Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Рубио Лавровты Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды

Марко Рубио
Марко Рубио. Фото: Nathan Howard / Reuters

БҰҰ Бас ассамблеясы аясында өткен кездесуде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа президент Дональд Трамптың үндеуін қайталап, Кремльді Украинадағы агрессияны тоқтату үшін нақты қадамдар жасауға шақырды.

Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметі таратқан жазбаша мәлімдемеде айтылды.

Жабық кездесу және Лавровтың реакциясы

Нью-Йоркте өткен Ресей мен АҚШ делегацияларының жабық кездесуі 50 минутқа созылды. Журналистердің сұрағына жауап ретінде Сергей Лавров бас бармағын көтеріп, кездесудің оң өткенін ишаралады.

Ал Ресей СІМ Telegram парақшасында Лавров «Аляскада Ресей мен АҚШ лидерлері келісіп алған бағытты ұстануға дайын екенін», сондай-ақ «украин қақтығысының түпкі себептерін жою үшін америкалық тараппен күш біріктіруге әзір екенін» мәлімдеді. Сонымен бірге ол «Киев пен кейбір еуропалық астаналар ұсынған, қақтығысты созуға бағытталған схемалардың қабылданбайтынын» атап өтті.

Трамптың сөзі: «Бұл соғыс Ресейді нашар қырынан көрсетуде»

23 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде президент Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу үшін белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, бастапқыда бұл соғысты тоқтату «ең оңай мәселе болады» деп ойлаған, өйткені Владимир Путинмен «жақсы қарым-қатынасы» бар еді.

«Бәрі Ресей бұл соғысты үш күнде ұтады деп ойлады. Жылдам қақтығыс болады деп болжады. Бірақ бәрі басқаша өрбіді. Бұл Ресейді нашар қырынан көрсетіп отыр», – деді Трамп.

Сол күні бірнеше сағаттан кейін Украина президенті Владимир Зеленскиймен жеке кездесуден соң Трамп Truth Social желісінде жазба жариялап, «Еуропалық одақтың қолдауымен Украина өз аумағын толық қайтарып алуға қауқарлы» екенін атап өтті.