«Росатом» Қазақстандағы бірінші атом электр станциясында жұмыс істеу үшін екі мың адам дайындайды

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясының (АЭС) эксплуатациялық персоналы Ресейдегі Росатом техникалық академиясында (ТАР) оқытылады.
Бұл туралы академия ректоры Юрий Селезнев ТАСС агенттігіне хабарлады.
Оның айтуынша, болашақ қызметкерлер саны келісімдер барысында нақтыланады, шамамен 1,5–2 мың адам дайындықтан өтеді. Оқыту станцияның алғашқы физикалық іске қосылуынан бес жыл бұрын басталады.
Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы 2035–2036 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр. Станция іске қосылған соң, Қазақстан оның толыққанды иесі және операторы болады. Сонымен қатар, Техакадемия Росатома оқу-жаттығу орталығын жобалау және жабдықтау жұмыстарын да жүргізеді.
АЭС салу туралы референдум Қазақстанда 2024 жылы өтті, дауыс бергендердің басым бөлігі жобаны қолдады. Станция Алматы облысы Жамбыл ауданы Улькен ауылы маңында, Алматыдан шамамен 340 шақырым қашықтықта салынады.
2025 жылғы 14 маусымда Қазақстан билігі Росатомды халықаралық консорциумның жетекшісі әрі АЭС салу мердігері ретінде таңдады. Ресейлік тараптың ұсынысы ең тиімді деп танылды. Құрылыстың салтанатты түрде басталуы 2025 жылғы 8 тамызда өтті.
Жоспар бойынша АЭС-тің жалпы қуаты 2,4 ГВт болады. Ол екі энергоблоктан тұрады, әрқайсысында III+ буынының ВВЭР-1200 реакторы орнатылады. Реактордың қызмет ету мерзімі – 60 жыл, тағы 20 жылға ұзарту мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін елімізде үш атом электр станциясын салу қажет екенін мәлімдеген. Ол бұл жобалардың энергетикалық қауіпсіздік пен төмен көміртекті даму жолындағы стратегиялық маңызын атап өткен. Еліміздегі екінші және үшінші АЭС-ті Қытай салады.
Дегенмен қоғамда АЭС салуға қатысты көптеген сын-пікір мен алаңдаушылық бар. Экологтар атом станциясы Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертуде. Саясаттанушылар мен белсенділер, әсіресе, Ресеймен энергетикалық тәуелділік мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, «Росатом» жобасына қатысу Қазақстанды геосаяси және энергетикалық тұрғыда Мәскеуге тәуелді етіп қоюы мүмкін деген қауіп айтылады.