Риодағы құрбандар саны 130 адамнан асты
Бразилия тарихындағы ең қанды полиция операциясы салдарынан қаза тапқандардың саны 132 адамға жетті.
Куәгерлердің айтуынша, Рио-де-Жанейроның шетінде ер адамдардың мәйіттері қатарлап қойылған. Атыс кезінде бейбіт тұрғындар да оққа ұшқан болуы мүмкін.
28 қазан күні Рио-де-Жанейрода қала тарихындағы ең ауқымды полиция операциясы өтті. Штат билігі бұл шараны «Қызыл қолбасшылық» атты ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы бағытталған ең ірі рейд деп атады. Алғашқы күні 64 адамның көз жұмғаны хабарланған, олардың төртеуі — полиция қызметкерлері.
Алайда екі күннен кейін бұл сан екі есеге артып, 132-ге жетті. Құрбандардың нақты саны әлі де анық емес.
New York Times басылымының жазуынша, жергілікті тұрғындар Рионың шет жағындағы бос алаңда ер адамдардың мәйіттері қатар қойылғанын көрген. Көпшілігінің киімдері шешілген — туыстарының тануын жеңілдету үшін осылай жасалған болуы мүмкін. Түнгі уақытта маңайдағы орман арасынан тағы ондаған мәйіт табылған.
Куәгерлердің айтуынша, сейсенбі күні таңғы 3:30 шамасында иттердің үрген даусы күшейіп, аз уақыттан соң интернет пен электр жарығы өшкен. Таңғы 5-ке қарай атыс басталған. Аймаққа 2,5 мыңнан астам полиция қызметкері мен ондаған брондалған көлік кірген. Олар «Қызыл қолбасшылық» тобына қатысы бар есірткі сатушыларды іздеген. Әуеде екі полиция тікұшағы ұшқан.
Бұл оқиға Рио халқын дүр сілкіндірді. Қала бұрын да полиция мен қылмыстық топтар арасындағы қақтығыстарға үйренгенімен, мұндай ауқымдағы қырғынды алғаш көруі.
Штат губернаторы Клаудио Кастро операцияны «сәтті өтті» деп бағалады. Оның айтуынша, рейд барысында 113 адам ұсталып, 118 қару мен бір тоннаға жуық есірткі тәркіленген.