Рысқалиевтің ұлы Лондоннан 1,3 млрд теңгеге элиталы пәтер сатып алды

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің ұлы Аслан Рысқали Ұлыбритания астанасы Лондон қаласынан бағасы шамамен 1,3 миллиард теңге тұратын элиталық пәтер сатып алған.
Аслан Рысқали қазіргі таңда Лондонда тіркелген Kennington Green Management Limited компаниясының директоры ретінде тіркелген. Аталған компания Кеннингтон Роуд көшесіндегі элиталы тұрғын үй кешеніндегі екі нысанның жалға берілуі мен техникалық қызмет көрсетуіне жауапты.
Дегенмен «Выход к морю» Telegram-арнасының мәліметінше, бұл компанияны классикалық мағынадағы “басқарушы компания” деп атау орынсыз. Себебі бұл – пәтер иелері кооперативі (Homeowners Association) болып есептеледі. Мұндай кооператив құрылымында әрбір меншік иесі компания жұмысына тікелей қатыса алады әрі дауыс беру құқығына ие.
— Аслан Рысқалидің директор атануы оның осы кешеннен пәтер сатып алғанын білдіреді. Яғни, ол – сол үйдің толық құқықты иелерінің бірі, - делінген арна жазбасында.
Қандай пәтер және қаншаға сатып алынған?
Telegram-арна келтірген дерек бойынша, Аслан Рысқали 2021 жылғы сәуірде Лондондағы 346-нөмірлі үйдің төменгі қабатынан 275 шаршы метрді құрайтын, төрт жатын бөлмесі бар пәтерді сатып алған. Сауда құны — 1,51 миллион фунт стерлинг. Қазіргі нарықтық бағасы 1,88 миллион фунт шамасында, бұл теңгеге шаққанда шамамен 1,3 миллиард теңгені құрайды.
Бергей Рысқалиев кім?
Бергей Рысқалиев — Атырау облысын 2006–2012 жылдар аралығында басқарған экс-шенеунік. 2012 жылы қызметінен босатылып, артынша оған және оның айналасындағы бірқатар тұлғаларға ірі көлемде қаржы жымқыру және ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылған. Кейін шетелге қашып кеткені туралы хабар тарады. Рысқалиевтің мүлкіне Қазақстанда бұғат қойылып, іздеу жарияланған.