұлт пен тіл тақырыптары деген сияқты. Сізге қандай тапсырма берілді және оң жамбасыңызға түсетіні қайсы?

–Бұл пікіріңізбен келіспеймін. Бізде ондай міндеттеме, тапсырма жоқ. Мысалы, сіз айтып отырған Ермұрат Бапи шетке кеткен қаржыны ғана емес, дін туралы да айтып жүр. Бақытжан Базарбек өз ұстанымы бойынша жерді көтеріп жүр, әрине. Әркім өзінің білетін саласы бойынша сөйлеген ыңғайлы кез келген депутатқа. Бірақ біз өзімізге келген өтініш хаттарды қарап, електен өткізіп қараймыз, қайсысын бірден көтеру керек, қайсысын күту керек дегендей, алдымен реттеп аламыз. Қазыбек Иса ағамыз да ұлт пен тілді ғана емес, бизнесмендердің, шағын және орта бизнес проблемаларын, мектеп түйткілдерін айтып жүр.

Сіз ойлағандай, маған тапсырма берілетін болса, онда тез шешілетін, өзіме ыңғайлы тақырыптарды таңдап алар едім. Өтініш халықтан түседі, біз соның ішінен алып сұрақ дайындаймыз. Кейде көтерген тақырып көп кісіге жаға бермейді. Ең бастысы – мәжілісте еркіндік бар. Бәлкім, спикердің кез келген депутат көтерген тақырыпқа бейтарап қарап, қозғаған мәселесіне түсіністік танытып, белгілі дәрежеде демеу көрсететінінде шығар. Демеу көрсету дегенімді – отқа тастап, жарға итеріп жібермейді деп түсініңіз. Егер тапсырма орындайтын болсам, мемлекеттік қызметте жүретін едім...

–Өткен аптада мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Базарбек пен Бапидың біреуінің сөзін бөліп, біреуіне «агрессиясыз сөйлеңіз» деп ескерту жасады. Қошанов дұрыс жасады ма, осыдан кейін мәжілістегі ашықтық туралы бірдеме айтуға бола ма?

– Бұл саясат қой. Ерлан Қошановтың Бақытжан Базарбекке ескерту жасауы, Ермұрат Бапидың сөзін бөлуі – бәрі саясат. Мәжілісте көтерілген мәселені кейде біреулер Қошановқа қарсы пайдалануы мүмкін. Мәселен, сіз алғашқы сұрағыңызда айтқандай, «Қошанов айтқызып отыр, Қошановтың тапсырмасы» деп түсінетіндер де бар шығар. Соның алдын алу мақсатында осындай әрекеттер жасай ма деп те ойлаймын. Шынын айту керек, мәжіліс мінбері мүмкіндік мінбері шығар, бірақ кез келген депутат шамасы келетін мәселені көтеру керек. Депутаттың қолынан министрді алып тастау келе қояды дегенге, өзім қатты сенбеймін. Бірақ министрлердің жұмысын дұрыс бағытқа бағыттауға, қате жасалып жатқан шаруаларды дұрыс жаққа бұруға әсер ете аламыз. Бір күнде қызметінен кетіріп, бір күнде қызметке тағайындау біздің құзыретіміздегі шаруа емес. Белгілі деңгейде ғана ықпал ете аламыз. Спикердің ескертуін солай түсінемін өз басым.

Ондай ескерту Базарбек пен Бапиға ғана жасалмайды, біраз депутатқа жасалып жатыр. Қазіргі депутаттар мәжілістегі өз қызметтерін ғана атқарып отырған жоқ, министрдің де, әкімдердің де жұмысын жасап отыр, оны жасырмау керек. Біздің міндет – заң шығару ғана, бірақ халықтың арыз-шағымы мәжіліске көп түсетіндіктен, еріксізден сондай тақырыптар қозғауға, министр мен әкімнің қызметіне араласуға, өткір сөйлеуге мәжбүр болып отырмыз.

–Журналистерге берген бір сұхбатыңызда депутат ретінде алатын айлығыңыздың бала-шағаңыздың қажеттіліктерін өтеуге толық жетпейтінін, қажет болса тамада болатыныңызды айтып едіңіз. Тойға шығып жүрген жоқсыз ба?

–Бала-шағаны асырау мен қажеттеліктерін толық өтеп берудің арасында айырмашылықтар бар. Менің бұрынғы той-томалақта жүргендегі табатын табысым – қазіргі алатын айлығымнан кемінде үш немесе бес есе көп болатын. Отбасым соған үйреніп қалған. Балаларымның баратын қосымшалары, секциялары мен курстары бар дегендей. Оның бәрі ақылы. Депутат ретінде алып отырған 800 мың теңге осының бәріне жете қояды деп айта алмаймын. Тойға шығамын деген жоқпын, беташарға шығамын деп айттым. Депутат болғалы бір беташарға бардым. Оның да өзіндік себебі бар, айтайын, сол бала туған кезінде әкесіне «Осы баланың үйлену тойында келіннің бетін өзім ашамын» деген уәдем бар еді, соған бардым.

Қазір беташарға баруға уақыт жоқ менде. Егер уақытым мен мүмкіндігім жетсе, беташарға барамын. Біздің регламент, бізге берілген мүмкіндік қосымша шығармашылықпен айналысуға рұқсат етіледі, ол жерден ешқандай әбестік көріп тұрғам жоқ.

–Әріптестеріңіздің кейбірі қосымша жұмыс істеп, журналист, тележүргізуші болып жүр. Табыстарының аздығынан ба, әлде ел назарынан шығып қалмаудың қамы ма?

–Әріптестерімнің қандай жұмыс істейтініне қызықпаймын. Тыбысының аздығынан ба, басқа себебі бар ма, ол жағына өздері жауап бере жатар. Қосымша жұмыс деген әртүрлі болады ғой. Біреу бизнеспен айналысуы мүмкін, біреу шығармашылықпен айналысады дегендей. Онысы жұмысына кедергі келтіруі мүмкін немесе мүлде кедергі болмауы мүмкін. Өз басым қазір қосымша табыс деп тойға барып, беташарға шығып жүре алатын едім. Оған уақытым жар бермейді. Парламенттегі жұмысым өте көп. Сондықтан дәл қазіргі уақытта маған қосымша жұмыс кедергі келтіреді. Амал жоқ, беташарға шыға алмаймын.

–Депутат болу үшін халыққа қандай уәделер бердіңіз? Сол уәделеріңіздің қай-қайсысын орындадыңыз? Орындалмай жатқандары бар ма, қандай?

–Депутат болу үшін емес, сайлау алдында бір ғана уәде бергем, барлық сұхбаттарымды қарап шығыңыздар. «Мен сіздердің сөздеріңізді жоғары жаққа жеткізуге тырысамын» дегем. Сол уәдемнің желісінде жұмыс жасап келе жатырмын. Менің айтқанымның бәрі жасалып жатыр деуден аулақпын, бірақ көтерген мәселемді соңына дейін жеткізуге тырысамын. Орындалмай жатқандары да бар шығар. Бірақ уәде беріп, мен мынаны бітіремін деп ант-су ішкен жерім жоқ. Ең бастысы, менің жұмысым министрліктермен бірлесе отырып жұмыс жасап, мәселенің дұрыс шешімін табуына ықпал ету. Уәдемде тұрып жатырмын ба, жұмыстарым нәтиже беріп жатыр ма – оның бағасын беретіндер сайлаушылар.

         Сұхбаттасқан – Жарас Кемелжан

Тегтер: