Роза Өміртай: Құқықтық сауаттылық балабақшадан басталуы керек
Қазір «алданып қалдым, алдап кетті» немесе «ақшасын төлеп, үйсіз қалдым» дейтіндер көп. Әрине, алаяқтық, құқық бұзушылық көбейді десек те мұның бір ұшы халықтың құқықтық сауаттылығында жатса керек.
Біз бүгін осы және өзге де мәселелер жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымының кандидаты, адвокат Роза Өміртаймен сұхбаттастық.
– Роза ханым, халықтың құқықтық сауаттылығы, құқықтық мәдениетін қалай бағалайсыз?
– Халықтың құқықтық сауаттылығы – құқықтық мемлекет құруда үлкен рөлатқарады. Е гер халықтың құқықтық сауаттылығы ортадан жоғары деңгейде болса, соның өзінде құқықтық мемлекет біртіндеп орнығып жатыр деп айта аламыз. Егер сіз Қазақстан Республикасының Конституциясына мән беріп қарайтын болсаңыз, онда Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекетті құрушы деп көрсетілген. Яғни біз құқықтық мемлекетті әлі құрып жатырмыз. Әрине, мұны сөз жүзіндегі норма деп қарастыруға болады, ал іс жүзінде халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де орта деңгейге жеткен жоқ. Мұндай жағдайды күнделікті байқауға болады, мысалы, мен адвокат ретінде белгілі бір қылмыстық іс бойынша ішкі істер органдарының полиция департаментіне барамын. Сол кезде менің қорғауымдағы азаматтан тергеуші менен бұрын жауап алып қояды, менің қатысуымсыз. Тіпті өзінің адвокатының қатысуынсыз жауап бермеу керек екенін мыңнан бір адам ғана біледі. Негізі кінәсіздік презумпциясы бойынша біз ешкімді соттың үкімі шықпайынша, ол үкім заңды күшіне енбейінше, «мынау кінәлі, немесе қылмыскер» деп айта алмаймыз. Бірақ күдікті ретінде ұсталған сәттен бастап адвокат алып, заңды тұрғыда қорғануға қақысы бар. Бірақ адамдардың құқықтық сауатының жоқтығынан кейде өздері істемеген істерді істедім деп мойындайтын да жағдайлар болады. Мұндайда адамды «қамап тастайды» деген қорқыныш сезімі болады, сондай-ақ «сен мына мәселені айтсаң, біз босатамыз» деген тергеушілердің арбауына түсіп, өзі істемеген істі мойындап, жауап береді.
Бірақ осы жауабы кейіннен оған қарсы дәлел ретінде қолданылып, соның кесірінен жауапкершілік арқалап жатқан азаматтар да аз емес. Қарапайым өмірде адамның білуге тиісті ең бірінші құқығы ол – өзінің өмір сүру құқығы. Азаматтарды өмір сүру құқығынан айыруға ешкімнің қақысы жоқ. 1948 жылғы Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларацияда бекітілген адам құқықтарына қатысты нормалардың бәрін Қазақстан мемлекеті қабылдаған болатын. Осы нормаларды бірі – адамның өмір сүру құқығы және оған ешкімнің қол сұқпауы. Алайда біз біраз жыл осы нормаларға қайшы ережесі бар, Конституцияны қолданып келдік. Өздеріңіз
білесіздер, өлім жазасынан соңғы жылдары ғана бас тарттық. Өлім жазасынан бас тартудың басты бір себебі – жоғарыдағы аталған декларацияға қосылған кезде біздің мемлекетіміз өзінің адам құқықтары жөніндегі заңнамаларын осы декларацияға сәйкестендіру туралы міндеттеме алған. Сондықтан да өлім жазасын алып тастадық. Осылайша, біртіндеп, біздің заңнамаларымыз халықаралық адам құқықтары нормаларына сәйкестендіріліп жатыр. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай.
– Құқықтық сауаттылықты қалай жетілдіру керек деп ойлайсыз, мұның себебі осы алаяқтық, алданып қалудың бір ұшы құқықтық сауаттылықта жатқан сияқты?
– Құқықтық сауаттылықты отбасынан, балабақшадан бастауымыз қажет. Балабақшадағы бала өзінің мемлекеті бар екенін, өзінің сол мемлекеттің тұлғасы екенін, өзінің құқығын ата-анасымен қатар мемлекеті қорғайтынын, өзінің де мемлекеті үшін белгілі бір міндеттерді арқалайтынын түсініп, сезініп өсуі керек. Осыны сезген балада мемлекетке деген сүйіспеншілік пайда болады. Сондай-ақ бала әр мемлекеттің Ата заңы бар екенін, ол Ата заң әрбір азаматтың төлқұжаты іспетті маңызға ие екенін біліп өсуі тиіс. Егер
осыны іске асыра алсақ, бала кәмелетке толғанша өзінің қандай құқығы барын білетін болады. Құқықтық сауаттылық кем дегенде орта деңгейге жеткенде бізге құқықтық нигилизм азаяды. Яғни құқықты мойындамаушылық, құқықты жоққа шығару, адамдардың әділ сот шешімі болатынына сенбеуі, құқық қорғау органдарының қызметіне сенбеуі азаяды.
– Әдетте жер кодексіне қатысты дау жиі туындайды, мұның бір себебі заңның олқылығы емес пе? Мүмкін оған өзгертулер, толықтырулар керек шығар?
– Заң бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттен тегін он соттық жер алуға құқылы. Бірақ мұны көп азаматтар біле бермейді. Содан соң «жеріміз жоқ, тұратын үйіміз жоқ» деп жиі уайымдайды. Анығында, азаматтар жергілікті әкімшілікке өтініш жазса, әкімшілік азаматтарды жер телімімен қамтамасыз етуге міндетті. Жер мәселесін шешуде белгілі бір әкімшілік аумақтық елді мекеннің әкіміне үлкен құқық беріп қойған. Жер телімін беру туралы әкім қаулы шығарады, жер телімінің мақсаттарын
өзгерту құқығының өзі әкімге берілген. Әрине, әкім мұндай шешімді қабылдамас бұрын арнайы комиссия жұмыс істейді. Бір кездері «бармақ басты, көз қыстыға» салынып, Алматыдағы біраз жер телімдерінің мақсаттары ауысып, бау-бақшаға арналған жерлер тұрғын үй салатын жер болып, қаулы шығарылды. Жер телімдеріне қатысты даудың бір ұшы осыдан шықты. Тіпті кейбір көлемді жер телімдерін белгілі «бір аты бар азаматтар» меншігіне айналдырып алғаны белгілі болды. Мұның бәрі заңсыздық. Сондай-ақ тұрғын үй салу мақсатындағы жерлерге салынған үйлерді заңдастыру да қазір түйінді мәселеге айналды. Мұнда халыққа түсініксіз
жазылған заң нормалары бар екенін айта кеткеніміз жөн. Мысалы, мен тұрмыс құрған соң «өзім заңгермін, үйді өзім-ақ заңдастырып аламын» деп жүгірдім. Содан, арнайы мамандар ғана түсінетін терминдермен бетпе-бет келдім, әрі қарайғы қадамдарды қалай жасау қажеттігі тіптен маған түсініксіз болды. Осы тұста қарапайым халыққа түсініксіз тілде жазылған заңдар бар екеніне көзім жетті. Халық мұны түсінбесе, құқықтық сауаттылығы жетпесе, үйді қалай заңдастырады. Яғни біздің қазіргі заңнама бойынша тұрғын үйді заңдастыру қолжетімсіз деп мен айта алам. Осының салдарынан кейбір жерлерде үйді заңдастырумен айналысатын ақылы қызметтерге жүгініп, келісімшарт жасасып, сенімхат негізінде заңдастырумен айналысып жатқан компаниялар бар. Осындай жұмыстарды жеке компанияларға жүктегенше, үкімет неге тұрғын үйлерді заңдастырумен айналысатын мекеме ашпайды?
Сонда іс оң шешімін табар еді. Халық әртүрлі мемлекеттік мекемелердің есігін тоздырып, әбден шаршаған соң не істейді...
– Азаматтар қандай да бір заттың жарнамасына сеніп, алданып қалғанын жиі айтады. Бірақ бізде жарнама жасаушы тұлға көп жауапкершілік арқаламайды, заңға осындай бір тармақтар енгізу қажет пе?
– Жарнама қатынастарын реттейтін 2003 жылы желтоқсан айында қабылданған Қазақстан Рспубликасының заңы бар. Сол заңға сәйкес қоғамдық қатынастардың әртүрлі саласындағы жарнама мәселесі реттелінеді. Соған сәйкес, жалған жарнама бергені үшін жарнама беруші жауапты. Яғни жарнаманы ұйымдастырып, беріп отырған ұйым жауапты. Ал жарнамаға қатысқан тұлғалар ешқандай жауапкершілік арқаламайды.
– Біздегі сот процестері тым ұзаққа созылмай ма, кейбір істер тіпті бірер жылға жалғасады, осыны қысқартуға қолдан жасалған кедергілер бөгет болып отырған жоқ па?
– Мұндағы мәселе – істің күрделілігіне байланысты. Сонымен қатар кейде, соттың ниетіне де байланысты. Мерзімі тұрғысынан алғанда бәрі де заңнамадағы процессуальдық мерзімдерді анықтап берген нормаларды сақтай отырып жасалады. Әдетте азаматтық істердегі мерзімдер үнемі ұзартылып жатады. Кейде ол жасалынатын сараптаманың нәтижесін күтуге де байланысты. Қазір соттар барынша заңда көрсетілген мерзімді сақтауға тырысады. Судьялар азаматтық істерді, не қылмыстық істерді шешуде тәуелді
болған жағдайда, әділетсіз болған жағдайда іс ұзаққа созылады. Мұндай судьялар өздерінің қитұрқы мақсаттарына жету үшін істі соза түседі. Негізі істі созу сотқа дейінгі тергеу жұмыстарында да белең алған. Ұзақ жыл осы салада қызмет істей жүріп байқағаным, тіркеліп, тергеу жүріп жатқан іске қарағанда, қылмыстық құқық бұзушылықты тіркетудің өзі өте қиын. Адвокаттар осыны қайта-қайта талап етіп жүріп тіркетеміз, ал қарапайым адамдар не істейді?! Анығында, құқық қорғау органдары халықтың құқығын қорғауы тиіс. Кейде олар істі әдейі созып, кейбір алаяқтық істер бойынша істерде күдікті тұлғалар жағына жығылып, олардың ізін жасырып, тергеуді
созып немесе заңсыз қысқартып жатқан істер бар. Әрине, мұнда судьяларға күйе жағудан аулақпын. Бірақ «бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» дегендей, өз жұмысына лайықты емес тергеуші, прокурор, судьялар бар. Мұндай келеңсіздіктерді біз қоғам болып, мемлекет тарапынан да бақылау орната отырып, жүйеге келтіру керек деп ойлаймын. Қазір шынын айтқанда, барлық қоғамдық салада бұрыннан қалыптасып қалған жемқорлық, тамыр-таныстықпен байланысты ескі жүйе мен жаңа жүйенің арасында үлкен тартыс жүріп жатқанын байқауға болады. Егер біз шынымен де Жаңа Қазақстанды құрмақшы болсақ, жаңа қадамдарды қолдайтын мамандарға мүмкіншілік беріп, әділ, құқықтық, әлеуметтік мемлекет қалыптастыруға әрбір азамат өз үлесін қосуы керек. Бір ойшылдың айтқан сөзі бар «адам өз көзқарасын өзгертсе, өмірі де солай өзгереді» деп. Демек, адам ең әуелі ойын өзгертуі қажет. Мен жоғары оқу орнында оқытушы болғандықтан, кейбір ата-аналар кеңес сұрайды. Сонда кейбіреулері «баламды оқуға түсіру үшін қалай істесем
болады, кіммен сөйлесейін?» дейді. Көрдіңіз бе, жемқорлықпен, тамыр- таныстықпен мәселе шешуге халық әбден үйреніп қалған. Тіпті мынадай оқиғаны естідім: «Бір ауылда мектепке еден жуушы болып орналасу үшін өзін жұмысқа алушыға бір қой сойып беріпті. Бұл дегеніңіз – өте ұят жағдай. Қазір заң басқа, заман басқа. Бәрі ақырындап өзгеріп келеді. Қазіргі кезде қарым-қатынастарды шешуде мұндай ескі көзқарастардың қажеті жоқ. Халық ең әуелі осыны түсінуі қажет. Әрине, оң өзгерістер көп, осы өзгерістердің жемісті болуына әрбір азамат, отансүйгіш азамат ретінде үлесқосуға міндетті деп ойлаймын. Мен біраз жылдар жоғары оқу орнында оқытушылық жұмыс жасап келемін, жоғары білім алушыларды академиялық шындық саясатын орнықтыра отырып даярлау да құқықтық мемлекетті орнықтыруға қосатын маңызды үлестердің бірі деп білемін.
Сұхбаттасқан
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ