Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:34

Рубио: АҚШ НАТО-мен қарым-қатынасты қайта қарайды

Рубио
Фото: из открытых источников

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қатардың Al Jazeera арнасына берген сұхбатында НАТО-дағы одақтастардың Иранмен соғыс кезінде АҚШ-ты қолдаудан бас тартуы Вашингтонның «көңілін қалдырғанын» мәлімдеді.

Оның айтуынша, әскери операция аяқталғаннан кейін АҚШ альянспен қарым-қатынасты қайта қарауы мүмкін.

Журналист Рубиодан Еуроодақ пен НАТО елдері «шешуші сәтте» АҚШ-қа сатқындық жасамады ма деп сұраған.

"Иә, бұл көңіл көншітпейтін жағдай болды. Президент пен еліміз операция аяқталғаннан кейін бәрін қайта қарауы тиіс. НАТО-ның АҚШ үшін пайдасы – түрлі сценарийлерде әскери базаларды пайдалану мүмкіндігі", - деді ол.

Рубио АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген маңызды сәтте НАТО-ның кейбір мүшелері, соның ішінде Испания, өз базаларын пайдалануға рұқсат бермегенін атап өтті.

 "Мұндай жағдайда "АҚШ-тың мүддесі қайда қалады?" деген сұрақ туады", -  деді ол.

Оның сөзінше, егер НАТО тек Еуропаны қорғауға бағытталған құрылым болып, ал АҚШ қажет кезде базаларға қол жеткізе алмаса, мұндай келісім тиімді емес.

"Егер альянс тек біз Еуропаны қорғайтын жүйе болып, ал бізге керек кезде базалар жабық болса — бұл жақсы келісім емес", - деді Рубио.

Еуропа елдерінің ұстанымы

Наурыз айының басында Испания АҚШ-қа Иранға қарсы операцияда өз базаларын пайдалануға рұқсат бермеген. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп Мадридпен сауда байланыстарын тоқтататынын айтып, ескерту жасаған.

Кейін Испания премьер-министрі Педро Санчес қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге шақырып, АҚШ пен Израиль бастаған соғысқа қарсы пікір білдірді.

30 наурызда El Pais газеті Испания АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясына қатысқан ұшақтарға өз әуе кеңістігін жапқанын хабарлады. Мұндай ұшақтарға тек төтенше жағдайда ғана қонуға рұқсат берілген.

31 наурызда Corriere della Sera және Reuters Италияның да америкалық әскери ұшақтарға Сицилиядағы Сигонелла авиабазасына қонуға рұқсат бермегенін жазды. Мәліметтерге сәйкес, АҚШ ұшақтары алдын ала ескертусіз қонбақ болған.

Сонымен қатар, Трамптың айтуынша, Франция да Израильге арналған әскери жүк тасымалдаған ұшақтарға өз аумағы арқылы ұшуға рұқсат бермеген.

"Франция сенімсіз әріптес болып шықты. АҚШ мұны ұмытпайды", - деп жазды Трамп.