Роботтар шайқасындағы SANA тобы
10-13 ақпан аралығында Астанада робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды білімгерлер бәсекесі өтеді.
Бұл шара Central Asia FIRST Championship деп аталады. Оған STEM білім беру бағытында білім алатын алматылық екі команда қатысады. Оның бірі – «Білім инновация» лицейінің оқушыларынан жасақталған SANA тобы, екіншісі – қаладағы басқа білім ұяларындағы алғырлардан құралған Kazakh style.
Жыл сайын мұндай сайыста тақырып та ауысып отырады. Былтыр экология мәселесі қозғалып, мұхит түбін қоқыстан тазарту жұмысы жүктелсе, биыл археологиялық зерттеу жұмысына басымдық берілген. Бүгінде екі топ та дайындықты пысықтап, құрастырған роботын жетілдіріп, толыққанды сүзгіден өткізіп жатыр. Егер бұл додада үздік шықса, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін дүниежүзілік робототехника чемпионатына жолдама алады.
14 оқушыдан құралған SANA тобы соңғы жылдары АҚШ, Австралия, Кипр, Үндістан, Қытай елдерінде бақ сынап, жоғары нәтиже көрсетті. Соның ішінде Австралияда – 2-орын, Кипрде – 3-орын, АҚШ-та ең үздік 20 топқа енді.

«Білім инновация» лицейінің директоры Эльбрус Пириевтің айтуынша, робототехника жақсы деңгейде дамып жатыр. «Қазір лицейдің 90-дай оқушысы тұрақты айналысып жүр. Үздік оқушылар көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарды. Соңғы екі жылда 15-ке жуық елге барудың сәті түсіп, еліміздің атын танытуға атсалысып келеді. Былтыр лицейді бітірген 75 баланың 29-ы әлемнің ең үздік оқу орындарына жолдама алды. Соның ішінде бұл мүмкіндікке он шақты түлек робототехника арқылы қол жеткізді», – дейді лицей директоры.
Әлімжан Еркен: Ұшақ құрастыратын маман болғым келеді
– Жасым 17-де. Отбасым қашан да сапалы білім алуыма көңіл бөліп келеді. Себебі, атам – инженер, апам – университет профессоры, әке-шешем де жоғары білім алған. Мені әркез қолдайды, алға жетелеуден шаршаған емес. «Білім инновация» лицейіне бір жылдан астам уақыт дайындалып, 7-сыныпта түстім. Өз басым осы мектепте білім алып жатқанымды мәртебе санаймын. 5 жылдың ішінде өзімді бірқатар салада сынап көрдім. Олардың ішіне дебат, математика олимпиадалары, бағдарламалау хакатондары, әртүрлі университеттердің бағдарламасы және робототехника бар. Бұл мектепте әр оқушыға күн сайын жаңа мүмкіндік есігі ашылады. Ал оны қалай ұтымды пайдалану оқушының өзіне байланысты.
Робототехникаға қызығушылығым ерте оянды. Әуелгіде олимпиадалық математикаға ден қойып, бағдарламалауды үйрендім. Ал лицейдегі робототехника командасына кіруіме осы жетістігім себеп болды. Соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған лабораторияны көргенде, бұл салаға деген махаббатым арта түсті.
Жалпы, робототехникамен айналысу үшін балаға аналитикалық және сыни ойлау қабілеті керек. Неге десеңіз, басқа салаларға қарағанда, робототехникада шешімдерді дұрыс, тез, әрі өз бетінше орындай білу өте маңызды. Оған қоса команданың мықты болуы үшін бір-бірімен тез тіл табысып, жұмыс істей алу дағдысын арттырған жөн.

«Гонконгтағы Polytechnic университетінен шақырту алдым»
– Жеткіншек кезде ұшқыш болуды армандағанмын, бірақ уақыт өте келе таңдауым ұшақ құрастырушы мамандығына ойысты. Осы мақсатыма талмай жету үшін робототехникадағы соңғы жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысамын. Болашақта механика инженері болсам, арманыма біртабан жақындай түсер едім.
11-сыныпты аяқтайтын да уақыт таяп келеді. Қазір бірқатар шетел университетіне құжатымды тапсырып жатырмын. Бұған дейін Гонконгтағы Polytechnic университетінен шақырту алдым. Енді толық грант алу үшін емтихан тапсыруым керек. Бұйырса, осы оқу орнындағы механика инженері мамандығы маған есігін айқара ашады деген үмітім бар.
Робототехниканың арқасында жауапкершілік, командамен жұмыс істеу, жобаларды және жаңа идеяларды жеке-дара іске асыру секілді қасиетімді арттыра алдым. SANA командасымен бірге бір жарым жылдай жұмыс істегеніме өте қуаныштымын. Меніңше, қазір робототехника елімізде өте тез дамып келе жатыр. Қазақстанда FIRST ұйымы арқылы сайыстарға 500-ден астам команда қатысады. Мұның өзі болашақ инженерлерді дайындауға қосқан қомақты үлес.
Былтыр АҚШ-та өткен әлемнің 50 мемлекетінен 50 мыңнан астам оқушы қатысқан әлем чемпионатынан алған әсерім көп. Нағыз білім додасының қалай өтетініне куә болдым. Топ ретінде тапсырманы ауызбірлікте орындап, қандай да бір мәселе туындаса тез қалпына келтіре алдық. Біз үшін үлкен тәжірибе алаңына айналған чемпионатта жеңістің рухын сезіндік.
Біз роботтарды арнайы жарыс алаңында тапсырмалар орындау үшін құрастырамыз. Жыл сайын тақырып өзгеріп тұрады. Жаңа маусым баскетбол ойынына өте ұқсас, яғни, роботтар доп тәрізді заттарды себеттерге лақтыруы керек. Матчтар альянс форматында өтеді: екі роботтан тұратын екі команда бір-бірімен бақ сынайды. Қазір біз роботтардың жұмысын пысықтауға көштік. Алдағы халықаралық бәсекеде де топ жаратынымызға сенемін.
Біржан Баязит: Жасанды интеллект пен роботтардың дамуы бақылаусыз қалса, қауіп төндіруі мүмкін
– Білім инновация лицейінің 11-сынып оқушысымын. Отбасымызда үш баланың тұңғышымын. Ата-анам бұл мектептің олимпиадаларға дайындап, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мүмкіндігі туралы жиі айтатын. Таңдаудан қателескен жоқпын. Себебі робототехника мені 9-сыныптан бері баурап алды.
Робототехника мен үшін әрі хобби, әрі болашақта дамыта түскім келетін негізгі бағытым. Маған робот құрастыру, жарыстардағы атмосфера және жеңіске жеткендегі сезім ерекше ұнайды. Болашақта робототехника арқылы жинаған тәжірибеме сүйене отырып, Қытайда немесе Оңтүстік Кореяда инженер мамандығын игеруді жоспарладым.
Жаңа технологияның дамуы бірнеше бағытты қатар алып жүруге мүмкіндік берді. Бұл ретте жасанды интеллекттің де ықпалы зор. Еліміз жастар мен жасөспірімдер арасында технологиялық саланы дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Мұны робототехника бағытындағы жарыстардың, оқу орталықтарының және түрлі ұйымдардың көбеюінен айқын байқауға болады. Білім беру саласындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында робототехника 8-17 жас аралығындағы оқушылар арасында трендке айналды. Биыл USTEM Foundation ұйымы өткізетін робототехника жарыстарына қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты. Бұрын жарыстар тек ірі қалаларда өтсе, қазір еліміздің көптеген өңірін қамтып отыр. Бүгінде робототехника – Қазақстандағы ең серпінді дамып жатқан нәтижелі бағыттың бірі.
Қазақстанда FIRST (For Inspiration and Recognition of Science and Technology) халықаралық бағдарламасы небәрі 4 жыл бұрын ғана іске қосылды. Ал АҚШ пен Еуропада бұл бағыт 20 жылдан астам уақыттан бері дамып келеді. Соған қарамастан, бір жылдың ішінде ғана FIRST командаларының саны 200-ден 400-ге дейін өсті. Қазақстан төрт жыл қатарынан әлемнің 190-нан астам елінің ішінде абсолютті әлем чемпионы атанды. Дегенмен біз әлі ірі жеңістерге жете қоймаған санаттар да бар. Сондықтан Қазақстандағы жастар робототехникасы әлі де бастапқы даму кезеңінде деп айтуға болады.

«Робот адамды толықтай алмастыра алмайды»
Робот жасаудағы ең күрделі кезең – жобалау процесі. Біз роботты қолда бар мүмкіндікке қарай жобалаймыз, яғни, қаржыландыру мен уақытты ескере отырып жұмыс істейміз. Алғашқы идеяларды ойластыру, оларды жетілдіру, қайта жобалау – ең ұзақ әрі ең күрделі процесс. Бұл кезеңде бүкіл команданың бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Тек осыдан кейін ғана қателігі аз, тиімді робот пайда болады.
Қазақстанда қаржылық және серіктестік қолдау табу оңай емес. Біз бірнеше рет қаржы тапшылығына тап болып, кейде мүмкіндігіміз шектелді. Ол ол ма, робототехниканы дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру кезінде аудитория жинау да қиын. Өйткені көпшілік бұл саланы уақытты пайдалы жұмсау деп қабылдай бермейді. Соған қарамастан, біз бұл қиындықтан өтіп, демеушілерді, қолдаушыларды мұғалімдер мен таныстар арқылы табуды үйрендік.
Робототехникада командалық жұмыс шешуші рөл атқарады. Бұл адамға қажетті маңызды дағдыны үйретеді. Бұлар – мәселелерді шешу, уақытты басқару, жауапкершілік алу. Әдетте командада 8-15 адам болады. Біз күн сайын бір кабинетте жұмыс істейміз, бір-бірімізге өте жақынбыз. Командалық қолдау мен өзара сенім болмаса, жоғары нәтижеге жету өте қиын.
Жарысқа дайындық кезінде роботты бірнеше рет сынақтан өткіземіз. Көбіне ұсақ қателіктер анықталады, бұл роботтың нәтижесіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Әр жарысқа біз жаңа робот апарамыз, бұрынғы үлгілердің қателіктерін ескереміз. Бұл тәсіл бізге кемшілікті қайталамауға және маңызды жарыстар алдында жаңа шешім табуға мүмкіндік береді.
Менің ойымша, роботтар кейбір мамандықтың жүгін атқаратын шығар, бірақ адамды толықтай алмастыра алмайды. Олар негізінен қауіпті, ауыр немесе бірсарынды жұмыстарды атқарады, ал шығармашылық пен жауапкершілік адамға тиесілі болып қалады. Робототехника мен жасанды интеллект бір-бірімен тығыз байланысты. Робототехника – физикалық бөлікке, ал жасанды интеллект – ойлау, үйрену және шешім қабылдау қабілетіне жауап береді. Болашақта бұл екі сала бірін-бірі толықтырып, симбиозда дамиды. Машиналардың «көтерілісінен» қорқудың қажеті жоқ, себебі жасанды интеллект белгілі бір шектеулермен жасалады. Жасанды интеллект пен роботтардың дамуы бақылаусыз қалса, қауіп төндіруі мүмкін. Алайда этикалық және қауіпсіздік талаптары сақталған жағдайда бұл технологиялар адамзатқа, әсіресе дамушы елдерге үлкен пайда әкеледі. Адамдар өздеріне көмектесетін нәрседен қорықпауы керек. Егер болашақта роботтар адамға қауіпті шешім қабылдай алатын деңгейге жетсе, ол үшін жауапкершілік инженерлерге, бағдарламашыларға және оларды өндіретін ұйымдарға жүктелуі тиіс.
Болашақта робототехника ең сұранысқа ие болатын салалар – медицина, өнеркәсіп, логистика, ауыл шаруашылығы және төтенше жағдайлар қызметі. Бұл – қоғам үшін оң өзгеріс, себебі адамдар өз денсаулығы мен өміріне аз қауіп төндіретін болады.
Меніңше, шетелдік білім практика мен зерттеу тұрғысынан мықты, ал отандық білім жергілікті жағдайды жақсы түсінуге көмектеседі. Дегенмен Қазақстанда бұл салада даму мүмкіндіктері әлі де шектеулі. Сондықтан робототехника бағытын терең меңгерудің ең тиімді жолы – шетелдік университетке түсу.
Егер өз роботтарымды жасасам, олар төтенше жағдайлар кезінде, мысалы, өрт немесе жер сілкінісі болғанда адамдарға көмектесетін гуманоид аспашы болар еді. Тағы мүмкіндік болса, Қазақстан үшін жолдағы кептелісті азайтатын технологияларды ұсынар едім. Мысалы, қала бойымен өтетін жерүсті метро немесе мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесетін ақылды құрылғылар жасасам деймін. Бұл роботтар адам өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтып, инклюзивті адамдардың өмірін жеңілдетуге септігін тигізеді.
Динара МЫҢЖАСАР