«Ру бөлінуге емес, білісуге жақсы». Әлімханұлы руы туралы сұраққа жауап берді

Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (14-0, 9 КО) руы туралы сұраққа жауап берді.
Әлімханұлы Instagram Stories-те оқырмандардың «руының кім?» деген сұрағына жауап берді.
«Ру туралы көп сұрақ түсіпті. Осыған байланысты интернетте де түрлі ақпарат бар сияқты. Руым — Уақ. Бірақ руды айтып, румен мақтанатын адам емеспін. Ұлттың абыройын асқақтау басты мақсатым. Ру бөлінуге емес, білісуге жақсы», — деп жазды Әлімханұлы.
Шетелдік БАҚ хабарлағандай, Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін 14 қазан күні Розенбергте (Техас, АҚШ) өткізеді, қарсыласы орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Винченцо Гуальтьери (21-0-1, 7 КО) болады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы кейінгі жекпе-жегін мамырда Стоктонта (Калифорния штаты, АҚШ) канадалық Стивен Батлерге қарсы өткізіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.