«Росатом» Қазақстанға жақындап келе жатыр
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардың басында «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында былтыр Қазақстанда басты тақырып болған АЭС-ке айналып соқты.
Ол Путиннің Қазақстанға сапары кезінде АЭС-ті талқылағанын, «Росатом» да атом электр станциясын салуға қатысатынын айтты. Осыдан соң бұрыннан бар, «АЭС-ті орыстар салады екен» деген сөз тағы да айтыла бастады.
Қазақстан қазір энергия тапшылығына байланысты Ресейдің электр энергиясына тәуелді. Былтыр 2 млрд киловатқа жуық токты көршімізден сатып алдық. Ресейлік электр қуатын экспорттаушы «Интер РАО» компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстан 2024 жылы ресейлік электр энергиясының жартысына жуығын сатып алған.
АЭС мәселені шеше ала ма?
Үкімет электр энергиясындағы дефицитті АЭС шеше алады деп есептейді. Сол үшін 15 млрд долларға алдағы 10 жылда АЭС салмақ. Елімізде АЭС салуға деген ынта 2019 жылдан бері қатты артып келеді. Путин де АЭС тақырыбы көтерілсе болды, өз елін ұсынып, өзімсіне қалатыны бар. Бірақ кей мамандар АЭС-тің электр тапшылығына қатысты мәселені шеше алмайтынын да айтады. Мысалы, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев отандық БАҚ-қа берген сұхбаттарында АЭС салу елімізге тиімсіз екенін, себебі бізге қажетті атом реакторының анологы әлі жоқ екенін айтып жүр. Оның сөзін Jas Alash-қа пікір білдірген KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы, кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев та қуаттайды. Энергетика сарапшысының сөзінше, атом электр станциялары болашақта электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыра алады, бірақ тұтынушы үшін тым қымбатқа түседі. Елді энергиямен қамтамасыз ету мәселесінің басқа да, арзанырақ шешімдері бар.
«Атом электр станциясын салу туралы шешімнің электр қуатының тапшылығына еш қатысы жоқ. Қазір импорт өсіп жатыр, атом электр станциясы 10-15 жылдан кейін салынады. Сондықтан бұл шешім тек Ресейдің және Қазақстандағы жобадан ақша тапқысы келетін бір топ адамдардың лоббистік әрекеттеріне байланысты. Егер АЭС салынса, тұтынушылар электр энергиясына бұдан да көбірек төлейтін болады. Себебі аналогын «Росатом» салатын «Ақкую» (Akkuyu) атом стансасының бір киловатт-сағаты 12,35 центті құрайды. Ал жаңартылатын энергия көздерінің соңғы аукциондарындағы баға бір киловатт-сағатына 2-2,5 центті көрсетті. Бір жыл ішінде бұл айырмашылық шамамен 1,5 миллиард доллар, біз оны станция иелеріне өз қалтамыздан төлейміз. Референдумда белсенділік танытпағанымыз үшін 1,5 миллиард долларды жыл сайын артық төлейтін боламыз», – дейді Әсет Наурызбаев.
«Росатом» салған АЭС-тердегі дау-дамайлар
Ресейлік компания салған АЭС-тердің кейбірі дау-дамайдан арылмай келе жатыр. Оның ішінде Беларусь атом электр станциясының аты ерекше аталады. «Росатом» 2020 жылы беларусьтарға АЭС салып берді. Сол жылдың 7 қарашасында ресми түрде станция іске қосылды. Дүрілдеп өткен оның ашылу салтанатына Лукашенко да қатысты. Бірақ бір күн өткеннен кейін станцияның трансформаторы істен шықты. Ал Беларусь билігі «Росатомға» шаң жуытпай, «трансформатор Италиянікі еді» деп айыпты Италияға аудара салды. Бірақ бұл Беларусь АЭС-іне қатысты жалғыз оқиға емес. Былтыр жыл соңында еуропалық сарапшылар «Беларусьтағы «Росатом» жобасы еуропалықтардың бірнеше ұрпағына қауіп төндіреді» деп мәлімдей бастады. Bloomberg басылымының «Ресейдің Беларусьте салған атом электр станциясында апат қаупі бар» деп жазуы Ресейде де, Беларусьпен шекаралас ЕО елдерінде де реакция тудырды. Себебі сол кезде Беларусь атом электр станциясының екінші энергоблогында апат болған. Бұл оқиға Беларусьпен шекаралас мемлекеттердің астаналарында үлкен алаңдаушылық тудырған. Мысалы, Польшадан беларусь және орыс тілдерінде хабар тарататын «Белсат» телеарнасы «АЭС-тегі «Росатом» жабдықтарының сапасы айтарлықтай төмен, қысқа тұйықталу салдарынан генератор жанып кетуі мүмкін. Әйтпесе, кешегідей сорғы істен шығуы мүмкін. Атом электр станциясының мұндай жиі тоқтап қалуы және қайта іске қосылуы болашақта қауіп төндіреді. Шамадан тыс қосу және өшіру станцияны мерзімінен бұрын тозуға және реакторға үлкен салмақ салуға әкеледі» деп мәлімдеді. Литва үкіметі де өздерінен 50 шақырым қашықта АЭС салынады дегеннен бастап оған ұдайы қарсылық білдіріп келеді.
2015 жылы «Росатом» корпорациясы Беларусь АЭС-іне қажетті реакторды небәрі 2 жылда құрастырып, шығарғаны мәлім болған. Бұған сол кездегі ғалымдар таңданысын жасырмаған еді. Ғалымдардың айтуынша, сапалы реакторды 5 жылсыз құрастыру мүмкін емес. Оның үстіне «Атоммаш» зауытының директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы Сергей Якунин «егер реакторды жасайтын негізгі құрылғы қытайларға сатылса, олар жаңа ядролық реакторды қалай құрастырды? Мұндай супер машина Ресейде біреу ғана, екіншісі Францияда...» деп мәлімдеуі отқа май құйғандай болды. Кейіннен «Атоммаш» басшысы реактордың Беларуське жеткізілген арнайы репортажын көріп отырып «бұл ескі, 1990 жылдары Ижорскте құрастырылған реактор» деп те мәлімдеді. Беларусь электростанциясына қатысты дау мұнымен тоқтап қалмады. Кейіннен станцияға реактор орнату кезінде реактор корпусы 4 метр биіктен құлап бүлінді. Бірақ «Росатом» басшылары реактор емес, корпус ғана сынды» деп ақталды. Бұдан кейін де Беларусь АЭС-інде тағы да апат болғаны туралы ақпарат тарап келеді. Бірақ бұлардың барлығын «Росатом» жасыруға тырысады.
Беларусь жағдайы «Росатом» салған Нововоронеж АЭС-інің алтыншы энергоблогында да жарылыс болған 2016 жылғы қарашадағы оқиғаларды еске түсіреді. Сол кезде де Ресей билігі мұны біраз уақыт жасырды, тек «генератор 1 секундқа жетпейтін уақытқа тоқтады» деп, арадан 2 апта өткесін ғана БАҚ өкілдеріне экскурсия жасатып көрсетті. Бірақ Нововоронеж станциясында генератор тоқтап қана қоймай, жарылыс болғаны сол кездің өзінде айтылып жатты. Мысалы, ядролық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Андрей Ожаровский «екі апта бойы толық қуатпен жұмыс істеген Нововоронеж АЭС-інің алтыншы энергоблогы техникалық себептерге байланысты тоқтатылды. Өндіруші жабдықты ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Генератор статорының конструкциясындағы қысқа тұйықталу ақауы түзетілді. Бірақ мұндай 3-буын реакторы Нововоронеж АЭС-інде ғана емес, сонымен қатар Ленинград АЭС-2, Беларусь АЭС-інде жұмыс істеп тұр. Барлық қуат блоктары қысқа тұйықталулардың алдын алу үшін күрделі жөндеуді қажет етеді немесе жабдықты толық ауыстыру қажет болады» деп мәлімдеді.
Тағы бір даулы оқиғаға тап болған станциялардың бірі – Түркияның «Ақкую» АЭС-і. 2010 жылы келіссөздер жүргізіліп, құрылысы басталған Түркиядағы атом электр станциясына 2023 жылы немістің Siemens компаниясы электр жабдықтарды жеткізуден бас тартты. 2025 жылы 4 қаңтарда «Росатом» басшысы Алексей Лихачев «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында неміс компаниясын сотқа беретіндерін мәлімдеді. Бірақ 6 қаңтарда Siemens Energy Германия билігінен экспортқа рұқсат алғанын, қазір клиент алдындағы міндеттемелерін орындауға дайын және онымен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.
Бұл неміс үкіметінің «Росатом» корпорациясына жабдық жеткізуді тыйым салған бірінші жағдай емес, бұған дейін Венгрияда ресейлік атом компаниясы салып жатқан АЭС-ке электр жабдықтарын өз елінің компаниясы жеткізуге рұқсат етпеген болатын.
Биыл іске қосылады деп жоспарланған Бангладештің Руппур атом электр станциясында да түрлі оқиғалар болып келеді. Мысалы, АЭС салу кезінде ресейлік 5 маман жұмбақ жағдайда қаза тапты. Кейіннен Бангладеш билігі АЭС құрылысы кезінде 5 млрд долларлық жемқорлық фактісі орын алғанын мәлімдеді. Бірақ «Росатом» мұны жоққа шығарды. Жемқорлықта айыпталған елдің премьер-министрі Үндістанға қашып кетті.
Үндістан демекші, «Росатом» бұл елде де АЭС салып жатыр. Ең алғаш 1988 жылы келіссөздер жүргізілгенімен, 2013 жылы ғана АЭС іске қосылды. Үндістанда да АЭС-ке қарсылық жүрді. 2012 жылы наразылық кезінде 1 адам қаза тауып, бірнеше тәртіп сақшысы жараланды. 2014 жылы «Росатом» салған энергоблоктың біріншісінде апат болып, 6 жұмысшы күйіп қалды. Бірақ оны ресейлік корпорация «техникалық қауіпсіздікті сақтамаған» деп апатты жұмысшылардың өзіне жауып, қоя салды. 2015 жылы да дәл осы АЭС-те бірінші блоктың реакторы тоқтап қалды. Бірақ «Росатом» тағы да «төтенше жағдай кезінде АЭС-ке ешқандай қауіп төнген жоқ» деп мәлімдеді. Кейіннен бірінші блок реакторының тоқтауына трансформатордың істен шығуы себеп болғаны анықталды.
«Росатомның» өз жерінде АЭС салуын барлық ел қолдай бермейді. Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Финляндия жобадан бас тартса, 2020 жылы Вьетнам да энергияға «тапшылық азайды», «тым қымбат» деген сияқты сылтаулар айтып, ресейлік корпорация қызметінен бас тартты.
«Росатом» Путиннің геосаяси қолы ма?
Жақында ресейлік эколог «Экозащита!» ұйымның негізін қалаушы және швецияның Right Livelihood Award сыйлығының иегері Владимир Сливяк Германияның Ресейден уран импортын жалғастыруын сынға алды. Сливяк Ресейдің «Росатом» компаниясының Германияның солтүстік-батысындағы Линген қаласындағы зауытта ядролық отын өндіруге қатысуын және Ресейден уран импортын арттыруды «өте алаңдатарлық белгілер» деп атады. Ол өз ұстанымын «Росатомның» азаматтық компания емес, ядролық қару шығаратын мемлекеттік корпорация екендігімен және «Украинадағы соғысқа қатты араласуымен» байланыстырды. «Росатом» – Еуропаның ядролық қуатын бақылауға алып, оны Мәскеудің мүддесіне пайдаланғысы келетін Владимир Путиннің геосаяси қолы. Мұның соңы Ресейдің бопсалауымен аяқталуы мүмкін» дейді ресейлік экология белсендісі. Оның айтуынша, Германия үкіметі «Росатомның» ядролық өндіріс сияқты маңызды аймаққа енуіне жол бермеуі керек, әйтпесе Еуропаның ядролық қауіпсіздігіне қатер төнеді. «Сонымен қатар «Росатоммен» ынтымақтастық Мәскеуге қосымша пайда әкеледі, бұл Украинадағы соғысқа жұмсалады» деп есептейді ол.
Ал еліміздегі сарапшылардың айтуынша, егер Үлкен ауылдағы АЭС-ті Ресей салатын болса, Қазақстан стратегиялық тұрғыдан көрші елге тәуелді болады. Себебі ол жерде негізінен ресейлік мамандар жұмыс істейді. Тағы бір себебі – АЭС салуды Ресейге берсек, екінші деңгейлі санкцияларға ілініп, Еуропа мен АҚШ-қа жақпай қалуымыз да мүмкін. Қазірдің өзінде АҚШ «Росатом» корпорациясы мен оның бірқатар басшыларына санкция салды. Атап айтқанда, америкалық SDN тізіміне ресейлік көміртекті талшық өндіруші Umatex, «Росатом Оверсиз», «Атомфлот», «Росатом Цифровые решения», «Росатом Микроэлектроника» кірді. Ұлыбритания «Росатом» бас директоры Алексей Лихачевке, «Атомфлот» және «Ренераға» санкция салды. Биыл 10 қаңтарда «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев пен мемлекеттік корпорацияның басқа да бірқатар топ-менеджерлері АҚШ Қаржы министрлігінің SDN тізіміне енгені мәлім болды. Тізімде Алексей Лихачевтен басқа оның бірінші орынбасарлары Кирилл Комаров пен Александр Локшин, сондай-ақ бас директордың үш орынбасары бар.
Мамандар не дейді?
Әсет Наурызбаев, энергетика сарапшысы: Ресейлік компанияға санкция салынса, АЭС тоқтайды
– Атом электр станциясында Чернобыль немесе Фукусима сияқты апат қаупі барын естен шығармау қажет. Бізде апат болса, Балқаш көлінен айырыламыз. Ата-анамыз Арал теңізінен айырылды, біздің Балқаштан айырылып қалуымыз ғажап емес. Егер «Росатомға» қарсы санкциялар енгізілсе, бізде уранды байыту технологиясы жоқ болғандықтан, жанармай тапшылығы туындауы мүмкін. Ал санкциялар енгізілсе, байытылған уранның ірі өндірушісі нарықтан кетеді. Меніңше, атом электр станциясын Ресей-Қытай консорциумы салады, сондықтан санкциялар оған көп әсер етпейді. Атом электр станциясының құрылысы әрқашан жоспарланғаннан ұзаққа созылады. Ресейлік технологияларды қолдануға санкциялар салынса, станция жұмыс істей алмайды.
Әзімбай Ғали, саясаткер: Ресеймен ойнамау керек
– АЭС салу қауіпті. Ресейден басқа елге салдырайын десең, олар жарып жібереміз деп қорқытуы да мүмкін. Сондықтан жасыл технологияларға басымдық берген абзал. Бұдан бөлек, Ресейдің жауы көп, кейде олардың дұрысы да бұрыс болып шығады. Оның үстіне, АЭС арқылы Ресейге тәуелділігіміз арта түседі. Мұндай ойындарда Ресеймен ойнамау керек. АЭС жарылып кетсе, жарты Қазақстанды алып кетеді. Көршілерімізге де зияны тиеді. Кейін олардың алдында да именіп тұрамыз.
АЭС-ке келгенде бұл салада гигант саналатын «Росатом» өзінің статистикасын айтып мақтанады. «Әлем бойынша атом өндірісінің 40 пайызын алып тұрмыз, дүниежүзінде 130 млрд долларға 40-қа жуық біз салған АЭС бар» деп айтады. 2019 жылы «Экозащита!» ұйымы «Росатом» шын мәнінде 36 емес, 7 ғана АЭС-ті 33 млрд долларға салғанын мәлімдеді. Статистика жағынан алып қарағанда да Кремльге қарайтын атом компаниясының күмәнді жайттары көп.
Желтоқсан айында «Росатом» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі «Заречное» бірлескен кәсіпорнындағы үлесін Қытайға сатты. Қазір «Росатом» 49,98 пайыз үлесін неге сатуы мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Шетелдік сарапшылар мұны Ресей өздеріне санкциядан айналып өтуге көмектесіп жатқан Қытайға әдейі сатты десе, отандық сарапшылар арзан АЭС сала алатын Қытайды Қазақстандағы ойыннан шығару үшін Ресей төлем жасады деп есептейді. Қайткенде де, Ресейдің бізге АЭС салу мүмкіндігі барған сайын жақындап келе жатыр.
Тұрсынбек БАШАР