Ризабек Айтмұқан: Енді олимпиада биігін мақсат етеміз
Қазақтан шыққан әлем чемпиондары
Белград төрінде қазақ әнұраны шырқалды. Бұл жолғы жеңістің жөні бөлек: тұңғыш рет қазақ ұланы еркін күрестен әлем чемпионы атанды. 19 жастағы солтүстікқазақстандық Ризабек Айтмұқан өзі алғаш қатысқан әлемдік додада тамаша өнер көрсетті.
Шынын айтқанда, Ризабектің Сербия астанасындағы додаға баратын балуандар тізіміне қосылғанын білгенде, селт ете қоймаған едік. Күтпеген жерден келген жақсылықтың тәтті болатыны рас. Жастар арасындағы әлем чемпионатының финалисі, биылғы Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы Ризабек Айтмұқан азулы қарсыластарының бәрін еркін жеңді. Елге келген соң қазақтың ықыласына бөленген балуан «Жас Алаштың» сұрақтарына жауап беруге де уақыт тапты. Сұхбатты біз әкесі Қанат Жолдасбаевтың, физикалық дайындық жөніндегі бапкері Эдуард Базровтың естеліктерімен де толықтырдық.
- Ризабек, ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатында бірден топ жардың. Қазақ жанкүйерлері бұған дейін сені көп білген жоқ, сондықтан бұл жеңісің оларға үлкен тосын сый болғаны анық. Өзің үшін ше? Жеңісті өзің қалай қабылдадың?
- Қатты толқып жүрмін. Ересектер арасында алғаш Қазақстан чемпионы атанғанда қатты қуанған едім. Өйткені бұған дейін жастар арасында нәтижелерім жақсы болғанына қарамастан, ересектер күресі мүлде бөлек. Мадияр Құрамысов бастаған бапкерлер құрамы маған сенім артып, 92 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатына қатысатын балуандар қатарына қосқанда, төбем көкке сәл ғана жетпей қалды. Енді, міне, әлем чемпионы атанып отырмын. Белградта өткен әлемдік дода аяқталғаннан кейін де, екі күннен соң елге оралғанда да, бұл жеңісімнің маңызын түсінгендей болып жүр едім, бірақ менен гөрі қазақ халқының осындай жеңіске сусағанын көрдім. Халықтың ықыласы мен махаббаты мұндай жеңістің ұзақ күттіріп барып келгендіктен де қымбат екенін ұқтыра түсті.
- Өзің 92 келіге қашан тұрақтадың? Бала күніңнен сұңғақ болыпсың, жасы үлкен, салмағы ауыр балуандармен тіресіп өсу қиын болған жоқ па?
- 2021 жылдан бастап осы салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп келемін. Жасөспірім кезімде бойым сұңғақ болса да, салмағым жетіңкіремейтін. Сүйекке ет бітіп, оның қатаюына да уақыт керек қой. Қарсыластарымнан 3-4 келі жеңіл болсам да кілемге жасқанбай шығатынмын. Нәтиже жақсару үшін өзімнен жасы әлдеқайда үлкен, тәжірибесі де бай балуандармен көп күрестім. Осы жағдай да мені шыңдады. Бұған әкем Қанаттың көмегі көп тиді. Алғаш күрес секциясына ынтасыз барып жүрдім. Тіпті әкем қинап әкелді десем де болады. Өзім футболшы болғым келетін. Бірақ бірте-бірте ықыласым арта түсті. Алғашқы жарыста жеңіске жеттім, бұл маған ұнап қалды. Сөйтіп, өзім де ары қарай қамшы салдырмадым.
Қанат Жолдасбай, Ризабектің әкесі, алғашқы бапкері:
- Ризабек ірі бала болып туды. Өзі ұлымның үлкені. Денесіне, тұлғасына қарап отырып, оның ірі денелі болатынын аңдадым. Бала күнінде бір салмақ дәрежесінде сынға түссе, екі-үш жарыстан кейін басқа салмақ дәрежесіне ауысуға тура келетін. Бірақ мен оны қинаған жоқпын, салмағын ерте бастан қуып, тығырыққа да тірегенім жоқ. Мұндай кезде жас ағза булығып, өспей қалады. Балам ауыспалы кезеңге келгенде де қатты іздендім. Оған жақсы жаттықтырушы, жақсы фитнес-бапкер, жақсы орта табуым керек болды. Біз алдымен Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында бастадық. Содан кейін үздік бапкерлер іздеп, Астанаға бет түзедік. Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт мектебінде Самат Жақыповтың қол астында жаттықты. Осы мектепте оқып жүргенде Ризабек кіші жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының және Бүкіләлемдік балалар ойындарының қола жүлдегері атанды. 2019 жылы Ризабек 10-сыныпта Алматыға ауысты. Мұнда Шаңырақ ықшамауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне қабылданды. Осы жерде ағайынды Еркебұлан, Роллан Кешубаевтардың қарамағында жаттыға бастады. Қазір Еркебұлан Кешубаев – Ризабектің жеке жаттықтырушысы.
- Ұлттық құрамада басты қарсыласың кім болды? Бас бапкер М.Құрамысов әлем чемпионатында өнер көрсететіндер тізіміне сені қоса отырып, қандай меже қойды?
- Құрамадағы басты қарсыласым – Әбдіманап Байкенжеев. Менен бір жас үлкен Нұрдәулет Бекенов есімді мықты қарсыласым да бар. Қазақстан спартакиадасында жеңіске жеткен соң, құрама бапкерлері сенім артты. Әлем чемпионатында қалайда жеңесің деп ешкім ауыр жүк артқан жоқ, бірақ өзіме сенімім зор болды.
- Әлемдік додаға өз-өзіңе қандай меже қойып бардың? Кімдерді басты қарсылас санадың?
- Жеребе рейтинг бойынша тартылды. Менің жолымда әлемдік рейтингтегі сегізінші және төртінші орында тұрған балуандар бар екен. Мен өзіме «әлем чемпионы болуым керек» деген мақсат қойдым. Осы жарыстың алдында, бір ай бұрын Иордания астанасы Амман қаласында жастар арасындағы әлем чемпионатында жақсы өнер көрсеткен едім. Финалға жолдама алдым, онда жастар арасындағы екі дүркін Азия чемпионы ирандық Голамали Әзимиге есе жібердім. Енді сол балуаннан есе қайтарғым келеді.
- Алғашқы қарсыласың – мажар балуаны Балаж Аттила Юхаш. Оны білетін бе едің? Есеп 13:3 болды. Оған қалай дайындалдың?
- Бұл балуан маған бұрыннан таныс. Әлем чемпионатынан екі ай бұрын халықаралық турнирде кездестік. Айқын басымдықпен жеңдім. Юхаштың физикалық дайындығы өте күшті. Кілемде ыңғайсыздық тудыратын қарсылас болады, Юхаш та сол қатардан. Дегенмен оны еркін жеңе алған сияқтымын.
- Ширек финалдағы қарсыласың түрік Фейзулла Ақтүрік Еуропаны екі рет жеңген, жастар арасында әлем чемпионатынан жүлде алған балуан еді. Оны таза (11:0) ұттың. Ойлаған жоспарың түгел іске асты ма?
- «Ересектер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетпесем жетпейін, бірақ осы түрік балуанынан қайтсем де есе қайтарамын» деп бекіндім дода басталғанда. Екеуміздің жолымыз ширек финалда түйісетіні белгілі болды. Сондықтан Юхашты жеңіп, түрік балуанына жол ашып алу маған маңызды еді. Бұған дейін Ақтүріктен екі рет жеңілгенмін. Өткен жылы қазан айында жастар арасында өткен әлемдік додада (Испания, Понтеведра) Ақтүрікпен қола жүлде үшін күресіп, 3:14 есебімен жеңілдім. Сосын биылғы ақпан айында Александрия (Египет) қаласында өткен рейтингтік турнирде қола жүлде үшін күресіп, 0:10 есебімен есе жіберген едім. Белград кілемінде Ақтүрікке еш мүмкіндік бергенім жоқ, таза жеңдім.
- Жартылай финалда грузин Мирани Майсурадзеге жалғыз ұпай бердің. Өзіңдікі сегіз ұпай болды. Бұл белдесудің қандай ерекшелігі болды?
- Ол балуанды да бұрыннан білемін. Қазір әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Бұған дейін әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген. Онымен күш сынасып көру де мақсатым еді. Майсурадзенің белдесу соңына қарай шаршап қалатынын білдім. Сондықтан күшімді ретті жұмсап келіп, белдесу соңында қарқынымды арттырдым.
- Финалда Әзербайжан атынан шыққан дағыстандық балуан Осман Нұрмагомедов тап келді. Ол бұған дейін екі әлемдік додада қола жүлде алған сақа балуан ғой. Оған қандай амал ойластырдыңдар?
- Финалдық белдесуге өте жақсы көңіл күймен шықтым. Шынымды айтсам, ақтық сынға жеткенім үшін де бақытты едім. Бірақ финал ертеңіне өтетін болды да, кешқұрым таразыға тұрсам, салмағым 1 келі 600 грамм асып кетіпті. Екі сағат салмақ қудым. Өте қиын болды. Қатты шаршап қалдым. Финалдың ерекшелігі сол, сен уысыңда қандай да бір жүлде бар екенін білесің. Күнібұрын қуанып жүресің. Бұл да дұрыс емес, негізі. Сондықтан өзімді көп босаңсытпай, қанша қиналсам да салмағымды ретке келтіріп, өзімді жақсы қайрап, дұрыс тынығып алуға тырыстым. Нұрмагомедов о бастан жарыстың басты фавориттерінің бірі болды. Бапкерім Еркебұлан Кешубаев екеуміз шегінбей, алға жүріп, қарсыласқа мейлінше қысым жасап, белдесу жайын ойластырдық. Тұрып қалу, қарсыластың шабуылын күту, өзіңе сенбеу деген біздің әдетімізде болған емес. Османның қандай әдіске шебер екенін, қарсы шабуылда қалай қимылдайтынын білемін, әбден зерттеп алғанбыз.
- Финалда соңғы 40 секунд қалғанда 0:2 есебімен жеңіліп жаттың. Жеңіске жігерді қайдан таптың, өзіңді қалай қамшыладың?
- Нұрмагомедов бес минут бойы өте жақсы күресті. Маған көп мүмкіндік берген жоқ. Дегенмен белдесу соңына қарай оның шаршай бастағанын сездім. «Ұпай санымен ұтылып жатырмын» деп сасқаным жоқ. Әйтеуір бір мүмкіндігім болатынын күтіп жүрдім деген дұрыс болар. Соңына қарай қарқынымды арттырдым да, жеңісті жұлып әкеттім. Төреші соңғы әдісіме үш ұпай берді, мұны соңғы секундта жасап үлгердім. Бірақ есепті теңестіргенде соңғы ұпай менікі болғандықтан, бәрібір жеңістің уысымнан сусымайтынына сенімді болдым.
- 2019 жылғы әлем чемпионатында ерікті болып, Дәулет Ниязбеков финалда күресіп жатқанда кілемді сүртіп жүрген видеоң кең тарап кетті. Сол сәт есіңде ме?
- Иә, есімде. Ол кезде баламыз ғой, бұлай күресіп, жұрт алдында сын сәтінде өнер көрсетеміз деген болмайтын нәрсе сияқты қарайсың. Дәулет ағамыздың көз алдында кілем сүртіп жатып, өзіме үлкен жеңіс тілегенім де есімде. Бәрі алыс сияқты көрінеді, бірақ арада төрт жыл өткенде халқымызды қуантуға шамам жеткені үшін де бақыттымын.
- Елге келмей тұрып-ақ олимпиада салмағына ауысатыныңды айттың. 97 келіде Әлішер Ерғалимен, басқа да мықты балуандармен бәсекелесуге дайынсың ба?
- Иә, қазірдің өзінде салмағым 92 келіден асып кетті. Соңғы жарыста 1,5 келіні қуғанда біраз қиналдым. Бұл салмақта елімізде мықты балуандар көп. Әзірше нақты ештеңе айта алмаймын. Енді олимпиадаға іріктеу турниріне баруға мүмкіндік беретін Қазақстан чемпионатына дайындықты бастаймыз.
Қанат Жолдасбай: Бұл әлем чемпионаты қазақ халқының санасын өзгертті деп ойлаймын. Енді біз де әлем чемпионатын жеңе аламыз. Бұған дейін, иә, қазақ балуандарының еншісінде әлем чемпионаттарының күміс, қола жүлделері болды. Бірақ алтын жоқ еді. Бұл меже алынбас қамал сияқты болатын. Ризабек алтын алу арқылы сол қамалды бұзды, енді асқар биіктерге бастайтын шағын соқпақ салды. Бұдан кейін қазақстандық балуандар да әлемдік деңгейде кілемдерге қорқып шықпайды деп ойлаймын. Жеңіс үлгісі көз алдында тұр. «Біз де неге жеңбеске?» деген сенім енді олардың көкірегіне мықтап орнайды. Енді олар Ризабектің соны соқпағын үлкен даңғыл жолға айналдыруға кіріседі. Кейде үлкен жеңіс дәстүрі қалыптасу үшін осындай бір ғана табыс қажет болып тұрады. Кім біледі, Ризабек бір ғасырдан астам күткен жеңіске қол жеткізіп, қазақ балуандары үшін алтын қаптың аузын шешкен болар. Лайым солай болсын!
Эдуард Базров, жаттықтырушы: Ризабек – ең алдымен, ақылды жігіт. Ол боз кілемде ешқашан ашуға беріліп, сабасынан шыққан емес. Өзі режимді қатаң сақтайды. Жаттығудан бір күн қалмайды. Оның жүрегі – чемпион. Ол жаттығуға ұйқысы қанбай, босаңсып келіп көрген емес. Әкесі Қанат Ризабекті бала күнінен жақсы жолмен, ата дәстүрмен тәрбиелей білген. Бізбен таныстырғанда: «Эдуард, баламның еті менікі, сүйегі сенікі», – дегені есімде. Әуелде бұл сөздің мәнін түсіне қойғаным жоқ. Сөйтсем, ол қазақ халқының ұлы танымы екен. Біз үлкен командамыз, бәріміз Ризабектің жарысқа тас-түйін дайын болуын қадағалаймыз. Міне, тоғыз жылдан бері бір күніміз бос өткен жоқ. Енді олимпиада биігіне қол артуды армандаймыз және соны мақсат тұтамыз.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы