Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Рухани майдандағы бір жыл

1
Фото: из открытых источников

Қай қоғамда да руханият замана тынысын, қоғам қозғалысын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін, аңсар тілегін, тебіреніс-тербелістері мен жан дүниесін жарқырата ашуымен құнды.

 Бұл – адамзат қолына қалам алып, көркем дүние жаза, жарата бастағалы бұлжымай жалғасып келе жатқан дәстүр. Қазақ руханияты, соның ішінде әдебиет пен мәдениет ұлт руханияты мен тарихының ажырамас бөлігі екені әуелден белгілі. Бұл жыл қазақ әдеби-мәдени өміріндегі бітпейтін тартыс-таласымен есте қалған сияқты. Елдегі әдеби-мәдени өмір де бір жыл ішінде талай талас-тартыс пен сан түрлі жаңалықты бастан кешіп үлгерді. Әдебиет пен мәдениет бүгінін, рухын жоғалтса, ұлт та жоғалуға айналады екен. Расымен, мәдениет пен әдебиеттің адамзаттың дамуы тарихына, қоғам қалтарыстарына қалай ықпал етерін кешкен жылдар, өткен кезеңдер дәлелдеп берді. 2025 жылы әдеби майданда қандай жаңалықтар орын алды? Аз ғана шолу жасадық. Ал қазақ киносы мен театр өнеріндегі жыл жаңалығы туралы кинотанушы Баубек Нөгербек пен театртанушы Тәңірберген Ембергенов пікір білдірді.

Қазақ әдебиеті қазір шығармадан, кітаптан кенде емес. Жыл сайын ескілі-жаңалы авторлар жарық көріп жатады. Биыл да біраз туындылар мерзімді басылымдарда жарияланды, кітап болып басылып шықты. Әсіресе жас қаламгерлердің қатары көбейгені шын қуаныш. Мәселен, «Қазақстанның әдеби-таным­дық панорамасы» атты жоба аясында жыл соңында 20 жас қаламгердің кітабы жарық көрді. Еліміздің әр өңірінен 20 жас қаламгер іріктеліп, байқау шарты бойынша өзіне тиесілі облыстар мен қалаларды аралап, сол өңірдің қыр-сырын, жұмбағы мен тылсымын туындыға айналдырған. Бұдан бөлек, жекелей шығып жатқан жас қаламгерлердің кітабын да жиі байқап жүрдік. Бұған жарық көріп жатқан аудармаларды қосыңыз. Қазақша баспалар да әлем жазушыларын қазақ тілінде сөйлетуге тырысып жатқаны көрініп-ақ тұр. Бұдан бөлек, 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып атап өтілген еді. Осы күні «100 кітап» сауал­­намасы басталып, Абай күні қарсаңында аяқталған еді. Осылай тамыз айында ұлттық әдебиеттегі «таңдаулы» 100 кітаптың тізімі жарияланды. Әдеби сынның да, байқасақ, бағыты өзгере бастады. Соңғы жылдары әдеби сын тек академиялық деңгейден алыстап, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде өмір сүре бастады. Әдеби порталдар, әлеуметтік желілер, блог-платформаларда пайда болған әдеби пікірталастар сын жанрының аудиториясын әлдеқайда кеңейткен сияқты. Бұл құбылыс сынның жандануына, жаңа есімдердің танылып, пікір алуандығының артуына сеп болғаны рас. Сәйкесінше, әлеуметтік желілерде әдебиет төңірегіндегі талас-тартыстың да көбейгені жасырын емес. Күні кеше «Ақын-жазушылар кімге керек?» деп атой салып жатқан журналистің жазбасы сөзімізге анық дәлел.

Қоғамда «ақын-жазушы мемлекетке не үшін керек?» деген сұрақтың қойылуының өзі біздің қазіргі рухани кеңістігіміздің келбетін айқындап тұрған сияқты. Бұл сауал сырттай қарағанда әділ секілді көрінгенімен, түбіне үңілсең, әдебиет пен ой иесінің табиғатын нарық логикасына салып өлшеудің салдары екенін анық байқатса керек. Мәдениет тарихы мұндай қарабайыр әрі қисынсыз теңеудің ұзаққа бармайтынын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Кеңес дәуірінде әдебиеттің идеология құралы болғаны рас. Бірақ сол кезеңде де әдебиеттің бәрі біржақты тапсырыспен туған жоқ. Сол жүйенің ішінде жүріп-ақ шындықты астарлап айтқан, ұлттық кодты сақтап, тіл мен мінезді жоғалтпаған шығармалар дүниеге келді. Ал тәуелсіз елге әдебиеттің қажеті жоқ деу – мемлекетті тек экономика мен әкімшілік аппараттан тұратын механизм деп қабылдаумен тең. Рухани негізсіз мемлекет ұзақ өмір сүрмейтіні анық.

Бұдан бөлек, бұл жыл әдеби сыйлықтар мен соның жан-жағындағы талас-тартысымен есте қалды. Әсіресе жыл ортасындағы Мемлекеттік сыйлыққа талас, әлеуметтік желідегі қаламгерлердің өзара тартысы ұзаққа созылды. Ең ұнамсызы да – осы мемлекеттік не әдеби сыйлық алдындағы үгіт-насихат, бос дақпырт, құр мақтаудың науқаны. Күнде баспасөз бетінде ақырғы кезеңге өткен қаламгерлердің шығармалары туралы мақалалар беріліп, «кім лайықты, лайықсыз?» деген сауал да қойылып үлгерді. Әсіресе бүгінгі әдеби үдерісте әдеби сыйлық туралы сыбыс тарай қалса, ақын-жазушылардың дауысы қаттырақ естіліп қалатын әдет бар. Сыйлыққа ұсынылып, ақырғы кезеңнен аты көрінбеген қаламгерлер де өз пікірі мен қарсылығын айтып қалды. Осындайда әу бастан-ақ әдебиеттің өзегі саналатын рух, ар, ой деген нәрселер дөй далада қалғаны ма деген ойға еріксіз ораласың.

Баубек Нөгербек
Фото: vosmerka

Баубек Нөгербек, кинотанушы: Цензураның бастауында тұрмыз

Биыл қазақ кинематографиясы бірқатар жаңа туындылармен толықты. Шыққан фильмдердің бірқатары әлі күнге әлеуметтік желілерде жаппай талқыланып жатыр. Әсіресе соңғы жартыжылдықта жарық көрген «№37», «Ауру», Qaitadan сынды фильмдердің даңқы мен дақпырты қатар жайылды. Тәуелсіздік алған соң, қазақ кинематография тарихында театр спектаклі негізінде түсірілген алғашқы фильм «№37» туындысы болды. Кеңес өкіметі кезінде Шәкен Айманов өзі қойған «Қозы Көрпеш‑Баян сұлу» спектаклінің экрандық нұсқасын жасаған еді. Араға жарты ғасырдан көп уақыт салып, спектакльдің шығармашылық құрамы осы тарихты қайталай алды. Биылғы жыл қазақ кино өнері үшін тек жаңа фильмдердің көптігімен ғана емес, саланың ішкі құрылымы мен көркемдік бағытына қатысты елеулі өзгерістерімен есте қалды. Ал су тасқыны туралы түсірілген Qaitadan – мемлекеттік бюджетке түсіріліп, өзінің қаржысын артығымен ақтай алған санаулы фильмдердің бірі. Осыған дейін тек «Дос-Мұқасан» фильмі өз бюджетін артығымен ақтай алған еді. Жалпы соңғы жылдары қазақ киносының қатары толып, отандық кинематографияға лек-легімен жаңа буын қосылып жатыр. Көрермен бірін қуана қабылдап, оң пікір білдірсе, енді біріне айтылар сын басым. Кино төңірегінде талқы да қызу. Сондай туындылардың бірі – 13 қарашада отандық прокатқа шыққан «Ауру» фильмі. Меніңше, таза маркетинг талаптарына сай фильм болған сияқты, оның үстіне фильмге жас шектеулерінің қойылуы көрермен қызығушылығын одан сайын ашса керек. Көркемдік сапасы жақсы болғанымен, фильмнің негізгі әлсіз тұсы – оның айтқысы келген ойы шашыраңқы. Былтырмен салыстырғанда, биыл жарыққа шыққан фильмдердің саны аз, 2024 жылы прокатқа 100-ге жуық фильм шықса, биыл түсірілген фильмдердің саны 70-ке жуықтайды. Бұдан бөлек, өткен жылмен салыстырғанда биыл жарық көрген фильмдердің мазмұны бойынша айырмашылық та біраз екенін көруге болады. Мәселен, комедия жанрындағы фильмдердің әжептәуір азайғанын байқаймыз. Соның ішінде шығып жатқан фильмдердің тек комедия не драмамен шектелмей, қатарға күрделі жанрлар да қосылып жатыр. Мәселен, биыл шыққан «Бақыт құшағында» туындысы мюзикл жанрына тиесілі. Мюзикл өз заңдылықтары бар, өте күрделі бағыт екенін әрі қазақ кино тарихында мюзиклдердің тым аз екенін ескерсек, бұл кинокартинаны ерекше атап өтпеске болмас. Әрине, ғажап туынды, нағыз щедевр деп лепіруге болмас. Өз бойына шақ кемшіліктері де жетіп артылады. Әсіресе фильмді шетел мюзиклдері мен фильмдеріне еліктеп, тіпті кей тұстары соны қайталап түсіргені бірден көзге ұрады. «Ла-ла-ленд» мюзикліне ұқсатқандар көп. Дегенмен тым нашар деп кесіп айтуға да келмейді, бастысы, көрермен көңілінен шыға алған сияқты.

Тағы бір маңызды жаңалық – жаңа есімдердің, жас таланттардың көптеп көрінуі шығар. Жас режиссерлер мен сценаристер, әртістер кино әлеміне қадам басып, өз фильмдерінде үлкен пафостан гөрі шағын оқиғаларды, күнделікті өмірдегі драманы қаузап жүр. Техникалық тұрғыдан да ілгерілеу байқалды. Операторлық жұмыс, дыбыс сапасы, визуалдық шешімдер бұрынғыға қарағанда жинақы әрі кәсіби деңгейге көтерілді. Әсіресе табиғи жарықпен жұмыс істеу, ұзақ кадрлар мен минималистік композицияларды қолдану жиілей түсті. Дегенмен шыққан фильмдердің бәрі бірдей көңілден шықты, сапалы, деңгейі биік деуге келмейді. Әсіресе биыл шыққан фильмдердің қатарында жарнамасымен жарып шыққан «Әмеңгерге» көп сын айтылды. Кинематографиялық тұрғыда, шынында, қаузаған тақырыбы тың, негіз етіп алған мәселе қызық болғанымен, көрген кезде санада көп сұрақ туындады. Іштей «әттеген-айлар» көп болды. Авторлардың позициясы да түсініксіз күйде қалған. Даттап әлде мақтап жатқанын дөп басып түсіне алмайсың, басынан аяғына дейін сыңаржақ көзқарас көп. Автор жасаған кейіпкерлерді де ақтап алу, түсіну қиын. Сюжетінде қайтқан баласының жетісін де күтпей әке‑шешесі қалаға бір айға кетіп қалады. Логикалық байланысы әлсіз, түсініксіз тұстары көп. Жарты жыл бойы жарнамадан түспей, бірақ нәтижесі, сапасы сын көтермейтін фильм деп «Әмеңгерді» атар едім.

Осыған дейін қазақ киносын арзан әзіл мен бітпейтін комедиядан арылту керек деп жүрдік. Соңғы екі-үш жылда арзан комедиялардың легі азайып, былайша айтқанда, «жылауық» фильмдердің дәуірі басталған сияқты. Байқасақ, прокатқа шығып жатқан фильмдердің мақсаты – көрерменді әйтеуір бір жылату боп кеткен. Арзан әзілге құрылған, өмір шындығын жеңіл күлкімен көмкерген комедиялардан шаршаған көрерменге кино авторлары енді «тереңдік» ұсынғысы келді. Бірақ сол тереңдікті көбіне қайғы арқылы ғана өлшеу үрдіске айналғандай. Бұған кім кінәлі десек, көрермен сұранысынан туып жатқан нәтиже сияқты. Көрермен осындай трагедия мен драмаларға асығып тұратынын жиі байқаймыз. Қазақ киносы қазір өтпелі кезеңде тұрған сияқты. Мұндай құбылыс ендігі бес жылдықта жалғаса бермек. Арзан күлкіден алыстадық, бұл сөзсіз жетістік. Бірақ келесі қадам қайғыны көбейту емес, эмоциялық палитраны байыту болуы керек. Көрерменді жылатпай-ақ, ойға жетелейтін, сұрақ қоя алатын, санаңа селкеу түсіретін формалар бар. Тіпті көп. Тыныш драма, психологиялық тереңдік, ирониясы бар салмақты әңгіме, тіпті үмітке құрылған фильмдер де қажет екенін ұққанымыз жөн.

Соңғы бір аптада «Руың кім?» фильміне қатысты дау өршіп кетті. 11 желтоқсанда Қазақстанда прокатқа шыққан «Руың кім?» фильмі көрсетілімнен алынды. Бұл туралы бастама көтерген депутат «рушылдықты мәдени деңгейге шығармау керек» дейді. Ал сценарист мұны «цензура» деп бағалаған. Өзім фильмді көріп үлгермедім, дегенмен трейлерімен таныспын. Фильм сюжеті құда болғалы жатқан екі отбасының алғаш рет танысып, дастарқан басында ру сұрасқанынан әрі қарай өрбиді. Әуелі қызын кедей отбасына бергісі келмеген ауқатты жанұя құдасының руын білген соң пікірін өзгерте бастайды. Ресми трейлерде фильм барысында бірнеше рудың аты, олар туралы күнделікті тұрмыста айтылатын көзқарастар сөз болады. Білуімше, осы сюжетті, ақсүйек пен кедей, тек тақырыбын арқау еткен француз комедиясы бар, соның «қазақша» көшірмесі сияқты. Осыған дейін де шетел комедияларының калькасы қазақ киноиндустриясында жиі ұшырасып жүрді. Француз комедиясында да ДНК анализін тапсырып, тегін анықтайды. Байқағаным бойынша, «Руың кім?» тура сол фильмді қайталаған. Мұндай фильмдердің қаншалықты алауыздық тудыратынын білмеймін, дегенмен шыққан фильмді прокаттан алып тастау, меніңше, қауіпті құбылыс. Себебі бір депутаттың сөзіне бола жүзеге асып жатқан процесс екенін ескерсек, мұның соны цензураға әкеп соғуы ықтимал. Бір шенеуніктің көңіліне тіпті басқа фильм жақпады, жеке түсінігі мен талғамына сай келмей қалды делік, осылай басқа фильмдерді де прокаттан алып тастауы әбден мүмкін ғой. Сондай теріс құбылыстың, мүдделер қақтығысының бастамасы болуы мүмкін. Салдары тек ұлттық, адамзаттық қана емес, жеке мүдделердің қақтығысына әкеліп соғары анық. «Цензураны» желеу етіп, тырнақ астынан кір іздейтіндер көбейеді. Фильм авторлары руға бөлінуді дәріптемейміз, қайта күлкі етеміз деген мақсатта түсініктеме берген екен. Мұндай нәзік тақырыптарға келгенде әшкерелеу мен дәріптеудің, қарсы болу мен қолдаудың шекарасы да өте нәзік. Егер көрермен мен суреткердің сыни ойлау, ішкі цензура болмаса, мұндай қысым мен цензураның бәрі де бекер. Егер қоғамға шынымен қаупі бар фильм болса, прокатқа шығармастан бұрын комиссия тексеріп, шешімін айту керек еді. Фильм шығып, әбден касса жинаған соң ғана фильмді прокаттан алып тастау ақылға сыймайтын құбылыс. Бұл дегенің – бір ғана депутаттың пікірі министрлікте отырған күллі комиссияның шешімінен жоғары тұр деген сөз...

Тәңірберген Ембергенов, театртанушы: Бізге бағалау мен талдау мәдениеті керек

Биылғы жыл отандық театр өнері үшін ерекше болды деп ауыз толтырып айта аламыз. 2025 жыл қазақ сахна өнеріне жаңа тыныс, жаңа ырғақ алып келген сүбелі кезең болды дейміз. Жылан жылы ұлттық я мемлекеттік театрлардан бөлек, аймақтық театрлар үшін де өте жемісті болғанын айтайық. Мысалы, үш бірдей театрымыз «Академиялық» деген атақ алды. Атап айтсақ, ару шаһарымыздағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры мен тарихи қала Тараздағы А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдық және жетісулық Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының 50 жылдық мерейтойына орай мәртебелі атаққа ие болды. Тағы бір қуантатыны – театрдың географиясы кеңейді. «Театр көбейсе, түрме азаяды» дейді Шерхан Мұртаза. Екібастұзда «Ертіс-Баян» атты жаңа театр ашылып, Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» пьесасын көрермен назарына ұсынды. Дәл солай, шырайлы Шымкент қаласында да «Жастар» театрының шымылдығы түрілген болатын. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, театрішілік фестивальдер көптеп өткізілді. Ақтау қаласында ІІІ Халықаралық ТҮРКСОЙ театр фестивалі, Ақтөбеде VII Халықаралық Balausa экспериментальді театрлар фестивалі, Жезқазғанда Ж.Ходжиев атындағы IV халықаралық фестивалі, Қостанайда QITFEST, «Талдықорғанда BIKEN III», Қызылордада «Сырдың Сәбирасы-1» халықаралық театр фестивальдері өтті. Сол секілді әртүрлі қуыршақ театрларында да өнер бәйгесі болды. Кейбір өнер ұжымдары театрішілік дода өткізіп, әртістер қауымына жігер сыйлағанын баса айтқымыз келеді.

Өнердің өсуі үшін тек сахна емес, бағалау мен талдау мәдениеті де қажет. Биыл кәсіби ортада марапаттар жүйесі, сыншылық пікірдің салмағы айқын сезілді. «Еңлікгүл-2025» сыйлығының өткізілуі театрдың еңбегін елдік деңгейде танудың бір көрінісі. Ал театр сыншыларының жылдық қорытындылары мен «Сыншылар жүлдесі-2025» аясындағы сараптау жұмыстары көркемдік ізденіске жауапкершілік пен талаптың күшейгенін аңғартады. Ал «жетістік, прогресс бар ма?» деген сұраққа келсек, театр жылдан-жылға қарқынды даму үстінде. Өсім жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен де былтырғы жылмен салыстырғанда биылғы спектакльдердің көркемдік деңгейі сәл төмен болды деп ойлаймын. Бұл менің жеке субъективті пікірім. Иә, ресми деректерде елде 70-тен аса театр, оның 57-сі мемлекеттік екенін айтамыз. Сонымен бірге осы жылы 200-ден астам жаңа қойылым сахналанып, оның 107-сі отандық авторлар негізінде жасалғаны келтіріледі. Осыдан шығатын тұжырым – репертуардың жаңаруы ғана емес, ұлттық драматургияның тынысы әлі де кең екені.

2025 жылы өз басым үлкенді-кішілі, бір-біріне ұқсамайтын 35-ке жуық премьераның куәгері болдым. Әрине, әр қойылым өздігінше үздік. Неге десеңіз, бір қойылымның артында үлкен еңбек жатыр. Сахнадағы әртістерден бөлек сахна артындағы мамандарға басымды игім келеді. Дегенмен де, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы «Бәрі жақсы...» (Реж: З.Ахмет-қазы) спектаклі көңілімнен қатты шықты. Одан бөлек, қостанайлық І.Омаров театрындағы «Міржақып» (Реж: Г.Адай), қуыршақ театрындағы «Ортеке» (Реж: Г.Лайко) қойылымдарының көркемдік деңгейі жоғары болды. Бірақ «әттеген-ай» дегендер де бар. Режиссердің әлсіздігі түгел бір труппаның еңбегін еш еткен тұстар, актерлік өнердің нашарлығы режиссураны жоқ еткен қойылымдарды да көзіміз көрді. Бәрі бірдей ғажап бола бермейтінін түсінеміз. Сонда да цифрланған дәуірде, жасанды интеллект қарыштаған заманда әлемдік театрлық үдерісті кеңінен зерттеуге мүмкіндіктер көп қой деп ойлап қана қоямыз. Сапасы сын көтермейтін спектакльдердің аттарын атап, түстерін түстеуден аулақпыз. Қоюшылар мен орындаушыларға тек ізденсе деп тілек білдіргім келеді. Театр – қоғамның айнасы. Ал айна жарқыраса, онда халықтың рухы да жарқырайды. Осы жарқырау тікелей жоғарыда атаған маман иелеріне байланысты.

19 желтоқсанда Алматыда Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан театрлары-2025» мониторингі мен еліміз театрларының жыл қорытатын «Сыншылар жүлдесі» марапатын табыстау салтанаты өтті. Анар Еркебай, Амангелді Мұқан, Бақыт Нұрпейіс, Меруерт Жақсылықова, Зухра Исламбаева, Жазира Ахметова, Айжан Ахмет сынды белгілі театр сыншылары бастаған шара биыл 7 мәрте өткізіліп отыр. 52 номинация бойынша үздіктер анықталды. Бірлестік президенті, профессор Анар Еркебай көпшілікке жылдың қорытынды мониторингін көрсетті. Биылғы шарада алғаш рет «Жыл менеджері» жүлдесі үш адамға, «Жаңа есім», «Үміт» номинациялары бес өнер иесіне берілді. Нақтырақ айтатын болсақ, Алматы қаласы әкімдігі «Жаңа ғасыр» театрының актрисасы Балнұр Әбдіғалиева, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының актері Думан Дулатұлы, Астана қаласы әкімдігі «Музыкалық жас көрермен» театрының актері Ернар Мұхамбет, Ақмола облыстық орыс драма театрының актері Анатолий Егорин, Б.Римова атындағы Талдықорған академиялық драма театрының актері Елшат Маметеков сыншылар таңдауы бойынша «Үміт», Қостанай облыстық І.Омаров атындағы қазақ драма театрының режиссері Ералхан Мырзахмет, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Ғұмар Сұлтанбек, Қ.Жандарбеков атындағы «Жетісай» драма театрының актері Бекасыл Сыйхынбай, жас ақын, драматург Ақжан Аманжол және актер Жасұлан Көпберген «Жаңа есім» аталымы бойынша марапатталды.

Театр сыншыларының шешімі бойынша «Жыл спектаклі» Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Гамлет» (Реж: Д.Жұмабаева) қойылымы, «Жыл режиссері» Дина Жұмабай, «Қуыршақ театрының жыл қойылымы» номинациясымен Қостанай облыстық қуыршақ театрының (Реж: Н.Сабашвили) «Мен» спектаклі марапатталды.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ