Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:02

Рубио: АҚШ НАТО-мен қарым-қатынасты қайта қарайды

Марко Рубио
Марко Рубио. Фото: Nathan Howard / Reuters

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ирандағы соғыстан кейін Вашингтон НАТО-пен қарым-қатынасты қайта қарайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Рубионың сөзінше, НАТО АҚШ үшін маңызды, себебі ол әскер мен әскери техниканы елден тыс жерлерде орналастыруға мүмкіндік береді. Алайда егер альянс тек АҚШ Еуропаны қорғайтын жүйеге айналып, ал Вашингтон қажет кезде одақтастар базаларды пайдалануға рұқсат бермесе, мұндай келісім тиімді емес.

Ол НАТО «біржақты қозғалыс көшесі» болмауы тиіс екенін атап өтті.
«Үміттенеміз, бұл мәселені реттей аламыз», — деді Рубио.

Сонымен қатар ол Испанияны қоса алғанда НАТО елдерінің Иран дағдарысындағы әрекетін «көңіл көншітпейтін» деп бағалады.

«Мұндай жағдайда бұл альянс АҚШ үшін тиімді деп айту қиын. Сондықтан бәрін қайта қарауға тура келеді», — деді ол.

Бұған дейін Дональд Трамп НАТО елдерінің кейбірін дауыс беру құқығынан айыру мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған. Егер елдер қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 5 пайызына жеткізбесе, шешім қабылдауға қатыса алмауы мүмкін.

Сондай-ақ Ақ үй Германиядағы америкалық әскери контингентті қысқарту немесе шығару мүмкіндігін де қарастырып отыр.

НАТО-да шешімдер консенсус арқылы қабылданатындықтан, мұндай ұсыныстар альянс ішінде қайшылық туғызуы мүмкін.

Сонымен бірге АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) НАТО қаржыландыратын Украинаға қару жеткізу бағдарламасынан шамамен 750 млн долларды өз әскери қорын толықтыруға бағыттауды жоспарлап отырғанын Конгреске хабарлаған.

Наурыз айының ортасында Дональд Трамп Ұлыбритания, Франция, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа елдерді Ормуз бұғазын ашуға көмектесуге шақырған. Алайда көптеген елдер бұл бастамаға қатысудан бас тартты.

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус бұл соғыс олардың соғысы емес екенін мәлімдеді. Ал Германия канцлері Фридрих Мерц мұндай қадамға БҰҰ, ЕО немесе НАТО мандаты жоқ екенін айтты.

Өз кезегінде Испания АҚШ-қа өз аумағындағы базаларды пайдалануға тыйым салып, америкалық әскери ұшақтарға әуе кеңістігін де жапты.