Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:22, 18 Маусым 2024

Роза Мұқанова, жазушы-драматург: Әйелді төзімсіз, ойнас, әлсіз етіп көрсету – қазақ әйелінің бейнесіне көлеңке түсіру

Роза Мұқанова

Қазақ әдебиетінің қазыналы қорында әйел теңдігі, ана махаббаты мен қыз сыры туралы шығармалар көп болса да, жазушы ретінде биік белестерді бағындырып, проза жанрында өлшеусіз еңбек еткен қаламгер қыздар саусақпен санарлық қана.

Жазушылық тек туабітті талант пен дарынды ғана емес, үнемі ізденіс пен терең білімді қажет етеді. Осы орайда қаламгер қыздардың көтеретін жүгі екі есе ауыр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әдеби ортаға аяқ басып, өз сүрлеуімен келген жазушы Роза Мұқанова еді. Қаламгердің әңгімелері мен драмалық шығармалары дәуір шындығын қамтуымен құнды. Бүгін біз жазушымен әдебиет жайында сұхбат құрдық.

Роза апай, кезінде «Әдебиет жынысқа бөлінбейді» деп мақала да жазып едіңіз, десек те, қаламгер қыздардың жүгі әлдеқайда ауыр сияқты. Оның үстіне, тұрмысқа жұтылып кетпей, шығармашылықпен айналысу бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Осы туралы не ойлайсыз?

– Иә, әдебиеттің жынысқа бөлінбейтіні рас. Әдебиет – өнер. Өнер – жынысқа, ұлтқа, тілге бөлінбейді. Бұл пікірді кезінде ойланып барып айттым, бәлкім, ашынып... Бұл пікір сөз өнерінде қалам ұстаған қыздарға «льгот», «комфорт» жасалсын деп айтпадым, шығармашылықта тең құқықты, әділ бағаны талап еттім. Менің алдымда проза, драматургия жанрында еңбек еткен үлкен апаларым болды. Сара Мыңжасарова, Шәрбану Құмарова, Шәрбану Бейсенова, Алтыншаш Жағанова, Мағира Қожахметова бастаған қаламгерлер тізімін толықтыра түсуге болар. Проза мен драматургияның салмағы поэзиямен салыстырғанда күрделірек. Сондықтан да прозаға келген қыздар жұтылып кетіп жатады. Бұл жанкештілікті талап ететін еңбек. Ұзақтығымен уақытыңды да, ғұмырыңды да басыбайлы етеді. Қыздардың төзімі таусылып, отбасының ырқына ноқталанып, бассауғалап кететіні осыдан болар.

Осы орайда, жай ғана оқырман ретінде маған сіздің шығармашылығыңыздағы әйелдер образы ерекше әсер қалдырды. Әсіресе «Фаризаңыз» бен «Сарраңыз», «Сормаңдайдағы» Бану, «Кешір мені…» деген әңгімеңіздегі отыз екі жыл бойы күйеуін зарыға күткен Наркез… Әйелдің ішінде қыз-қыз қайнап жатқан сезімдерінен сыр шертіп, құпиясын ашады. «Әйелді әйелден артық ешкім түсінбейді» дегені рас болғаны ғой сонда…

– Маған әлсіз, мойынсұнғыш, жылаңқы әйелдерден гөрі қаһарман әйелдер ұнайды. Әйелдің шын табиғаты – күрескерлік. Оның күрескерлігі ер азаматтардан еш кем емес. Әйел табиғаты ұрпақ алу үшін күреседі, құрсағындағы ұрпақты жетілдіру үшін бүкіл ағзасына төңкеріс жасайды. Оның жаны – жұмбақ, сыры – тұңғиық, шешімдері – сұрапыл. Әйелдің құдіретіне, табиғатына, жұмбағына үңілген ұлы суреткерлер аз емес. Эсхил, Софокл, Еврипид, Шекспир, Толстой, Әуезов... Бірақ әлсіздігін көрсетуде де шеберліктерін аямаған. Л.Толстойдың «Анна Каренина» романына София Андреевна бірнеше жеріне өзінің пікірін айтып, әсер еткен. Лев Николаевич Аннаның образын жасауда Софья Андреевнаның пікірін ескердім дейтіні бар. Бірақ бұл қарапайым ғана мысалдар. Суреткер әйелдің табиғатын ғана емес, ібілістің де образын жасай алады. Шын суреткердің қиял-санасы жүйрік, тылсым әрі өзгелерден ілгерірек.

М.Әуезовтің «Қаралы сұлуы», «Қорғансыздың күні», «М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» Б. Майлин «Күлпаш», т.б классикалық туындылар. Әйел теңдігі, әйел бостандығы деген бағытта ұлт әдебиетінде осындай образдар белең алды. Әйелді төзімсіз, ойнасшыл, әлсіз етіп көрсету – қазақ тарихына, қазақ әйелінің бейнесіне көлеңке түсіру еді. Қазақ қызының беделіне нұқсан келтіру – кеңестік идеология ықпалы деп ойлаймын. Әйел – қаһарман образында көрінсе, оның ұрпағы да – қаһарман, халқы да қаһарман болмақ. Сондықтан әйел бейнесінің әлсіз болуы – ұлтты төмендетудің алғышарты. Керісінше, әдебиетте «совет әйелі» деген ұғым қалыптасты, образы жасалды.

Ендігі әңгімемізді бүгінгі әдебиет туралы сөзге ауыстырайықшы. Әдебиет – бір орында тұрмайтын, үнемі дамып, жаңарып отыратын құбылыс. Тәуелсіздік орнағалы бері ұлттық әдебиетте жаңа тақырыптар мен тенденциялар пайда бола бастады. Жас жазушылардың беталысына көңіліңіз тола ма?

– Жас жазушыларды іздеп жүріп оқимын деп айта алмаймын, ауызға іліккендерін оқуға тырысамын. Жас жазушылармен тұрақты байланысым бар. Әдеби конкурстарға қатысқан шығармаларды міндетті түрде оқимын. Әр жазушы өз дәуірінің кейіпкерін жасауға ұмтылады. Жастардың көңілін аулап, құр мақтағаннан гөрі әділ пікір айтып отырған жөн. Қазіргі әдебиетте көркем тіл қарабайырланып барады. Кейбір жастардың тіліне шөлім қанбайды. Оқиға құру шеберлігі де әлсіз. Кейіпкер образын жасауда шорқақтық байқалады. Меніңше, жастар ізденіс үстінде. Олардың дамуына мемлекет үлкен қаржылық жәрдем беріп отыр, мүмкіндік мол. Оның үстіне, қазір ашық кеңістік. Әлемге әйгілі жазушы боламын десе де мүмкіндік бар.

Бір сөзіңізде әдеби конкурстар туралы айтып қалдыңыз ғой. Қазір не көп – жарияланып жатқан әдеби конкурстар көп. Осының бәрі ұлттық әдебиеттің дамуына пайдасын тигізіп, қазақ әдебиетін байытып жатыр ма? Әлде өзара бәйге бөлісу ме?

– Екеуі де бар. Әсіресе қаражаты қомақты конкурстарда. Ең әділ конкурс «Аманат» партиясының «Ұлы дала» әдеби конкурсы мен «Ауыл» партиясының бәйгелері шын мәнінде жаңа есімдерді ашты. Былтырғы конкурс жүлдегері, драматургия жанры бойынша жас драматург Ақлима Исмаил жеңімпаз болды. Сол шығармасы биыл Астанадағы Жастар театрында қойылды. Конкурс жаңа шығармалардың жазылуымен ғана емес, деңгейімен де бәсекеге түседі. Бұл, әрине, әділқазылар алқасының әділдігіне, сауаттылығына байланысты. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда таза шығармашылық еңбектен гөрі дилетанттар жүлделі болып шыға келетіні де жасырын емес… Ұрлық барлық саланы жайлаған ғой, әдебиетте де мұның көріністері белең алған. Бірақ соған көз жұмып қараудың өзі қоғамда әділетсіздік тудырады. Достары, руласы, топтасы, т. б. жөнін тауып, аянбайтындары бар. Мемлекеттің арнайы қаражаты кейде суға кеткендей. Конкурсант өзінің таза шығармашылығымен сайысқа түсу керек емес пе?! Қаражатқа келгенде «беделі» мен «атағын» салып, ортаңқол дүниесін тықпалап отыратындар немесе бұрын жазылған шығармаға инсценировка жаза салатындар да бар. Мәселені телефон арқылы шешуге құмар. Осыған жол беретіндер әділқазылықтан шеттетілу керек. Әділетсіздік осыдан туындайды. Көзбояушылық болмауын кәсіби мамандар қадағалауы керек деп ойлаймын.

Ал енді драматургия жанрының бүгіні жайлы сұрағым келеді. Өзіңіз де шығармашылығыңызды проза жанры арқылы бастағаныңызбен, кейін драматургияға бет бұрдыңыз. «Мәңгілік бала бейне» де әу баста әңгіме түрінде дүниеге келіп, кейін пьесаға айналған. Сіздің ойыңызша, қазіргі қазақ театрының сахнасына қандай образдар жетіспейді? «Бұл күрделі жанр кешеуілдеп жатыр» деген пікірге келісесіз бе?

– Драматургияға жастар келіп жатыр. Әлішер Рахат, Айдана Аламан, Ақлима Исмаил, т.б. Менің кезімде жастар бұл салаға мүлде аз келетін. Қазір арнайы конкурстар бар. Мәдениет министрлігі, түрлі партиялар, қоғамдық ұйымдар жылда драматургия жанрына конкурс жариялайды.

Драматург пен режиссер арасында тығыз байланыс болуы керек. Егер пьесаңа режиссер қызықпаса, еңбектің еш кеткені. Драматург театрды жақсы білуі керек. Сахнаның иісін сезбеген адам драматургияда өрескел қателіктерге тап келеді. Драматургия – мақала емес. Драматургия – шайқас! Драматургия – сананың шайқасы деп айтқанымыз дұрыс шығар...

Сіз әдеби ортаға аяқ басқан кезеңде замандастарыңыз бен аға-әпкелеріңіз әдеби үдеріске белсене араласып, әдебиеттің дамуына ықпал етті. Қазір сондай белсенділік жоқтың қасы. Асқар Сүлейменовтің «Бейталанттан кемталант қауіптірек...» деген сөзі бар ғой. Қазір бір көркем шығарма жазылса мақтай жөнелетін үрдіс пайда болды. Оның аражігін ашып, жіліктеп беретін әдеби сын да сиреп кетті. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Бір нәрсе анық, нашар шығарма мақталмайды. Нашар шығарманы есі дұрыс адам мақтамайды да. Жақсы дүние көпке ортақ, ол өз үлесін ерте ме, кеш пе алады. Оған ешкім кедергі бола алмайды. Шын суреткер мақтауға да зәру емес. Бірақ өзін аузы дуалыларға мақтату тенденциясы бар. Мұндай қылық жастардың арасында кездеседі. Меніңше, мұндай зәрулік абырой әпермейді. Жазушы шығармасымен мәңгі жасайды немесе әлсіз шығармасымен бірге өледі, осыны мойындау керек! Жалпы жазушы болуға құмарту өткен ғасырдың әлегі. Жазушы болу – атақты болу емес, жазушы өзінің жан күйзелісін әшкере етеді. Ол – өз дәуірінің трагедиясын тап басып көре алатын тұлға. Өзіне-өзі симпатиямен қарайтын адам суреткер болмайды. Жазушылық – жанкештілік!

Бір сұхбатыңызда: «Суреткерде өмірбаян болуы керек. Орыс әдебиетіндегі Блок, Мандельштам, Ахматова, Цветаевалардың өмірбаянының өзі суреткер болмауға хақысы жоқ екенін көрсетеді» деп едіңіз. Ал сіздің қолыңызға қалам ұстауыңызға ықпал еткен қандай оқиға? Білуімше, әкеңіз де жазушы екен…

– Мектеп қабырғасында жүргенде қолыма қалам алуға машықтандым. Әдебиетке ынталы болуыма әкем Қажығалым Мұқановтың ықпалы болды. Әкем сияқты болғым келді. Мен әженің әңгімесіне қанығып өстім. Ол буынаштықты, ақ пен қызылдың соғысын, кәмпескені, жер ауып көшкен елдің қилы тағдырын әжемнен естіп өстім. Арасында әжем ән салады, әніне қосыламын. Күрсінеді, мен де күрсінем... Жылайды, мен де жылаймын... Туған жерін, атамекен, ел-жұртын, көшпелі жұрттың дәстүрін айтып сағынады, мен де сағынамын... Сөйтіп жүріп әжем сияқты сөз саптап, әжем сияқты егделене бердім. Мені ағайын-туған «кәркесте» атап кетті. «Кәркесте» сөзінің мағынасын білмейтін боларсыз. Аса жақсы мағына емес, үлкен адамның сөзімен сөйлейтін жас баланы солай айтады. Жетінші сыныпта «Қазақстан пионеріне», «Балдырғанға» жарияланып жүрдім. Кейіннен, студент кездерімде «Жалын», Жұлдыз», «Қазақ әдебиетіне» шыға бастадым. Мен расында өз қатарластарымды тым балаң, жас санадым. Ересек адамдармен әңгімем де, әзілім де жарасатын. Менің достарым Бикен Римова апа, Лашын Әзімжанова (Мұқағали ақынның жары), Ильфа Ілиясқызы Жансүгірова, Фариза Оңғарсынова, Мариәм апа (Сайын Мұратбековтің жары), Шәрбану Бейсенова апаларыммен әңгімеміз жарасатын. Ол кісілер де жас деп жатырқамады. 60-жылдар әдебиетін неге әдебиеттің алтын ғасыры дейміз? Бұлардың тағдыры ерекше. Бұлар қазақ әдебиетінің жаңа дәуірін жасады.

Жалпы жаһандану заманында өткеннің көзіндей талай құндылықтар күйреп, қадірін жоғалта бастағаны анық. Оның бірі әдебиет шығар деп ойлаймын. Бүгінде дүниенің бар «қызығы» алақандай экранға сыйған заманда ықшам, жылдам нәрселерді тұтынуға дайын тұратын жұртқа сөз өнері қызықсыз нәрсеге айналып барады. Енді бір елу не жүз жылда қазақ әдебиеті қандай күй кешеді деп болжар едіңіз?

– Осы сауалыңды мен де өзіме жиі қоямын. Осындай мазасыздық пен күмән басқан кезде балаларыма тіл шаламын. Бірде балам өте бір ұтымды әрі жағымды сөз айтты. Ол Гонконгта жасанды интеллект мамандығы бойынша ғылыми-зерттеу институтта қызмет атқарады. «Мама, сіз бақытты кәсіптің иесісіз. Жазушы – адамзат тарихына мәңгі қалатын оқиғаларды жасайды. Ал бұл жазушының қолынан ғана келеді» дегені бар. Ұлымның осы сөзі иландырды. Енді қазақтың көркем тілі мәселесіне оралсақ, қазақ белгілі бір кезеңге дейін көркем тілден қашқақтағандай, жалыққандай көрінеді. Жеңіл, ауызекі тілге әуестеніп алғаннан кейін тіл көркемдігіне сұраныс, сағыныш артады, күшейеді. Қазақ тілі – ғылымның да, технологияның да тіліне дендеп еніп алғаннан кейін әдеби көркем тілдің сұлулығына, құрылымына, әуеніне ынтазар болады, іздейді. Халықтың сұранысына ие болған тіл ешқашан өлмейді.

Бір сұхбатында Әкім ағай: «Орындалмаған арманыңыз бар ма?» деген сұраққа: «Орындалмаған арманым бар. Қазақ халқы өз елінде өз орнын ала алмай жүр» деп жауап беріп еді. Ал сіздіңше? Орындалмаған арманыңыз бар ма?

– «Арман орындалады, арманды Алла естиді» деген де сөзі бар Әкім ағаңның. Маған осы ойы қатты ұнайды. Арман адамды өзі іздеп табады, АДАМ-ға орындату үшін. Арманым көп, ойыма алған жоспарларым бар. Әрине, ізденісім де жоқ емес. Маған дейін жазылмаған, маған дейін айтылмаған дүниеге қызығамын. Менің миым басқалардың миына ұқсамайды, менің талғамым да басқалардікіндей емес. Ең үлкен бақытым – осы.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім Ерболқызы