Роза Өміртай: Бишімбаевтың жауабына қарап, қорытынды шығаруға әлі ерте
Соңғы уақытта қоғамда көп талқыланған, аңыс қозғаған тақырыптардың бірі – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты.
Сотты онлайн бақылап, көріп отырғандардың да қарасы мол. Жұрттың бәрі соттың соңғы үкімін төрт көзбен тағатсыздана күтіп отыр. Сонымен сот отырысы қалай өтіп жатыр. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымының кандидаты, АҚАА адвокаты Роза Өміртайдан сұрап білдік.
– Роза ханым, сіз Бишімбаевтың сотын бақылап, қадағалап отырсыз. Процесс қалай өтіп жатыр? Қандай баға бересіз?
– Барлығымыз білетіндей, мұндай алқабилер құрамымен жүріп жатқан ашық сот отырысының тікелей көрсетілімін толықтай көру қазақстандық сот жүйесінде кездесіп отырған алғашқы сот процесі. Алайда алқабилер құрамымен аса ауыр қылмыстарды қарау қазақстандық сот тәжірибесінде сотталушының өтінішімен жүзеге асыру істері бұрыннан бар.
Мұндай қылмыстық сот процесіне тек қазақстандық қоғам ғана емес, бүкіл әлем қарап отыр деуге болады. Бұл кәсібилік тұрғысынан алғанда: судьяға, прокурорға, сотталушы және жәбірленуші тараптың қорғаушы- адвокаттарына үлкен сыни көзқараста баға берілетін сәт десек те болады.
Ал мұндай тікелей эфирде қылмыстық сот отырысының өтуі арқылы, сот әділдігі мен мемлекеттік айыптаушы прокурор, адвокаттардың кәсібилігі, заң нормаларының сақталуы, Қазақстандағы сот әділдігі халықаралық деңгейде ашық сынға, талқыға түсуде.
Дегенмен кәсіби адвокат ретінде айтарым, сот процесінің жүруі, судьяның төрағалығы жайлы қандай да бір қорытынды жасауға әлі ерте. Қазіргі сәтте сотталушы өзінің жауабын беру сәтінде сырттай тікелей эфирді бақылап отырған заңгер емес тұлғаларға судьяның істі жүргізуі біржақты болып сезілуі әбден мүмкін. Алайда осы саланың маманы ретінде айтарым, бұлай топшылауға әзірге негіз жоқ.
Сот екі тарапты да қолдамай, процесті кәсіби деңгейде жүргізіп отыр. Сот отырысының басқа кезеңдеріне де жетеміз. Мәселен, сотталушыдан мемлекеттік айыптаушы прокурордың жауап алуы, жәбірленуші тараптың жауап алу кезі қарапайым бақылаушыларға тіптен басқаша әсер етуі мүмкін. Халық эмоцияналды көңіл күйде деуге болады.
Мәселен, кез келген бір оқиға орын алса, сол оқиғаға қатысты әртүрлі мамандарға ортақ бір сұрақ қойса, әртүрлі мамандар сан алуан жауап беруі мүмкін. Сондықтан да қоғамдағы сан түрлі пікірдің орын алуы мені таңғалдырмайтын заңды құбылыс іспеттес.
– Қ.Бишімбаев сотта: «Адам өлтірдім, бірақ қасақана емес» деген сыңайда пікір білдірді. Сондай-ақ сотта С.Нүкеноваға қатысты «өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін» деген де көзқарас айтылды. Сіз бұл пікірлерді қалай бағалайсыз, мұнда қандай да бір қылмыстан жалтару немесе жазаны жеңілдетуге әрекет ету ісі байқалмай ма?
– Заң тұрғысынан алатын болсақ, сотталушы Қ.Бишімбаев үшін «кінәсіздік презиумпциясы» қолданылады. Себебі ол оның кінәсі сот отырысы аяқталып, сот үкімі заңды күшіне енген сәттен бастап заңды түрде танылады. Қорғаушы адвокаттар заң аясындағы барлық қорғау тактикалары мен конституциялық, қылмыстық процестік заңнаманың мүмкіндіктерін қолдануға құқылы.
Оқиға болған жердегі бірден-бір субъект – Қ.Бишімбаев екені белгілі. Ал оның әрекеті мен ниетінің қандай болғанына одан жауап алу арқылы біраз мәліметтер алуға мүмкіндік туындайды. Ащы шындық айшықты дәлелдермен көмкеріліп, өз ақиқатын дәлелдеуі тиіс.
Сондықтан кесіп-пішіп баға беру сәті әлі де болса келген жоқ. Сотталушының соттағы берген жауабына қарап асығыс қорытынды шығаруға әлі ерте. Сот тергеуі аяқталған жоқ. Мұнда жалтару, басқа да сіз айтқандай әрекеттер бар-жоғына баға беруге әзір болмайды. «Әліптің артын бағайық». Әзірге сот процесі заң талаптарын сақтап отыр. Журналист ретінде қойған сұрақтарыңыз орынды. Алайда «заң қатал, бірақ ол – заң» демекші, сот үрдісін бақылап отырған адамдар сияқты мен де эмоцияға беріліп жауап айтудан, баға беруден аулақпын. Себебі мен кәсіби адвокатпын. Сот үкімін алқабилердің толық дауыс беруімен шығаратындықтан, әділ сот үкімі шығатынына сенемін. Халықтың да сот әділдігіне деген көзқарасы, сенімі қалыптаса түседі деп ойлаймын.
– Сотта Қ.Бишімбаев С.Нүкеноваға қарата оның көңіл қосқан адамы болғаны жайында айтты. Бұл қаншалық заңды немесе судьяның Нүкенованың қорғаушысына орнынан тұрып сөйлеуін бұйырды. Жалпы, соттан қандай да бір күдік тудыратын факторларды байқамадыңыз ба?
– Сотта төрағалық етуші судьяның тарапынан күдікті ештеңе байқамадым. Ерлі-зайыптылар арасындағы қатынас құпия, өзара қатынасқа жатады, шындық екеуіне ғана аян. Сондықтан да мен бұл сұраққа жауап беруде бейтарап ұстанымдамын. Себебі мен олардың жеке өмірінен хабарсызбын. Нүкенованың қорғаушысына орнынан тұрып сөйле дегені, ол баршаға ортақ талап, сондықтан да мен ешқандай асыра сілтеуді көрмедім.
– Алқабилер туралы да әртүрлі пікір айтылып жатыр, көбісі «олар кәсіби заңгерлер емес» деген уәжді көлденең тартады, бұл жөнінде не айтасыз?
– Алқабилер жұрт ойлағандай жай адамдар емес, ант қабылдаған, тиісті іріктеуден өткен, тәуелсіздігі заңмен қамтамасыз етілген азаматтар. Алқабилер құрамына прокурор, сот, адвокат болып бұрын жұмыс жасаған адамдар енгізілмейді. Бірақ та іріктелген, ерікті, адал, бұрын сотталмаған, тиісті заңды талаптарға сай азаматтар алқабилер тізіміне енгізіледі. Алқабилер заң бойынша тиісті құқықтар мен міндеттерді иеленеді, бұл алқабилердің әділ қорытындыға келуіне толық мүмкіндік береді.
Қазақстандық сот тәжірибесінде алқабилердің қатысуымен көбінесе аса ауыр қылмыстық істер қаралады. Әділ үкімге қол жеткізуге мүмкіндік береді деуге болады. Барлығы да жауапкершілігі жоғары деңгейдегі тұлғалар. Егер қорғаушы тарап толық дәлелдерін келтірсе, қай тарап үшін болса да заңды, әділ үкім шығарына сенемін.
– Қазір сот жүріп жатыр, нақты шешім шыққан жоқ. Алайда сіздің тәжірибеңізде осыған дейін жиналған фактілер, куәгерлердің сөзі күдіктіге үкім шығаруға жеткілікті ме? Әлде әлі де нақтылайтын тұстар бар ма?
– Әлі де нақтылайтын тұстар бар, сот тергеуі меніңше толық аяқталған жоқ, одан кейін сот жарыссөзі бар, т. б. қылмыстық істі алқабилер құрамымен қараудың сатылары бар. Бұл сот отырысы барлық қылмыстық істерді қарайтын ережелер қатаң сақтала отырып, іске қатысушылардың процессуальдық құқықтары мен міндеттері толық сақтала отырып жүзеге асатынына сенемін. Өйткені жоғары кәсіби деңгейде қылмыстық істерде төрағалық ететін судьялар корпусы Қазақстанда қалыптасқанына әртүрлі қылмыстық істер бойынша тәжірибемде көз жеткізіп жүрмін.
Мұндай сот процесінің ашық әрі тікелей эфирде жүргізілуі азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеретін, болашақ заңгер мамандарды даярлауда үлкен тәжірибелік маңызы бар үрдіс деп бағалар едім. Сот әділдігіне деген халықтың сенімі арта түсетініне сенемін.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ