Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:37

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ: Қастандыққа қатысты соңғы сөзді Назарбаев айтқанына еш күмәнім жоқ

Назарбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

11 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қастандықтан қаза тапқанына 20 жыл толды. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қанқұйлы қылмыстардың бірі және бірегейі. Арада жиырма жыл өтсе де, қылмыстық істің айналасындағы күдік-күмән сейілген жоқ. «Жас Алаш» тілшісі Алтынбек Сәрсенбайұлының бауыры – қоғам қайраткері, белгілі журналист Рысбек Сәрсенбайұлымен сұхбаттасып, жұрт көкейіндегі бірқатар сұрақтарды қойды.

«Назарбаев шетелде жүргенде елде тосын оқиғалар болатын»

– Сіз Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына әу бастан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты айыптадыңыз. Оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваны, күйеубаласы Рахат Әлиевті тағы да басқа шенділерді қылмыстық іске күдікті ретінде қосып, тергеуге алуды талап еттіңіз. Кейіннен тергеу органы «қастандықты ұйымдастырушылар – Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен ҰҚК экс-төрағасы Әлнұр Мұсаев, ал орындаушылар – «Арыстан» арнайы жасағы» деп жарияланғаны белгілі. Сіздіңше, Назарбаев пен оның отбасының бұл қылмысқа қатысы қаншалықты және қандай сипатта болды? Оны ашық айыптауға қандай негіз бар?

Алтекеңе қастандық жасалған 2006 жылы 11 ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстаннан тыс жерде болды. Аустрияда емделді деді. Бірақ «ол кісі шетелге кеткен, іске қатысы жоқ» деп ақтауға болмайды. Әдетте елде тосын әрекет, қанды оқиға немесе келеңсіз жағдай болса, Назарбаев елде болмайды. Бұл кездейсоқ сәйкестік емес. Қылмыскер не қылмысқа тапсырыс беруші міндетті түрде сол аймақта болуы шарт емес, ол сыртта отырып та тапсырма бере алады, тапсырма беріп, сыртқа кетіп қалуы мүмкін. «Мен болған жоқпын» деп әдейі сылтау айту үшін солай жасайды. Сондықтан ол шетелге әдейі кетіп қалды деген ойдамын. Өйткені тез арада сол жаққа кетіп қалатындай оның алып бара жатқан ауруы жоқ болатын.

Назарбаевтар
Фото: ашық дереккөз

Алтыкенге қастандық 11 ақпанда жасалды, 15 ақпанда жамбасын жерге тигіздік. Қоштасу жиыны Ғылым академиясы ғимаратының алдында өтті. 4-5 мыңға жуық адам қатысты. Сол жерде сөйлеген сөзімде: «Алтынбекті сотпен ала алмап едіңдер, енді оқпен алдыңдар!», – дедім. Бұл тікелей Назарбаевтарға қарата айтылған сөз еді. Себебі соның алдында Дариға Назарбаева Алтыкенді «Хабар» арнасы арқылы сотқа беріп, жеңгізді. Олардың көздеген мақсаты – Алтынбекті тоқтату, оның оппозициялық саяси қызметін шектеу, тұқырту болатын. Бұл сотта да Алтыкен қоғамды жаңарту жолында саяси қызметінен қайтқан жоқ. Сондықтан олар оны тоқтатудың жолы өмірін қию екеніне көздері жетті. Отбасында сондай шешім қабылданды деп ойлаймын. Соның растығына 20 жылда бір рет те күмән келтірген жоқпын. Демек, бұл – отбасы тарапынан жасалған қастандық. Отбасы деп отырғаным – Нұрсұлтан Назарбаев, оның қызы Дариға Назарбаева, бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев, Тимур Құлыбаевы бар, Динарасы бар, тағы басқалар. Отбасында қалай шешім қабылданса да, «Алтынбектің көзін құрту үшін киллер жалдаймыз» десе де, соңғы сөзді айтатын – Назарбаевтың өзі. Өйткені ол отбасын ғана басқарған жоқ, тұтас мемлекеттің басшысы болды.

Алтыкен оппозицияға кеткеннен кейін Назарбаевты қатты айыптады. Оның демократияландыру бағытынан ауып кеткенін сынады. Ол елде саяси реформа, өзгеріс жасамады, биліктің халыққа есептілігі мен жауаптылығын ысырып тастап, тек қана бір адам билік ететін үстемдік құрды. Сенат, Парламент, ішкі істер де, прокуратура, сот, ұлттық қауіпсіздік комитеті – қысқасы, қандай мемлекеттік құрылым бар, соның бәрі бір қолға шоғырланды. Алтыкен «бүкіл билікті бір адамның қолына шоғырландырып қою – мемлекет үшін қауіпті» деді. Ол мемлекетті құздың жағасына апарып қойғанмен бірдей. Кез келген бір сілкініс болса, ол мемлекет күйрейді, жалп етіп құлайды. Мемлекетпен бірге тәуелсіздікке қауіп төнеді. Тәуелсіздік пен мемлекетке төнген қауіп халыққа қасірет әкеледі. Сондайды болдырмау үшін қоғамда әділет орнығып, жария түрде жұмыс атқарылатын болса, халық қазба байлықтан, сол сияқты басқадан да өз үлесін алады. Сол арқылы әлеуметтік тұрмысын жақсартады. Алтыкен сондықтан «саяси реформа керек және оны біз жасауымыз керек, өйткені жолын білеміз» деді.

Алтынбек үкімет мүшесі болып Назарбаевтың қасында жүрген кезде де, Назарбаевтың қауіпсіздік мәселелер жөнінде кеңесшісі қызметінде жүріп те қоғамда өзгерістер жасауға талпынды. Ол жұмысын демократиялық қозғалыс пайда болған 2001 жылдан бастады. Ойын іске асыруға талпынды, бағдарламасын жасады. Тіпті оның қажеттілігін Назарбаевтың аузымен айтқызды. «Экономикалық реформа жасалып жатқаны дұрыс, енді саяси реформа жасалуы керек» деді. Өйткені біреуі кенжелеп қалса, дамуға тежеу болатынын Алтыкен жақсы түсінді. Бірақ мұны Назарбаев қалаған жоқ. Тіпті кейін саяси реформа жасалатын болса, онда ұзақ уақыт билік басында отыра алмайтынына көзі жетті. Конституцияда көрсетілгендей, екі мерзім қызмет атқарады да, содан кейін орнын босатады. Жаңа адамдар келеді. Өркениетті елдердегідей бізде де президенттер ауысып тұратын болады. Соған сәйкес үкімет те, парламент те – бәрі жаңарады. Демек, дамуға, әділет орнығуына, бір билік тармағының екінші бір билік тармағын қадағалауға, билік арасында тежеу функцияларының қызметін атқаруына мүмкіндік туады. Мұндай ел өркениетке жетеді. Ал Назарбаев мұны қаламады. Ол өз билігі өз қолында ғана болуы үшін 1993 жылы қабылданған конституцияны 1995 жылы өзінің бас пайдасына қарай өзгертті. Бұл үлкен қауіп еді. Міне, сондықтан да Алтынбек пен оппозициядағы басқа да серіктері Назарбаевқа және ол құрған жүйеге қарсы шықты. Оппозициялық күштердің мақсаты сайлауды таза өткізу болды. Олай болмаған жағдайда билік бір адамның қолына шоғырланады. Алтынбек осыдан сақтандырды. Мұны Назарбаевқа да айтты. Оның өзімен сағаттап отырып сөйлесті. Бірақ Назарбаев ондай қадамға барғысы келмеді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы
Фото: ашық дереккөз

– Егер бұл қылмысқа бұрынғы президент Н.Назарбаевтың қатысы болса, ол неден қауіптенді? А.Сәрсенбайұлы президент болуды мақсат етті ме?

Алтыкен президент болуды мақсат еткен жоқ. Мен оны бауыры ретінде жақсы білемін. Екеуміз қоғам жайлы, қоғамдағы жағдайлар туралы, айналада не боп жатқаны жайлы көп сөйлесіп, талқылайтын едік. Кейде: «Алтыкен, мынау қалай боп жатыр, неге былай істемейсіңдер?», – деп ойымды айтатынмын.

2004 жылы парламент сайлауы кезінде көмектестік. Халық алдындағы сөзін тыңдадық, ойын білдік. Сондағы түсінгенім – Алтыкен президент болуды мақсат еткен жоқ. Оны анық айта аламын. Көбі сырттан қарап топшылайды ғой. «Оппозицияда жүргендердің қайсысы президент болғаны дұрыс?» деген әңгімелер айтылады, саяси тұлғаларды салыстырады. Солардың ішінде Алтынбекті құп көргендер аз болған жоқ. Өйткені жас, екі тілге де жетік, үкіметтік басқаруда да, дипломатиялық қызметте де болды. Ойы анық, дәлелді және батыл. Сатылмайды, қайтпайды. «Осы жігіт президент болса ғой» деген ой, түсінік жұрттың арасында сол кезеңдерде қалыптаса бастады. Бірақ Алтынбек президенттікке ұмтылған жоқ, оны өзі де айтты. «Менің мақсатым – президент болу емес, біз мына ертеңгі ұрпағымыздың бетіне тура қарай алатындай, ұялмайтындай әрекеттер жасауымыз керек. Ертең оларға қандай мемлекетті қалдырамыз, олар қандай қоғамда өмір сүреді – соны ойлайық», – деді. Алтыкеннің аңсағаны – таза демократиялық, құқықтық мемлекет еді. Ал енді «менің орныма осы келіп қалуы мүмкін» деп, Назарбаев іштей қауіптенген шығар, мұны жоққа шығара алмаймыз.

Алдымен Серікболсын Әбділдин президентікке үміткер ретінде қатысты. Одан кейін Жармахан Тұяқбайды оппозициялық күштер ортақ кандидат етіп шығарды. Сол сияқты алда тағы да жаңа адамдар шығуы мүмкін еді. Мәселен Заманбек Нұрқаділовті де президенттікке ұсыну мәселесі туындады. Болат Әбіловті де «лайықты, жас жігіт, қабілетті кәсіпкер» деп ұсынғандар болды. Сол сияқты бірнеше адам болды. Бірақ оппозиция солардың ішінен Жармахан Тұяқбайды таңдады, сайлауға сол түсті. Демек Алтынбектің демократиялық күштердің басын қосудағы мақсаты өзін президенттікке ұсыну, сайлауға қатысу және президент болу емес, ол ортақ кандидат шығаруды мақсат тұтты. Өзіне ұсыныс түскенде бірден бас тартты. «Жәкеңді ұсынайық, бұл кісі парламентті басқарды, бас прокурор болды, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Қақ-соққа қатысы жоқ, қолы таза, жасаған ұрлығы мен қылмысы жоқ, иемденіп алған заңсыз байлығы жоқ», – деп ортақ шешім қабылдауға ұйытқы болды.

Алтынбек Рахат Әлиев сияқты «ел басқаруым керек» деп астыртын әрекет жасаған жоқ, төңкеріске дайындалған жоқ. Мақсаты – саяси жүйені өзгерту, саяси реформа жасау еді. Сондықтан да Назарбаев Алтынбектен күдіктенген болуы мүмкін. Ең басты қаупі – саяси реформа жасауға бірден-бір қабілетті адам Алтынбек еді. Жай қарсылас емес, өте күшті қарсылас. Саяси оппонент. Тайынбайтын, сатылмайтын қарсылас.

Тайынбайтын деп отырғаным, Алтыкен ешкімнен жасқанған жоқ. Дариға Назарбаева сотқа тартқызды, биліктің құл-құтандары үстінен қаншама тексеру жасатты. Сол кезде белсеніп шыққан депутатсымақтар бар еді, аты-жөнін айтудың өзі жиіркенішті, соларды айдап салды. Бірақ Алтыкен бәрінен таза шықты. Өйткені мемлекеттік қызметте жүргенде бүлдірген ештеңесі жоқ.

1
Фото: ашық дереккөз

Екінші жағынан, сатылмайды дегенім – қастандық жасалардан бұрын Назарбаев Алтыкенге Терещенконы жіберіп: «Ораз (Жандосов – ред.) бен Алтынбек саясаттан қол үзсін, кәсіпкерлікпен айналыссын, екеуіне 10 млн доллардан ақша берейік, келісімге келейік», – деген. Бұл сотта айтылған, дәлелденген факт. Мен мұны біреуден естіп айтып отырғаным жоқ. Алтыкен сатылған жоқ. Назарбаев билігінің көзімен қарасақ, сатылмаған, табандап тұрып алған қарсыласты не істеу керек? Ондай қарсыласты жою керек. Міне, Назарбаевтың ақылының жеткен жері осы болды. Бұл Рахат Әлиев үшін де, Дариға Назарбаева үшін де керек еді.

Жоғарыда қастандыққа отбасының қатысы бар дегенді айттым ғой. Олай дейтінім – үшеуінің де мотиві бар. Кез келген қылмыстың себебі болады. Назарбаевтың мотивін айттық. Тағы бір себебі мынау: парламент сайлауының қарсаңында Назарбаев Алтыкенді қайтадан министрлік қызметіне шақырды. «Егер сайлау таза, әділетті өтетін болса, барамын», – деді Алтынбек. Назарбаев «бәрі заң бойынша әділетті өтеді» деп уәде берді, Алтыкен министр боп барды, сайлауда ақпарат құралдарын басқа да үміткерлер толық пайдалануға жағдай жасады. Тіркелмей жатқан тәуелсіз ақпарат құралдарын тіркеді. Бірақ, айналып келгенде, сайлаудың қорытындысы бұрмаланды. Сөйтті де Назарбаев өз тізіміндегі адамдарды ғана депутаттыққа өткізді. Алтыкен бұған наразылық ретінде қызметінен бас тартты. Бұл да Назарбаевқа оңай тиген жоқ. Алтынбектен басқа қай министр саяси себеппен халыққа, қоғамға деген адалдығын танытып, қызметін тастап кетіп еді? Ондай тұлға жоқ. Керісінше, пара берсе де, президентті айға-күнге теңеп жағынса да, қызметінде қалуға тырысады. Сондықтан да Назарбаевтың өштесетін себебі бар.

Дариға Назарбаева
Фото: ашық дереккөз

Ал Дариға не үшін десеңіз, ол «Хабар» арнасын, бірнеше телеканалды, баспасөз құралдарын, газеттерді өзіне бағынышты етті, жекешелендірді. Алтыкен соны ашық сынады, қарсы тұрды. «Хабарды» монополия жасап алды» деп ашық айтқаны үшін телеарна атынан сотқа берді. Ақиқат Алтыкен жағында болды. Шын мәнінде, солай еді. Кейін бұл толығымен әшкереленді. Бірақ сол кезде сот Дариғаның пайдасына шешілді. Өйткені қуыршақ сот солардың қолдарында тұрды. Алтыкен министр кезінде «Хабарға» бөлінген миллиардтаған соманы бюджетке кері қайтартты. Бұл Дариғаның қалтасына түсетін ақша еді. Одан бөлек, Дариға «Асар» партиясын құрып шолжаңдап жүргенде, оның түкке алғысыз партия екенін сынады. Саяси қарсылас ретінде оңдырған жоқ. Сондықтан да Дариғаның іште қатқан кегі болды. Мотив – осы.

Енді Рахат Әлиевтің мотивіне келейік. Рахат Әлиев, Әлнұр Мұсаев екеуі мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны белгілі. Мұны ҰҚК-ні екі рет басқарған Мұсаевтың өзі әлеуметтік желіде мақтанып айтып жүр. Сол кезде Алтыкен Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып қызмет атқарды. Назарбаев өзін масқаралау мақсатында сайтқа шығып жатқан деректерді тексеруді Қауіпсіздік кеңесіне тапсырды. Ал Алтыкен мұны жасатып отырған өзінің күйеубаласы Рахат Әлиев екенін білді және оны әшкереледі. Назарбаевтың құбыла кететінін, сатып кететінін де түсінді. Бірақ сол кезде Назарбаевтың алдына барлық дәлелді тастағанда, ол сылқ етіп құлаған. Қан қысымы көтеріліп, жүрегі ұстаған. Дәрігерлері келіп жәрдем көрсеткен. «Рахат мені сатып кетті» деп жыларман болған. Бірақ арада бір апта өткеннен кейін Назарбаев «сатқын» деген күйеубаласымен тіл табысып, өзін құтқарып қалғандарды сатып кетті. «Мен Рахатты өзімнің күзетімнің басшысының орынбасары етіп тағайындадым, мені кім күзететінін өзім шешемін. Бұл бұрынғы орнында қызметтік міндеттерін дұрыс атқарды», – деп телеарнадан мәлімдеді. Осыдан кейін Рахат «мен оларға көрсетемін» деп өзін әшкерелегендерге доқ көрсетті. Мотив осы – Алтынбек елде төңкеріс жасамақ болған Рахат Әлиевтің жолын кесті.

Демек Нұрсұлтан Назарбаевтың да, Дариға Назарбаеваның да, Рахат Әлиевтің де қастандыққа тапсырыс беруші екеніне осы дәлелдер жеткілікті.

Рахат Әлиев
Фото: ашық дереккөз

«Рахат Әлиевті құрбандыққа шалған – өздері»

– Бір кездері Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев сізді Венаға шақырып, әлдебір құжаттар бермек болыпты. Бірақ сіз бармағаныңызды білеміз. Олармен араларыңызда қандай әңгіме болды?

– Шақырғаны рас, бірақ Мұсаев емес, Әлиев шақырды. «Егер Алтынбектің ағасы Рысбек бізге жолықса, қастандыққа байланысты дәлелді құжаттар бар, соны берер едім», – деді.

Содан мен жолға жинала бастадым. «Оған несіне барасыз? Оған сенуге болмайды. Ол қазір қайын атасымен саудаласып жатыр, сізді соған пайдаланады. Ертең айнып қалады. Екінші жағынан, сізге қастандық жасатуы мүмкін. Сөйтіп оны қайын атасына аудара салады. Ал Назарбаев қастандық жасатса, Рахатқа жабады. Өміріңізге қауіп төнеді, бармай-ақ қойыңыз», – деп қарсы болғандар да болды. Мен келіспедім. «Рахат Әлиев шайтан болса да, ақиқатқа жету үшін шайтанның қолындағы құжатты алуым керек. Өміріме қастандық жасалса, одан қорқатын жағдайым жоқ. Менің өмірім Алтыкеннің өмірінен артық емес, қалай да баруым керек!», – дедім.

Сонымен виза алдық, билет алдық. Енді ұшамыз деп отырғанда «Рахат Еуропада болмайды, бір-екі аптада жөнін айтамыз» деген хабар жетті. Біз күттік. Сосын мен оларға қайда барсам да, БАҚ арқылы ақпарат жариялап отыратынымды ескерттім. «Барам дейтін журналист болса, бірге барайық. Егер өміріне қауіп төніп тұрғанын ескеріп бармаймын десе, реніш жоқ», – деп мәлімдедім. Журналист Сергей Дуванов барамын деп келісті. Қандай құжат берсе де, журналистің көзінше алуымыз керек болды. Кейіннен «астыртын келіссөз жүргізіпті» деп олар өз пайдасына жалған ақпарат таратып жіберуі мүмкін. Сонымен апта күттік, ай күттік. Сосын олар «Алтынбектің ағасы келгісі келмеді» деген жалған мәлімет таратты да, кездесуден бас тартты. Демек Әлиев сол екі арада Назарбаевпен келісті. Ол кезде Рахат Әлиев қуғында жүрген адам болатын. 2007 жылы Р.Әлиев «Нұрбанктің» менеджерлеріне қастандық жасап, өлтіртті де, елден қашты. Әлнұр Мұсаевтың айтуына қарағанда, ол жазадан құтылу үшін 2007 жылы тағы да төңкеріс жасамақ болған. Қастандық жасау арқылы Назарбаевты тақтан кетіруді ойлаған.

Тағы бір себеп мынау: Дариғаның айтқан сөздеріне екі адам куәлік етеді. Біреуі – Виктор Храпунов, екіншісі – Адонис Дербас. Екеуі де Дариғаның «Алтынбектің көзін құрту керек» дегенін растап, жария түрде айтып жүр. Демек олардың жоспары сондай болған және оны құпия санамай, «Алтынбек біздің ортақ жауымыз, ол жауды құрту керек» дегенді ашық айтуға дейін барған. Кейін Рахат Әлиев бұл қылмыстық әрекеттерді Назарбаевқа аударуға тырысты. Әлиев өзіне қарсы шабуылдағаннан кейін Назарбаев оны жауапқа тарту мәселесін қарастырады.

Рустам Ибрагимов
Фото: ашық дереккөз

Қазір Рустам Ибрагимов өмір бойына бас бостандығынан айырылып, үш адамды атып өлтірген қылмыскер ретінде түрмеде отыр. Сол Ибрагимов 2007 жылы өзіне ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаевтың келгенін айтады. Ибрагимов Шабдарбаевқа тапсырыс беруші Әлиев екенін айтып береді. Одан бұрын тергеуде Ержан Өтембаевты тапсырыс беруші ретінде мойындатты. Ол жауапқа тартылып, сотталды. Назарбаевтың жасаған қулығы бойынша Өтембаевты құрбандыққа шалды. Бірақ Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев туралы бір ауыз сөз жоқ. Біз тергеу кезінде, сот барысында Дариғаны да, Рахатты да, Әлнұр Мұсаевты да күдікті ретінде жауапқа тартуды талап еттік. Талабымызды тергеуші де, сот та қабылдамай тастады. Демек сол кезде прокурор да, сот та, тергеуші де Рахаттың айтқанымен жүрді. Ол кезде Рахат әлі де Назарбаевтың күйеубаласы еді. Қай қызметте болса да, ықпалы күшті болды. Кейін ол бар кінәні қайын атасына артып тастағаннан кейін бұлардың арасында ашық соғыс жүре бастады. Ибрагимов «тапсырыс беруші Өтембаев емес, Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев» деп арыз жазды. Сосын сол арыз негізінде екінші сот отырысы өтті.

Ержан Өтембаев
Фото: ашық дереккөз

Біз сот басталғанда-ақ Өтембаевтың тапсырыс беруші емес екенін, оның мотиві мардымсыз екенін ашық айтқанбыз. «Время» газетінде ме, Алтыкен ешкімнің аты-жөнін айтпай, «үкіметтің бір қызметкері Кремльге барғанда арақ ішіп мас болып, Путиннің төңірегіндегі адамдармен кездесуге бара алмай қалыпты» деген. Ол жерде Ержан Өтембаев деп аты аталып тұрған жоқ. Аты аталса, сол ар-намысына тиді, соған кіжінді, өштесті, жауласты, содан кейін осылай кек қайтарғысы келді деп айтуға болар еді. Бірақ ондай сөз жоқ. Бұл – тек қана сылтау. Ал осы сылтауды Мұсаев пен Әлиев өз пайдасына бұрып алды. Демек, бәрі бір ұйымдасқан қылмыстық топ. Оның басшысы, жетекшісі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Әлиевтің Аустриядан байланысқа шығып, қолында Назарбаевқа қарсы дерек бар екенін айтқаны сол себепті. Кейіннен бұл дерек жайлы әңгімені тоқтатып қойды. Демек, сол кезде Назарбаевпен арадағы соғыс тоқтады. Ойлап қарасақ, 2007 жылдан 2014 жылға дейін Назарбаев та, ҰҚК де, ІІМ де кісі өліміне қатысты саяси тапсырысты Өтембаев емес, Әлиев пен Мұсаев бергенін біле тұра, олардың үстінен қылмыстық іс қозғаған жоқ. Егер олар Әлиевке тиіссе, арттары ашылып қалар еді. Өйткені Рахат Әлиев Назарбаевтың отбасымен бірге жауларының көзін қалай құрту туралы ақылдасқанын жайып салуы мүмкін ғой. Сондықтан Назарбаев сәл тежеліп, істің аяғын күтті. Әлиевтің «Нұрбанкте» жасаған қылмысы, 2007 жылы тағы төңкеріс жасамақ болған әрекеті екеуінің арасын айырып жіберді. Сол кезде оларға бір-бірінен артық жау болған жоқ. Содан кейін Дариға әкесінің айтуымен, не болмаса өз еркімен Рахаттан ажырасты. Яғни ресми түрде отбасылық қарым-қатынасты үзді. Енді Рахат Әлиев Назарбаевқа ешкім емес. Оның шешімі бойынша Әлиевке не істесе де, өзі біледі. Сонда Әлиевтің қолындағы қандай құжат? Әлиевтің айтуынша, Назарбаев Аустрияда емделіп жатқанда Әбіқаевқа: «Сары баланың көзін құртыңдар!», – деген тапсырма берген-мыс. Әлнұр Мұсаевтың айтуына қарағанда, «Сары бала» деп отырғаны – Алтынбек Сәрсенбаев. Рахат Әлиевте осы тапсырма айтылған әңгіменің аудиотаспасы болған. Әлиев оны Аустриядағы полиция бөлімшесіне арыз жазып тапсырған. Бірақ ол бұл істі соңына дейін жеткізген жоқ. Әлиевті «түрмеде асылып өлді» дейді, оны өлтіртті. Бұл тапсырыстың кімнің тарапынан болғаны түсінікті. Бұл да – Назарбаевтар отбасынан келген тапсырыс. Ұйымдасқан қылмыстық топтағылар өздерін сақтап қалу үшін қажет болса бірге жүрген серіктерін де құрбандыққа шалып жібереді. Міне, Әлиевтің өлімі де дәл осындай нәрсе.

«Алтынбектің орны әлі ойсырап тұр»

– Тағы бір дерек бойынша «киллер Ресейден келген» деген сөз бар. Бұл қаншалықты шындық? Сол тұстарда Назарбаевтың әкімшілігінде жұмыс істеген Алексей Кекшаев деген кім? Оның бұл іске қатысы болуы мүмкін бе?

Алексей Кекшаев – Рим папасын Қазақстанға алып келіп, оның қолын біраз адамға сүйдірген адам. Қолын сүйгендердің арасында Дариға да, Назарбаев та болуы керек. Қолын сүйгенде не қасиет бар екенін түсінбеймін, бірақ үлкен саясатта бұл да рөл атқарады. Бұлардың «Рим папасының пайдасын көреміз» деген мақсаты болған шығар, бәлкім.

Кекшаев – билікке кеңесші болған адам. Соны біреулер Ресейде, тағы басқа елдерде қызмет ететін шетелдік барлау қызметінің өкілі дейді. Оны мұнда алып келген – Нұртай Әбіқаев. Ал Әбіқаевтың Өтембаевпен байланысы бар. Өтембаевтың аты қылмыстық істе аталғандықтан, Кекшаевқа тапсырма беруі мүмкін дегендей әңгімелер айтылды. Оның қылмысқа қатыстылығы жайлы мәселе содан шықты. Назарбаевтар отбасының қылмыстық әрекет жасау қаншалық қауіпті екеніне, қаншалықты іске асуы мүмкін екеніне, не болмаса сәтсіздікке ұшыраса, саяси бұрмалау жасап, одан қалай құтылуға болатынына ақылдары жете қоймауы мүмкін. Бұл, шамасы, Кекшаев сияқтылардың кеңесі болса керек.

Ал енді «киллер шетелдік болуы мүмкін» деген пікір мынадан шықты. Ибрагимов соттағы сөзінде: «Қылмыс жасалған күні Дудаев деген біреуді Мәскеуге ұшаққа шығарып салдым», – дейді. Ал сол Дудаевтың кім екенін тергеу де, сот та, прокуратура да, екі сот отырысы да назарға алмады. Ол шетелдік агент пе, жоқ әлде Рахаттың жалдамалы адамы ма, болмаса Кекшаевтың тауып берген киллері ме – кім екені белгісіз. Қазір Ибрагимов түрмеде «мен ешкімді атқан жоқпын» деп отыр. Бірақ бұған дейін екі сот отырысында да кінәні өз мойнына алған. Бұл да толық анықталмаған жағдай. Мүмкін Ибрагимов әдейі шатастыру үшін Дудаевты ойдан шығарған шығар? Бұл жағы маған белгісіз.

Гаши Машанло
Фото: ашық дереккөз

– Қылмыстық істі өрескел бұрмалағандар неге жауапқа тартылмады? Сол кездегі Ішкі істер министрінің, Алматы қаласы полиция бастығының, Бас прокурордың істі бұрмалауға қаншалықты қатысы болды? Тергеу тобын басқарған Гаши Машанло қазір қайда?

– ІІМ-нің ерекше істер жөніндегі тергеушісі Гаши Машанло ол кезде подполковник болатын. Ол – жоғарыдан берген тапсырманы орындап, заң бұзған адам. Ибрагимовтің айтуы бойынша, оған бас прокурор мен ішкі істер министрі істі бұрмалауды тапсырған. Талдықорған мен Қаскелеңде өткен сот процестерінде сол адамдарды сотқа шақыруды талап еттік. Талап орындалмады. Назарбаев өзінің тікелей берген тапсырмасын орындаған арнаулы нөкерлерін жауапкершілікке тартқызбады. Қазір енді Назарбаевта билік жоқ. Сонда да жай жүрген жоқ, қайта-қайта Кремльге сұғанақтап барып жүр. Соған қарағанда, өзі жасаған бұрынғы көп қылмыстары үшін жауапқа тартылатынын сезініп, иеленген есепсіз байлықтарын қалай сақтарын білмей, тартып ала ма деп үрейленеді. Оның жасаған сұмдық қылмыстары өте көп. Сондықтан бұл жерде Назарбаевтан бастап бәрін жауапкершілікке тарту қажет. Қоғам талап етсе, қазіргі президент саяси шешім қабылдаса, мұны іске асыруға болады.

 Әбікенов
Фото: ашық дереккөз

– «Арыстан» жасағының командирі болған Әбікенов кейіннен сұхбат беріп, «көп деректерді айтуға әлі ерте» деді. Ол кімнен қорқуы мүмкін?

– Әрине, кез келген қылмыскер алғашқы тергеуде бірден нақтылы жағдайды мойындап, хаттама жазып беруі мүмкін. Содан кейін өзін құтқару үшін «қателік жібердім, бәрін мойныма алғаным дұрыс болмады» дейді. Кінәні басқаларға арту үшін қысым көргенін айтады. Шынымен көп жағдайда тергеуге түскен күдікті жан-жақты ауыр қысымдарға ұшырайды. Мұндай қысым Ибрагимовке де қолданылуы мүмкін. Бірақ ол оған оңай көне қоятын адам емес. Ол өзі қылмыстық істердің бел ортасында жүрген бұрынғы полиция қызметкері. Ибрагимовті білетіндер оны «жартылай бандит» дейді. Ол қылмыскерлердің жауаптан қалай жалтаратынын беске біледі. Сондықтан оның «маған қысым жасады» деуі – жалған әңгіме. Ол жерде Ибрагимов те, құзырлы органдар да Рахат Әлиевтің тапсырмасымен жұмыс істеді. Сөйтті де, жасалған қылмысты Өтембаевқа аударып тастады. Ол біраз жылға сотталып кетті, кейін жазасы жеңілдетілді. Түрмеден шыққан соң күйіктен қайтыс болды. Сол кезде Әлиевтер тергеудің қалай жүретініне дейін араласты. Өздерінің «Караван» газетінде қылмыс туралы еш жерде айтылмаған ақпараттарды жариялап отырды. Демек олар тергеуді бақылап, нұсқау беріп отырды. Әлиев ұсталғандардың қалай сөйлеу керегін қағазға жазып, өзінің адвокаты арқылы қолдарына ұстатқан. Әбікенов кемінде 20 жылға, не болмаса өмір бойына түрмеге отыру керек еді. Қазір ол әлеуметтік желіге шығып, өзін аянышты етіп көрсетіп, халықты алдап отыр. Ол жеке бас пайдасы үшін жұмыс істеді. ҰҚК-де, «Арыстанда» ондай әрекеттер істеу масқара нәрсе. Ал олар антын бұзып, қылмысқа барды. Үш адамның өмірін қиып, отбасын аңыратып қойды. Олар қоғамға талай пайда келтірер еді. Соның бәрін көре тұра араласпаған Әбікенов «Алтынбек Сәрсенбаевты білмей қалдым» деп өтірік айтады. Мен «Арыстандағы» адамдардың қандай жағдайда өмір сүретінімен таныспын. Сол адамдардың айтуынша, мемлекеттегі бүкіл басшылардың аты-жөнінен бастап, суретіне дейін бәрі оларға белгілі. Өйткені «Арыстан» жасағы террорлық әрекет кезінде немесе қастандық жасалса, осы басшыларды қорғайды. Ал олар кімнің кім екенін білмесе қалай қорғайды? Сондай-ақ оларға өте қауіпті қылмыскерлер жайлы да ақпарат беріп, оқытады. Демек Әбікеновтің білмей қалдым деуі – сандырақ сөз. Одан да ол «мен мына адамның тапсырмасын орындадым» деп ашық айту керек. Олар «ҰҚК осындай қылмысқа жұмсады, мұны бұйрық деп қабылдадық» деп шындығын айту керек еді. Өйткені ҰҚК әлдебір бизнесменді кездесуге алып баратын құрылым емес.

– Қылмыстық іске байланысты АҚШ-тан ФБР қызметкерлері арнайы шақыртылып, тергеу жүргізді. Бұл тергеу деректерінің жарыққа шықпауына не себеп?

– Иә, ФБР шақырылды. Сұрақтар қойды. Сұрақтарға қалай жауап бергенін білмеймін. Бірақ олардың эмоциясы бар өтірікті шығарып беретіні белгілі ғой. Ибрагимовтің ФБР-ге берген жауабы тергеуде берген жауаптарына мүлде сәйкес келмейді. Қазір ФБР жайлы Ибрагимов өзін ақтау үшін айтып жүр. Егер атқан басқа адам болса тергеу жұмысын жалғастырып, оны іздеу керек қой. Ибрагимов жауап берсе, шындық детекторы бәрін анықтайды. Оны ФБР анықтады да. Соны прокурор Кириленко «шындық детекторы ФБР-дің меншігі, оны пайдалануға ешқандай заңдық негіз жоқ» деген сылтаумен іске қоспады. Біз оның сотта ескерілуін талап еттік. Бірақ сот аяқасты аяқталды. Ибрагимов пен Өтембаевқа соңғы сөз берілмеді. Одан бұрын Өтембаев тергеуге алынуы керек болатын. Сот төрағасы біздің қорғаушылардың қысымымен оны тергеуге алынады деген болатын. Арада 4-5 күн өткенде жарыссөзді әдейі бастап жіберді. Талдықорғандағы сотта тергеуден бастап сотқа дейін судья Мерекенов өзіне берілген тапсырмамен жұмыс істеп, бұрмалаулар жасады. 2007 жылы сол сот әділ үкім шығарса, кінәлілер жазасын алса, Рахат Әлиев «Нұрбанктің» екі менеджерін өлтірмес еді. Мінеки, осылай бір қылмыс екінші қылмысқа жол ашады.

«Назарбаев неге осындай қылмыстық әрекеттерге барды?» деген басты сұрақ туады. Өйткені парламент оған арнайы заң жасап берді. «Елбасы – тұңғыш президент туралы» заң шығарып, «президент пен оның отбасы қандай қылмыс жасаса да, тергеуге алынбайды, дүние-мүлкі тәркіленбейді» деп жазды. Сол заңның күшін жою керек деп қаншама жиындарда мәселе көтердік. 2019 жылы «Мәсімов пен Тұрғанбаевты қызметінен кетіру керек» деген талап қойдық. Сол кезде талабымызға президент пен парламент құлақ асса, 2022 жылы қаңтарда қанды қырғын болмас еді.

– Сіз бір сөзіңізде «Алтынбекке атылған оқ – халыққа атылған оқ» дедіңіз. Бұл оқиға Қазақстан қоғамы мен саясатына қалай әсер етті, не жоғалттық деп есептейсіз?

– «Алтынбекке атылған оқ – халыққа атылған оқ» деген сөзді Қабдеш Жұмаділов, Софы Сматаев, Ғаббас Қабышұлы сияқты зиялылар айтқан. Мен солардың сөзін қайталап айттым. Өйткені олар Алтынбекке атылған оқпен халықты үрейлендірді. Қоғам Алтынбек көрсеткен даму жолымен ілгері басуын тоқтатты. Жаңаөзен мен Қаңтар қырғыны болды. Саяси тұтқындар ашық пікір айтқаны үшін сотталып жатыр. Осы тұрғыдан алсақ, Алтынбекке атылған сол оқтар әлі күнге дейін толастаған жоқ.

Еліне қорған, көшбасшы болатын тұлғаның саяси террор арқылы көзін құрту – қоғам үшін өте үлкен апат. Алтынбегінен айырылған халық 20 жыл өтсе де, әлі күңіреніп, күрсініп жүр. Алтынбек секілді азаматтар шығып, қоғамды өзгертсе екен деп тілеп жүр. Демек Алтынбектің орны әлі ойсырап тұр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

P.S. Құрметті оқырман, Рысбек Сәрсенбайұлымен сұхбатымыздың толық нұсқасын Jas Alash Youtube-арнасынан көре аласыздар.

Cұхбаттасқан Тұрсынбек БАШАР