«Робот» сөзін неге жатсындық?
Қазіргі адамзат ғылыми техникалық прогрестің ғаламат дамыған ХХ ғасырдың перзенті болғандықтан, өз өмірін жеңілдететін небір техника жетістіктерін пайдаланады.
Солардың ішінде компьютер, смартфон және басқалары. Аңғарсақ, біздің елімізде де «құлтемір» деп аталып келе жатқан прогресс туындысын пайдалану кең етек алып келеді. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары тақырыптарының кейбіреулері мынадай: «Құлтемір адамдардың өмірін жеңілдетіп келеді»; «Адамның жұмысын құлтемір атқарады»; «Қазақша сөйлейтін құлтемір»; «Қара жорға» билейтін құлтемір жасалды»; «АҚШ-та қарттарға арналған құлтемір пайда болды». Жасанды интеллект арқылы басқарылатын бұлар адамның күрделі қызметтері мен іс-әрекеттерін мейлінше толық және жан-жақты атқарады.
Әрине, «құлтемірдің» атқаратын технологиялық қабілетіне ешқандай кінәрат қоймаймыз, күмән келтірмейміз, бірақ та бұл сөздің дүниеге келуі мен аса күрделі процестерді меңгерген құралдар тобының осылай аталуына базынамыз бар. Әрине, «Неге?» деген тосқауыл сұрақ тууы ықтимал.
Ой-пайымымызды дұрыс жеткізу үшін, «құлтемір» сөзінің дүниеге келу тарихы мен оны пайдалану іс-әрекет процесіне назар аударайық. Сонымен, «құлтемір» сөзін Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институты дайындаған, бас-аяғы 10-томдық аса құнды сөздіктен ұшырата алмадық («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 6 том, «Ғылым» баспасы, Алматы,1982). Әйткенмен, бұл сөздікте «құлтемір» сөзінің түсінігін беретін әлем ғылымы мен жұртшылығы байырғыдан қолданып жүрген сөз орын алған: «РОБОТ зат. Күрделі операцияны адамша орындайтын автомат.» ( Аталған сөздік, 8-ші том, 73-бет).
Ал енді, Қазақстан егемендік алған санатта дайындалған Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «құлтемір» сөзі өзіне тиесілі орын алып, оған мынадай түсініктеме берілген: «ҚҰЛТЕМІР — з а т. с ө й л. Бірыңғай және адам өміріне қауіпті жұмыстарды адам орнына атқара беретін темірден жасалған, автоматтандырылған құрылғы.» (Аталған сөздік, 10-том. Алматы, 2011). Қазақ тілінің «Орфографиялық сөздік» деп аталатын 1-томдығының 274-бетінде біз талдап отырған сөз орын алған, әйтесе де, сыпайылықпен бе немесе бір шикілікті сезгендей «құлтемір» сөзінен кейін жақшада – (сөйл.робот) деп жазылған (аталған сөздік, «Арыс» баспасы, Алматы-2007). Бұны сөздіктің авторларының білгендігі деп түсінеміз. Ал Т.Жанұзақовтың жалпы редакциясымен шыққан Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде былай жазылған: «РОБОТ, ҚҰЛТЕМІР Сырт көрінісі адам бейнесін елестететін, адам істейтін жұмысты орындайтын автомат». Сөздіктердегі бұндай алшақтықтар заңды күмән тудырады. Бірақ біздің мақсат басқадай.
Біріншіден, Қазақстан тіл білімі мамандарының жаппай қолдануға ұсынып отырған «құлтемір» сөзі бірден естіген құлаққа жағымсыз, ұғынғанда – сескендіреді. Әп-сәт көз алдымызға «мәнсіз – сәнсіз» батпан темір елестейді Бұл тіркес сөзді құрап тұрған, түсінуге қарапайым, «құл» және «темір» сөздері. Сонда жансыз қолақпандай «темір» адамға қалай «құл» бола алады?! Түсініксіз.
Екіншіден, құл ұстау қазіргі адамзаттың түсінігі мен табиғатына жат нәрсе. Бұл «құлтемір» сөзі бізді ғана қобалжытып тұрған жоқ, ол қолданыстағы аса жетілген құлтемірлердің өздерін де тітіркендіріп қоймай, олар тіпті «біз неге құл болуымыз керек?» деген сарынға салып, ақыры намысқа тартып, адамдардың өздеріне қарсы шабуылға шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан «құлтемір» сөзімен роботтарды атау, ғылыми зерттеулер мен басқа да салаларда қолдану аса қауіпті. Жасанды интеллект негізінде жасалатын роботтардың мүмкіндігі орасан зор. Байқамаса, ертең олар адамдарды мүлдем шеттетіп, бүкіл әлемді жаулап алуы да ықтимал. Қиялдан туған Робот пайымы: «Ойлап көріңізші, осы уақыт бойы адамдар робот көтерілісінен қорқып келеді. Бірақ ақырында олар біздің көмегімізсіз де өздерін мүлде жойып жіберудің алдында тұр...». Бұл пайымның жаны бар! Қазір адамзатқа төніп тұрған қауіп аз емес... Ал бүгінгі күннің мысалы, жуырда ғана тараған ақпарат бойынша, Оңтүстік Корей мемлекетінің Госонгтағы тарату орталығының 40 жастағы қызметкеріне робот шабуыл жасап, себепсіз өлтірген. Бұл жағдай өнеркәсіп саласындағы өсіп келе жатқан роботтық жүйелердің сенімділігі мен қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Жұмыс орнын автоматтандыру үрдісі роботтармен байланысты жазатайым оқиғалар санының өсуімен қатар жүріп келе жатқаны еріксіз алаңдатады. 2023 жылы Кореяда осыған ұқсас бірнеше оқиға орын алған, соның ішінде 20 жастағы ер адам Тэгу қаласындағы автокөлік бөлшектерін шығаратын зауытта жұмыс істеп жүргенде оның денесін робот «қолдарымен» қапсыра қысқан. Жұмыскер алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған.
Үшіншіден, Қазақстан аумағында қазақшаға жаппай аударылмайтын, тіпті аударылмаған сөздер аз емес. Олар: Республика, президент, парламент, депутат, университет, институт және т.т. Сондықтан барлық әлем мемлекеттерінде және ғылыми ізденістер мен зерттеулерде жаппай пайдаланылып келе жатқан «робот» сөзін елімізде қолданудан бас тартпау керек. Ең бастысы, «робот» сөзі халықаралық қауым жаппай қабылдаған, ғылыми тұрғыдан алғанда аса мол қолданыстағы түсінікті сөз, анық ұғым болып табылады. Сондықтан «Робот» сөзі олардың өзін-өзі тану ұғымына тікенектей батып, қытығына тимейді. Айтылғандарға орай, «құлтемір» сөзін барлық сөздіктерден алып тастап, қолданыстан мүлдем аластатып, оның орнына барлық тұста «робот» сөзін қолдану мемлекетіміздің ғылыми және экономикалық дамуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Нақыпбек Сәдуақастегі
заңгер-құқықтанушы, публицист