Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:26, 13 Желтоқсан 2021

Рух көгершіндері

None
None

немесе  Мағжанның әндері туралы бір пікір

Иесімен бірге түрмеде тұншығып, осы күнге дейін иесіне қайтпай жатқан рух мұраларының бірі – Алаш азаматтарының, соның ішінде Мағжанның да әндері. Бұл өзі өте күрделі, шындығына – сыры бергісіз, сыры – шындығына бергісіз, сыры – шындығымен, шындығы – сырымен судың толқынындай араласып кеткен алмағайып тақырып. Алаш қозғалысының рух сөздерінің иесі Ахаңның – Ахмет Байтұрсынұлының «Аққұм», «Қаракөз» әндері мен «Ілме» күйі, Жүсіпбек Аймауытовтың «Екі жирен», «Мұхида-Шәйбан» әндерінің сыры мен жырын алпысыншы-жетпісінші жылдары солар өмір сүрген күндердің куәлары – өнер қайраткерлері Мұхтар Әуезовтің, Қалибек Қуанышбаевтың, Серке Қожамқұловтың, Құрманбек Жандарбековтің, Қанабек Байсейітовтің, Сапарғали Бегалиннің, Жүсіпбек Елебековтің естеліктері мен Қазақ радиосының ардагері  Мақсұтбек Майшекиннің айтқан әңгімелерінен естіп, ішке түйген едім. Мұның қатарына І.Жансүгіровтің жары Фатима Ғабитованың күнделіктері де қосылады.

Кейін Алаш ардагерлерін ақтау туралы Жазушылар одағының жанындағы құқық комиссиясының төрағасы ретінде қауіпсіздік комитетіндегі 14 томдық тергеу істерімен үздік-создық екі жарым жыл отырып танысқан кезімде бұл деректердің біразы қылаң берді, тіпті Жүсіпбекке 1926 жылы сотқа тартылғандағы тағылған айыптың бірі осы «Екі жиренге» қатысты болып шықты.  Содан бастап осы Алаш қайраткерлерінің әндері туралы пікір қозғап, тереңдете талдасам ба деген ой  үнемі мазалап жүрсе де, тақырыпқа еркін тізгін тарта алмап едім. Мағжанның тағдыры туралы қалам тартқанда, сол орайды пайдаланыып, ойымды жеңілдетіп қана жеткізгім келеді.

Мені сонау жиырмаға толмаған кезімде бұл сорапқа түсіріп жіберген адам – қырық жылға жуық  Қазақ радиосының әдеби-музыкалық бөлімін басқарған Мақсұтбек Майшекин  еді.  Алпыс тоғызыншы жылдың қараша айында ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов мені журналистикалық тәжірибеден өту  дәрісі  кезінде: «Осы Ғабеңнің қаламының ұшына ілігіп, жазықсыз жапа шеккен бір адам бар. Ол – қазақтың қарт радиожурналисі Мақсұтбек Майшекин. Қазақ ән өнерінің біраз сыры сол кісінің   есінде. Сол  ардагермен сұхбат жасап, студенттердің тәжірибе жинағына мақала дайында», – деп  тапсырма берді.

Ертеңінде қазіргі Желтоқсан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысындағы сары үйдің бірінші қабатындағы пәтеріне бардым. Сонда шынашақтай ғана  ықшамды, бойын ой басып тұрғандай байыппен сөйлейтін ол кісі маған: «Қарағым, отыз төртінші жылдан бері осы радионың әдеби-музыкалық бөлімінде істеп келемін. Содан бері қазақтың бар әнін ел құлағына жеткізуге ұмтылдым. Әрине, сөзін, әннің шығу тарихын идеологияға сай бейімдеп отырдық. Оған көнбеске амал бар ма?!  Елуінші жылдың басында қазақ әндерінің барлығы шектелді. Сөздері міндетті түрде орысша мәтінмен орындалуы тиіс болды. Роза Бағланова әлі де сол үйренген әдетімен айтып келеді. Елу алтыншы жылғы жылымықтан кейін Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Күләш Байсейітова, Жүсіпбек Елебеков бар, біраз әдебиет, өнер қайраткерлері бас қосқанда: «Осы қазақ әндері авторларымен қосылып ұмытылып, өшіп барады. Оны білетін осы біз сияқты егде тартқандар ғана. Авторларының аты аталмаса да, әннің сөзін өзгертіп, әуенін аман сақтап қалу үшін оларды қайта жаңғыртайық. Оны мына Мақсұт таспасына жазып алып, радио арқылы елге таратсын», – деп пәтуаласты.

Кірісіп кеттік. Мұхаңның өзі Ақылбайдың әнін Күләшқа, Жүсіпбекке айтып нотаға түсіртті. Иса мен Қалибек «Көгершін» әніне жаңа мәтін жазды. Жүсіпбек ұзақ толғанып жүріп «Қанатталдының» әні мен сөзін  түрлендіріп шығарды. Сөзін әніне сай жеріне жеткізе әрледі. Әсіресе «Өмірден өз еркімен орын таппай, Кейінге «Қанат талды» әнім қалды», – деген жерінде қуғынға түсіп, жапа шеккен Сейітжан (маған Сәтжан емес, Сейітжан деп айтты) салдың арманы қапысыз жетті. Өмірден қанатым талды деп тұр ғой. Сол арасын өзгертпеді. Мәтіннің ішіне кіріктіріп жіберді.  Бастапқыда радиодан, «Қазақконцерттен» өткізу үшін әннің атын «Қанаттанды» деп, «өмірдің өрінен орын таппай» деп айтып жүрді. Қазір Жүсіпбек оны өз мәтінімен «Қанат талды» деп айтады. М.Әуезов Лениндік сыйлық алған кезінде Жүсіпбекті Мәскеуге алып барып, мәскеуліктерге сөзін аударып отырып тыңдатқанда таңғалып, «Өмірден өз еркімен орын таппай, қанатым талды» деген жерін үш рет қайтара айтқызыпты.

Ал мен сол әуендерді тірілту үшін композиторлар Садық Кәрімбаев пен Шәмші Қалдаяовты радиоға тарттым. Екеуі де елгезек қой, іліп әкетті. Атақты «Жетісу», Мағжанның  «Сен сұлу», «Камила» әндері солай тірілді. Камиланы балқаштық әнші Манап Балқашев жан дүниесімен беріліп айтып, Мағжан өлеңінің қуат-күйінішін әсерлі жеткізеді. Оны радиоға-таспаға өзім жаздырдым. «Япурайдың» сөзін Иса қырнағаны болмаса, онша өзгеріс енгізген жоқ.  Өзге де халық әндеріне осындай сөздік, әуендік өзгерістер енгізіп, әннің сазын, қазақтың әуенін аман алып қалдық. Әрине, жетіскендіктен емес, өзге амал қайсы. Осы сырды біле тұрып, өзі іштей жақтай отырып, өзіне ақылдаспаған іске қырын қарайтын мінезімен Ғабең – Ғабит Мүсрепов мені қағытып, «Қазақ әдебиетіне» кекетіп-мұқатып мақала жазды. Бірақ ол кезде әннің  көпшілігі кең тарап кеткен болатын. Қазіргі «Япурай», «Бипыл», «Жанай-керім»,  «Ақтамақ», «Жайдарман» сияқты әндер сол науқанның жемісі, яғни, Ғабеңше айтқанда, «менің былықтыруымның кесірінен» өмірге қайта оралды. Әлі қаншама ән тұншығып жатыр десеңші»,– деп бар сырын айтып еді.

Сексенінші жылдары досым, әнші Жәнібек Кәрменов екеуміз авторларының аты өшіп не ұмытылып, «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сияқты операларға ария ретінде сіңіп кеткен әндердің әуені мен сөзін қалпына келтіру туралы мәселе көтеріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде арнайы екі мақала жарияладық. Сексенінші жылдың аяғында Қазақстан орталық комитетінің қаулысымен 1951 жылы айтылуға тыйым салынған (сол кездегі идеология жөніндегі хатшы І.Омаровтың естелігінде де атап көрсетілген) қазақтың 151 әнін қалпына келтіру, оларды толықтай анықтау туралы Қазақстан жазушылар одағының жанындағы құқық комиссиясының арнайы жұмыс тобын құрып, ол істі марқұм әнші Ж.Кәрменовке тапсырып едім. Өмірі жетпеді. Композитор І.Жақанов біраз шаруа тындырып, ол бастама ресми түрде аяқталмай қалды. Себебі тәуелсіздік жарияланғаннан кейін  ол мәселе күн тәртінен түсті, бірақ, өкінішке қарай,  сол әндерді зерттеп, түпкі мәтіндерін іздеп, табу қаракеті қайтып қолға алынбады. Қазір ғылыми ойлау дағдысы қалыптасқан әнші Еркін Шүкіман ғана онымен енді айналыса бастады.

Міне, сол Алаш ардагерлерінің көзін көрген адамдардың естелігі арқылы бізге жеткен Мағжанның әндері – «Кәмилә» мен «Сен сұлу» және «Япурай».  Иә, «Япурай». Әрине, олардың мәтін-мотивтері түпнұсқадан өзгеше. Дербес өнер туындылары. «Сен сұлудың» мәтіні Мағжанның барлық жинақтарында бар. Ал «Кәмиләның»  мәтіні жоқ. Мағжанның «Жәмилә» атты өлеңі жинақтарында бар. Зады, Жәмиланы – Кәмиләға өзгертіп, інге қосқан болуы керек. Бұл ән қазір тіпті ұмытылып, айтылмайтын болып кетті. Анығы, олардың түпнұсқасы Мағжанға тиесілі екені дау туғызбайды. Қазақтың авторлық әндерінің жоғарыда айтылған қысым көру тарихымен жақсы таныс, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Б.Жылысбаев сияқты әнші-ұстаздарының әңгімесіне жете қанық Жәнібек осы бағыттағы ізденісін өзі құрастырған, 1991 жылы дайндалған екі томдық «Қазақ әндерінің  антологиясында» [А., Өнер. 1991,  228-бет] «Япурайды» Мағжанның әні ретінде жинаққа кіргізді. Алайда  «Япурай» әнінің Мағжандыкі екені туралы нақты дерек мүлдем жоқтың қасы. Кезінде аға ұрпақ өкілдерінің естеліктері түрлі отырыстарда айтылып қалушы еді. Олардың арасында қағазға түскені біздің көзімізге байқалмады.  Дегенмен де әдебиеттану мен мәтінтанудың заңдылықтарына сүйеніп, көркем ойлау мен көркем бейнелеу жүйесіне жүгінетін болсақ, «Япурайдың» сөзінен мына жайттар анық аңғарылады.

 Басты белгі, мәтіннің авторы – сөзсіз ХХ ғасырдың басында  өмір сүрген адам екені күмән тудырмайды. Себебі мұндағы бейнелі сөздердің барлығы Абайдан кейінгі поэзияның үрдісіне сай  және табиғат пен адамның көңіл күйін астастырып жеткізетін лирикалық болмыстағы жазба ақынға тән бейнелеу тәсілін қолданған. Екінші – сол тұста өмір сүрген ақындардың арасында мұндай көркем ойлау  мен бейнелеу деңгейіне жеткен  Мағжаннан басқа ақын жоқ. Ілиястың сөз саптауы, образды қолданыстары басқа мәнерде. Үшінші – кез келген шығармашылық иесінің  барлық жан дүниесін көркемдік тұрғыдан ашып беретін, тұтастандырып тұратын ерекшелік, ол – сол ақынның өзіне ғана   тән көркем қабылдау мен көркем бейнелеу әлемі. Тақырыпты игеру жүйесі, соған орай,  көңіл күй ауаны, тұрақты сөз тіркестері, қалыптасқан шендестірулері мен теңеулері болуы тиіс. Көркем жүйесі қалыптаспаған  өнер иесі қалыптаспаған  тұлға болып есептеледі.  Бұл реттен алғанда, «Япурай» қазақ әндерінің ішіндегі сөзі ең көркем, теңеуі мен астастыруы нәзік әрі көңілді «жаспен жуатын» бейнелі ән, көркемдік жүйесі толық қалыптасқан талант иесінің туындысы екені анық аңғарылады. Біз осы көркем шығарманың тегін мәтіндік салыстыру барысында Мағжанның көркем жүйесіне қатысты «Япурайға» тән екі-үш нысаналы белгіге тоқталамыз.

Бірінші – табиғат, оның ішінде көл тақырыбының   автордың көркем  қабылдау болмысымен-стихиясымен астаса берілуі сыпаты. Көл, айдын, толқын, батқан күн, атқан таң, кеш – Мағжанның табиғат лирикасының бойына тумысынан біткен дүние құбылысы. Оның дүниені, көлді ерекше қабылдауы Мағжанның  алғашқы туындыларының бірі «Туған жерім – Сасықкөл» атты өлеңіндегі: «Алыстан мұнарланып шалқыған көл, Бетінде күннің нұры балқыған көл. Жарысып саф күмістей ақ көбігің, Мап-майда мөлдіріңде қалқыған көл… Жаныңда жас балалар ойнаған көл… Көз салып жалтырыңа, мұңға батып, Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл...» – деген жолдардан барынша анық әрі жанға ыстық көрінеді. Бұл суреттер  оның кейінгі туындыларының ішінен үнемі қайталана орын алып отырады, мысалы:  «Көлдің бетін кестелеп...», «Өзеннің суын жел тербеп, Ақ төсін керіп шайқалад», «Толқын мен толқын сырласып, Сырларын еппен ұрласып, Толқынға толқын еркелеп, Меруерт көбікке оранып… Шапшып көкке лепіріп ...» –  деген жолдарда одан әрі жалғасын табады. Көл, яғни  «Япурай» әніндегі: «Жаз болса жарқыраған көлдің беті, Көгеріп  толқындайды, япурай, алыс шеті», – деген жолдар алдыңғы өлең жолдарымен өзара тікелей көркемдік үйлесім тауып тұр.

Көл, көлдің толқыны, көкжиегі – ақынның көз алдында тұрған аңсарлы ортақ көрініс. Осы сурет арқылы ол енді сол көл мен толқынның сымбатына әрекет беретін   өрнек іздейді. Ол – діріл басқан толқын, айдын, алтын бу, көк,   жас бала, махаббат, мұңлы сағыныш сияқты  шендестірулер жүйесі. Бұл  суреттер оның өлеңдерінде: «Алтын күн батып барады, Күйдіріп көктің жиегін», «Алтын күн шығып келеді, Алтындап көктің жиегін»,  «Көк алтынға көмілген, Ауаға алтын себілген», «Бейне айнадай жарқыраған айдыннан, Күн шығарда көтерілген бу сұлу», «… Сылдыр-сылдыр сылдырлап, Толқынды толқын қуады. Күміс кәусар суымен, Суының алтын буымен, Жарының бетін жуады, Толқындап, ойнап құтырып, Көбігін шашып өкіріп», – деп бейнелі сипатталады. Бұл жолдағы көріністер «Япурайдағы»: «Дірілдеп толқын басқан мөлдір суды, Шайқайды жас баладай,  япурай, желдің лебі» [А., Өнер. 1991, 228-бет], – деген жолдармен қабысып, бірінің суретін бірі толықтырады. Толқын, діріл, жас бала – табиғатқа жан бітіріп тұр.

Ал ақынның жан дүниесімен астасып, сезімнің қылын шертетін рахат-азабын, ыстық-суығын, күйініш-сүйінішін білдіретін: кәусар, алтын бу, ақ көбік, саф күміс, меруерт, моншақ, маржан, көз жасы сияқты теңеулер Мағжанның лирикалық поэзиясының  өзіне ғана тән өрнегі болып табылады. Мысалы: «Жұмақтағы кәусар судан, Бетіндегі алтын будан, Алдап меруерт көбік шашар», «Күміс кәусар суынан, Суының алтын буынан», «Бетінде нұрын балқытып, Апасын құшып еркесін, Көзінен меруерт ағызған», «Жып-жылы күн маужырап, Көтерілген жерден бу. Саф күмістей жалтырап, Тыныш жатқан тұнық су», «Көз жасымнан меруерт тізіп берер ем, Келші, күлмей, көзден аққан жасыма»,  «Құрып дымың, қайғырып жас төгерсің, Бұлт ашылар – қайғының бәрі бітті», – деген жыр жолдарымен: «Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар, Судан бу көтеріліп, япурай,  маржан тағар. Есіме ақ сәулемді алған кезде, Ақ моншақ  жылт-жылт етіп, япурай, жерге тамар», – деген ән шумағы бірінің мазмұнын бірі тереңдетіп, олардың бір көңілден түлеген аңсарлы ой құштары екенін барынша  қанық танытады.

Көркем жүйеге қатысты басты талаптың бірі – белгілі дүние құбылысын бейнелеу барысында қолданылатын шығарма иесінің сөздік қоры болып табылады. Бұл реттен алғанда «Япурай» әніндегі барлық сөздер мен теңеу сөздерді Мағжанның жоғарыда көрсетілген жыр жолдарынан толықтай кездестіруге болады, тіпті олардың бейнелік-қимыл сипаттары да, сөз өрнегі мен қолдану реті де бірдей. Көл мен толқынды махаббаттың ыстық сағынышымен астастыра шендестіруіндегі көңіл күй де ортақ. Мәтіннің авторлығын дәлелдеуге тиісті көркем жүйенің жиырма бір талабының бәрін де осы салыстырулардан толығымен табуға болады. Ол – ой салу орайындағы пікірдің емес, әдебиеттану ілімінің теориялық міндеті болып табылады. Оның орнына, осы пікірді жазу барысында күтпеген жерден көңілді күпті еткен мына бір жайды қаперге іле кеткім келеді. Ол – әртүрлі ән жинақтарындағы «Япурай» әнінің мәтінінің әр қилы жарияланып келе жатқаны. Өзге – өзге, «Япурай» сияқты  аса шеберлікпен, көркем, бейнелі теңеулермен шендестірілген, астарлы мағынасы болмыспен астасып жататын «мінсіз, сыңғырлап өңкей келісіммен» жазылған ән мәтініндегі бір сөздің «артық не кем» кірігіп кетуі  әнге кіршік түсіреді.

Мысалы, қазір әлеуметтік желі ақпараттың басты көзіне айналды, жұрт оған еш қаперсіз сенеді. Ал айналдырған екі шумақтан тұратын «Япурайдың» бірінші шумағы әлеуметтік желіде: «Көгеріп көрінеді алыс шеті» [http:www.meqaIyrics.ru.>iapyrai] – деп,  «Қазақ әндерінің  антологиясында»: «Көгеріп көрінеді алыс шеті, Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын-ай» [А., Өнер. 1991, 228-бет], – деп, «Сыр сандық. Қазақ халық әндерінің антологиясында»; «Көгеріп толқындайды алыс шеті» [Сыр сандық. Қазақ халық әндерінің антологиясы. Астана.  Дәуір. 616-бет. Б96.], – деп басылған. Сонда, көлдің алыс шеті көгеріп көріне ме, жоқ, көлдің алыс шеті көгеріп толқындай ма? «Көріну» – қозғалмайтын көрініс, жансыз сурет. Ал «толқындайды» да қимыл бар, ол «желдің лебімен толқындап» тұр. Бұл жанды сурет. «Дірілдеп толқын басқан мөлдір су,  жас баладай шайқап тұрғандықтан» да,  көлдің арғы беті де көгеріп толқынданып тұр. Көркем суреттің сөз жүйесі соны мекзейді. Мұны біз тәмсіл еткен Мағжан өлеңдеріндегі барлық көл суреттерінің: «Толқын мен толқын сырласып  Толқынға толқын еркелеп», – деп қимыл үстінде бейнеленуі соны растайды.

Ал екінші шумақтың алғашқы екі жолы үш жинақта үш түрлі нұсқада:  «Алтын бу  айналы өңнің бетін жабар; Ақ сәуле  көктен төніп, маржан тағар  [http:www.meqaIyrics.ru.>iapyrai]; Алтын күн айна көлдің бетін жабар, Күн сәуле көктен төніп, маржан тағар [А.Өнер.1991, 228 бет]; Алтын бу ақ көбіктен бетін жабар, Судан бу көкке төніп, маржан тағар [Сыр сандық. Қазақ халық әндерінің антологиясы. Астана.  Дәуір.96.], – деп үш түрлі сөз тіркестерімен берілген.  Әлеуметтік желідегі «Алтын бу айналы өңнің бетін жабар» деген тіркесте «сұлу сөздің» қарапайым үйлесімі сақталмаған. «Айналы өң» қандай өң, беті шарайна сияқты шарық табақ айдын ба? «Ақ сәуле көктен төніп бетін жабар да»  қисыны мен қиюы қашқан сөз. «Ақ сәуленің көктен төнгені» – көлге қауіп төндіргенін білдірмей ме? Екінші – «Қазақ әндерінің» жинағында бұл жол: «Алтын күн айна көлдің бетін жабар, Күн сәуле көктен төніп, маржан тағар», – деп берілген. Бұл арада: Күн айна көлдің бетін жапса, онда күн көлдің бетін күміс қақпақ сияқты жауып тұрған болып шықпай ма? «Күн сәулесінің көктен төнуі» де жарасым тапқан келісім емес. Сәле – төнбейді, құйылады, төгіледі. Бұл ретте «Қазақ халық әндеріндегі»: Алтын бу ақ көбіктен бетін жабар, Судан бу көкке төніп, маржан тағар» – деген жолдар Мағжанның жоғарыда келтірілген:  «Күн шығарда көтерілген бу сұлу», «Суының алтын буымен, Жарының бетін жуады», «Бетіндегі алтын будан, Алдап меруерт көбік шашар»,«Суының алтын буынан», «Көтерілген жерден бу, Саф күмістей жалтырап», – деген көркем бейнелеу жүйесі мен сөз үйлесіміне барынша тән. Табиғи.  Тек осы үйлесімдегі «Судан бу көкке төніп» деген жолда бір сәйкессіздік бар. Сәуленің жерге төнбейтіні сияқты бу да көкке төнбейді, көтеріледі. Мағжанның өзі мұны«Көтерілген жерден бу» деп анық та қанық бейнелеп тұр ғой. Ендеше дұрысы: «Судан бу көтеріліп, маржан тағар». Мысалы, мен өз басым «Япурайды» ыңылдап айтқанда осы «Судан бу көтеріліп» деп іштей күбірлеп айтам. Менің ойымша, өзге көне көздер де осылай айтатын сияқты еді.

Жә, бір пікір ретінде қаперге ұсынған тәмсілімді осымен аяқтаймын. Алдағы уақытта Бекмұхамед Серкебаев сияқты Мағжанмен тел өскен адамдарың күнделік жазбалары табыла қалған жағдайда бұл қисындық деректің шындыққа көз жеткізіп қалуы әбден мүмкін. Ал Алаш өнер қайраткерлерінің жеке әндері, олардың  әрқайсысының шығу тарихы өз алдына, жүрек тебірентерлік дербес әңгіменің арқауы. Түрмедегі тергеу ісінде де ол туралы там-тұмдаған деректер бар.  Әуенмен астасқан  Алаш ақиықтарының көңіл  көгершіндері де түбі өз иелерін табар деген үміттеміз.

Тегтер: