Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:13, 22 Наурыз 2022

Рухани жаңғыру аясында Ахмет Байтұрсынұлы білім берген ғимаратқа назар аударыла бастады

None
None

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде: «Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасіретін әкелген жылдарда  Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам  жер аударылды.

100 мыңға жуық азаматтарымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды»-деп атап өтті.  Мемлекет басшысының биыл жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау туралы жарлығы шықты. Осыған орай, Президенттің бұйрығымен «зобалаң жылдары шейіт болған жандарды ақтау жөнінде» республикалық комиссия құрылып, оның міндеттері айқындалды. Оңтайлы бастама Қарағанды өңірі бойынша, Қарқаралы ауданында  қарқын ала бастады. Тарихы терең көне шаhар XX-ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстың жетекшілерінің бірі, Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны-Ахмет Байтұрсынұлының өмірімен тығыз байланысты болған. Атап айтқанда, осындағы Ақтерек ауылында 1905-1909-жылдары  ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы бастауыш сынып оқушыларына дәріс берген. Алайда, бірегей тұлғадан білім алған шәкірттері туралы толыққанды дерек жоқ. Бірақ, Байтұрсынұлы осында  мұғалім болып қызмет еткені анық. Ғимарат еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, мемлекеттік қорғауға алынған. Бүгінде кешенде  ауылдық кітапхана мен мектепке дейінгі балдырғандарға арналған шағын орталық орналасқан.  Ғимаратқа 2002 жылы «Жібек жолы» бағдарламасы аясында қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп, 2008-жылы облыстық мәдениет басқармасы  қосымша өңдеуден өткізген.

— Соңғы жылдары ақтаңлақ еңбек еткен  ғимаратты жаңартуға қаржы тұрақты бөліне бастады. Тарихи мұраны сақтау инспекциясы  былтыр 5,30 млн теңге аударды. Оған кешеннің  іші мен сыртын жөндедік, жылу жүйелерін жаңадан ауыстырдық. Биыл мекеме аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі балансына берілді. Біз өз тарапымыздан 1,5 млн теңгеге бір бөлмені толықтай жабдықтап шықтық. Одан бөлек, кітапхананың кітап сөрелері бүтіндей жаңартылып, еденге линолеум төселді. Ерекше айта кетерлік жәйт, тақауда біз  Алматыдағы Мемлекеттік мұрағатқа Ахмет Байтұрсынұлы еңбек еткен кезең жайлы мағлұматтармен қамтамасыз ету жайлы ұсыныс- хат жолдадық. Қазіргі кезде соның хабарын күтіп отырған жайымыз бар,-дейді Қарқаралы ауданы мәдениет және тілдерді дамыту  бөлімінің басшысы Жазира  Ысқақова.

Баршаға мәлім, Ахмет Байтұрсынұлы 1905 әйгілі «Қарқаралы петициясын» жазды. Бұл еңбекте  14500 адам қол қойған халықтың арыз- тілегін арқау етілген. Автор 1909 жылдың шілде айында губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семейдегі абақтыға жабылады. Атақты петицияда Байтұрсынұлы дала ережесін қазақ халқының мүддесіне қызмет ететін заңмен ауыстыруды талап етеді. Қоғам қайраткері  Қарқаралыдағы мұғалімдер даярлайтын училищенің меңгерушісі болып жүргенде қуғын-сүргінге ұшырайды.

— «Тағдыры запқа айналып, соңына шырақ алып түсушілер көбейген Ахмет  шалғайдағы Ақтерек ауылындағы орталау мектепке барып мұғалім болған. 2011-жылы даңқты тұлғаның жұмыс істеген ғимаратын арнайы барып көріп қайттым. Сапар барысында мен ондағы қызметкерлерге Ахметтің шыққан тегі «Арғын-үмбекей» руының шежіресін туралы кітабымды табысадым. Жақында «Ахмет ізімен» деген кітабымды шығарғалы жатырмын.  Кітапханашылар   рухани мекеменің бір бұрышын Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызмет жолына арнаған екен. Онда  Ақжан Машанидың: «Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы мұғалім болып еңбек еткен» деп жазып қалдырған тақта көзіме оттай басылды. Бұл ғимарат 1876-80 жылдары салынған. Менің біліуімше, кезінде осы мектепте қаймана қазақтың кіл мықтылары:  Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев, Түлік Тапан, Жақай Батыр, Әубәкір Құрман және Машанидің немерелері  оқыған.  Осынау киелі ғимаратты бүгінге жеткізген Ақжалда тұратын- Жеңіс Рақышев деген елжанды азаматқа қалың халықтың атынан алғыс айту ләзім,-дейді Қостанай қаласында тұратын «Ахметтанушы»-Ибрагим Ағытай ақсақал.      

Тегтер: