Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:51

Рудныйдағы кісі өлімі: қылмысқа күдікті екі жасөспірім ұсталды

Рудный
Фото: ашық дереккөз

Рудный қаласында 19 жастағы жігіттің өліміне қатысты іс бойынша екі жасөспірім ұсталды. Бұл туралы Tobolinfo басылымы хабарлады.

24 қаңтар күні жедел-іздестіру шаралары барысында Қостанай облысы полиция департаменті қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесіп, Көкшетау қаласында кісі өлтіруге күдікті екі адамды қолға түсірді.

Тергеу мәліметінше, 23 қаңтарда Рудный қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің подъезінен пышақ жарақатын алған 19 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер — 16 және 17 жастағы жасөспірімдер.

Алдын ала деректерге сәйкес, қаза тапқан жігіт пен күдіктілер бір-бірін бұрыннан таныған. Қайғылы оқиғаға жеке қарым-қатынастар негізіндегі жанжал себеп болған.

Оқиғаға қатысты Виктор Ионенко, Рудный қаласының әкімі де пікір білдірді. Ол әлеуметтік желіде қаза тапқан Рамазан Үсентаевтың жақындарына көңіл айтты.

Әкімнің айтуынша, күдіктілер анықталып, ұсталған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және Қостанай облысы полиция департаментінің бақылауында.

Еске салайық, бұған дейін Рудныйдағы кісі өліміне байланысты 2008 және 2009 жылы туған екі жасөспірімге іздеу жарияланғаны хабарланған еді. Ол кезде Қостанай облысы полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктілерді ұстау үшін ел аумағында бағдарлама берілгенін мәлімдеген болатын.

Тегтер: