Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:00

Ритуалды экономика: Той және тобырлық сана

Той
Фото: Турар Казангапов \ /tengrinews.kz

                           «Бір өзбек, бір орыс, бір қазақ болыпты. Үшеуі де арманшыл екен. Өзбек: шіркін, Айға                   барып,      базар ашсам дейді. Орыс: орасан арақ зауытым болса деп армандайды. Қазақ:                          әйелім ұл тауып,    шілдехана тойын жасасам; одан сәл өте бере бесік тойын жасасам; одан            өте бере тұсаукесер тойы болса; одан өте бере сүндет тойын дүркіретсем; одан өте бере                          мектепке барған тойын, мектеп бітірген тойын; академияға түскен тойын, оны бітірген                      тойын                   өткізсем. Содан соң үйлену тойын бес жүз адам шақырып шуылдатсам... Не                керек, қазақтың                арманы:            той, той, той».                                                            Шерхан Мұртаза «Тәуекел той».

 

Бүгінгі күні халықтың қазынасы да, базынасы да осы той. «Қазақтың тойы бітпесін» деп мақалдатып қойып, бардың малын шашып, жоқтың артын ашып жүрген той индустриясы қазір даңғазалық пен дарақылықтың мекеніне айналған. Қит еткеннің бәріне сауын айтып, шабылып той жасайтын бүгінгі ағайынның тойы тоғышарлыққа, асы аста-төк астамшылыққа айналып бара жатқандығы да жасырын емес. Тіпті өлім-жітім, ас берудің өзі анау-мынау тойдан кем өтпейтін болғалы қашан.

Кез келген халық үшін әдет-ғұрып оның наным-сенімінен, дүниетанымынан бастау алатын мәдениеттің алымды бір бөлігі. Соның ішінде той мәдениетінің өзінше бір қалыптасқан жоралғылары бар. Орталық Азия елдерінің той мәдениеті туралы зерттеуінде ресейлік әлеуметтанушы Светлана Барсукова дәстүрлі қоғамдардағы мұндай көріністі рационалды логиканың әлеуметтік нормаларға бағынуын білдіретін ритуалды экономика ұғымымен түсіндіреді. Яғни қоғамдағы осы бір әсіре тойшылдық адамның жеке шешімінен гөрі әлеуметтік қысымның нәтижесі. Демек тойлардағы демонстрациялық ысырап, бұл отбасының әлеуметтік мәртебесінің қоғамдағы көрнекі көрінісі іспетті. Әдетте мұндай ескірген ғұрыптардың арқасында белгілі бір топ пайдаға кенеліп жатады.

«Әлемдегі көптеген елдерде жүргізілген зерттеулерден кейбір әдет-ғұрыптардың сол дәстүрді ұстанушыларға арналған қызметтер мен өнімдерді ұсынатын нарықты қалыптастыратындығын байқауға болады. Мысалы, Үндістанда қасиетті Гангаға зиярат етушілер тұтас бір қаланың экономикасын жандандырып отырған болса, Вьетнамда ата-бабалармен байланыс орнату үшін өртейтін арнайы қағаз өнімдерін өндірушілер бар», – дейді Барсукова.

Бізде де тойдың айналасында кәделі кәсіптің көзін тапқан әнші, биші, өнерпаздарды айтпағанда, киіт, шапан, ақ орамал, тойбастар сияқты салт-дәстүрлерді табысты бизнеске айналдырған тұтас бір индустрия өмір сүріп отыр.

Қазір үйлену тойларында асаба, музыкант, оператор мен бишілер сияқты негізгі қызметтерден бөлек, love story, той кортежі, жас жұбайлар вальсі, фуршет, кейтеринг, этноансамбльдер мен театральды қойылымдар ұсынылады. Бағалары да арзан емес. Мәселен, тек күйеу баланы ортаға батырлармен алып шығу үшін 150 000 теңге алады. Бір қарасаң, ұзатылған қызды хандарша ақ киізге көтеріп, күйеу баланы айдын-күннің аманында батырлардың қорғап жүргені де ерсілеу көрінеді. Содан келіп, бұл біздің дәстүр деп бұра тартатынымыз бар.

Этнограф Аманжол Қалыштың айтуынша, мұндай «дәстүрлердің» кейбірі мүлде ойдан шығарылған, орынсыз болса, кейбірі белгілі бір тап өкілдеріне ғана арналған ғұрыптар екен.

«Атадан келе жатқан қазақтың той дәстүрі бәріне ортақ. Оны жарлы да, бай да көрпесіне қарай көсіліп, шамасынша жасайтын. Ол кезде қазіргідей таптық бәсеке жоқ еді. Кеңес өкіметінің тұсында біз осы тапқа, руға, жағдайға үйлескен дәстүрдің мәйегін жоғалтып алдық. Қазіргі тойларда келіннің ата-енесіне торт асатып жататыны секілді, жөн-жосықсыз масқара дәстүрлер көп», – дейді Аманжол Боранбайұлы.

Елімізде үйлену тойларына орташа есеппен алғанда, 6-10 млн теңге жұмсалатын көрінеді. Біздің елде мұндай сома әркімнің қалтасынан табыла бермейтіні де ақиқат. Салыстыра айтсақ, ресми статистикалар бойынша айлық жалақы көрсеткіші 600 доллар болатын қазақстандықтардың үйлену тойына жұмсайтын ақшасы (25 000-30 000) орташа жалақысы 2 300 долларды құрайтын француздарды екі орайды екен. Бұл ең әуелі қоғамның қарызға батуына, әлеуметтік теңсіздікке әсер ететіні айтпаса да түсінікті.

Экономикалық эффектісі жоқ, қайтарымсыз ақша

«Жалпы қаржылық сауаттылық көзқарасымен қарасақ, той сияқты өтіп кететін бір сәттік іс-шаралар үшін кредит алу, әсіресе қазіргідей несие мөлшерлемесі жоғары уақытта тиімсіз. Себебі ол экономикалық эффектісі жоқ, қайтарымсыз ақша. Мұндай кредиттермен әуестену азаматтардың болашағын ұрлайды. Жалпы осы бәсекелестікпен, той үшін кредит алу елімізде 2010 жылдарда пайда бола бастады. Қазір мемлекет азаматтардың шамадан тыс кредит алуына барынша тосқауыл қойып отыр. Соның ішінде несиесі бар, оны төлей алмаған жағдайда несие беруге толық тыйым салынған. Микро және онлайн қаржы ұйымдарының жұмысына қатаң мониторинг жүргізіп, қарыз қамытын киген азаматтарды қаржылық оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді экономист Айбар Олжай.

Ал әлеуметтанушы Светлана Барсукова Орталық Азия елдерінде той несиелері туралы жарнамалардың кең таралғанын айтады. Тіпті 2018 жылы Өзбекстанда салтанатты іс-шараларға 3 жылға жылдық 21%-бен берілетін несиелеудің арнайы түрі ашылған көрінеді. Мұндай несие жарнамалары көбіне отбасының бақыты баянды болу үшін тойдан ақша үнемдеуге болмайтындығына сендіреді. Дәл осындай лозунгтер өткен ғасырдың 30 жылдарында Америкада гауһар тасы бар неке жүзіктерін жарнамалауға қолданылған. «Екі айлық жалақы мәңгілік бақытқа татиды» деген хабарламалардың өтімді болғаны сонша, санаулы жылда гауһар тасты жүзіктердің сатылымы 10%-дан 80%-ға дейін өскен көрінеді. Алайда зерттеушілер Andrew M. Francis пен Hugo M. Mialon бірқатар демографиялық және қарым-қатынас ерекшеліктерін бақылай отырып, 2014 жылы 3000-нан астам тұрақты некеде тұрған адамдар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, керісінше, үйлену тойы мен неке сақиналарына көп шығындалған жұптардың жиірек ажырасатынын анықтаған. Өкініштісі сол, қымбат тоймен бақытты отбасылық өмірді сатып ала алмайсыз.

Осы тұста біраз дауға себеп болып жүрген қалың мал жайын да айта кетпеске болмас. Қалың малды біреу салт десе, біреу сауда деп жүр. Жастардың көбі қалың малды басы артық дәстүр деп санайды. Ал кейбіреулері бұл үлкендердің шаруасы деп ысыра салып жүр. Дегенмен мәселе екі жастың өміріне қатысты болған соң мұндай дәстүрлердің енді ірге жайып келе жатқан жас отауға ғана емес, сондай қараша отаулардан құралған қоғамның өзіне әсер етпей қоймасы да анық. Мәселен, Әділет есімді әлеуметтік желі қолданушысы қазір қалың мал дәстүрінің көп жастың бағын байлап жүргенін айтады. Өзі де той дайындығы мен қалың мал қамымен үйлену жайын шегере тұруына тура келген.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде қалың мал салты сақталған. Меніңше бұл ескірген үғым сияқты. Қалыңдығымның отбасына құда түсе барғанда нақты сумма айтылды. Қазір қыздың қалыңы кемі 1 миллион болады. Оның үстіне жоғары білімі, дипломы, қосымша білімі болса, еселене береді» – дейді Әділет.

Мәдениеттанушы, журналист Зира Наурызбаева қалың мал кезінде керек дәстүр болған, тек оның мәні баяғыда жоғалған дейді. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысында» қалың мал құдаласқан екі жақтың әлеуметтік-әлеуеттік жағдайына қарап берілетіндігі жазылған. Одан берірек, совет дәуірінде мүлде тыйым салынғаны белгілі. Тәуелсіздік алғалы қайта жаңғырған ескі салтты дұрыс ұстанып жүрміз бе, әлде бұрмалап алдық па? Бұған да талас көп.

«Қазақта алған қалың малдың мөлшеріндей қызға жасау жасайтын. Яғни қалың мал қыздың жасауына кететін еді. Ата-анасы қызды сатқандай болмайды, жас отбасы тезірек аяғынан тұрып кетсін деп, отауына керек жабдықтарды сайлап беру үшін алатын.

Кейін, әрине, бұл дәстүр өзгеріске түсті. ХІХ ғасырдың аяғында кетіп бара жатып, сыңсу айтқанда қалың мал алған әкесіне қыздар «мені малға саттың» деп өкпе-назын білдіретін болды.

Алашорда арыстары қалың малға қарсы болған, кеңес заманында мұндайға тіпті тыйым салынды. Мен шынымды айтсам, осыны қолдаймын», – дейді Зира Наурызбаева.

Жалпы той рәсімі экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстардың жемісі. Сол үшін қоғамға тікелей әсері бар. Ал отау көтеру неғұрлым күрделі әрі қымбатқа түскен сайын отбасы институтының құлдырап, демографияның деміге беруі де заңды. Сол үшін орынсыз бәсеке мен өміршеңдігін жоғалтып, тозығы жеткен кейбір дәстүрлерден баз кешкеніміз абзал. Өйткені мәселенің төркіні тойда емес, тобырлық санада жатыр.

Қосқанат Бауыржан

Тегтер: