Рухани жаңғыру: Көкбөрісі – қорқау, алыбы – қортық Қазақстан
Қазақтың бас ақыны – ұлы Абайдың Алматыдағы мүсінін Хакімжан Наурызбаевтың жасағанын қазіргі жастар біле бермейді.
Қара тасқа жан бітірген, саз балшықтан өнер өрген Хакімжан аға: «Мүсін өнерінің өнердің өзге түрінен көп өзгешелігі бар десек, соның бірі – болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңістікпен үндесіп жатуы. Ескерткіш салынатын, ең алдымен, оның болашақ тұратын орны мұқият еске алынуы керек. Осы шарт ойдағыдай орындалғанда ғана ескерткішке «жан бітеді», – депті ақын мүсіні туралы естелігінде. Бұрынғы шеберлер мүсінді емес, тас тұғырдың қайда тұратынына дейін алдын ала өлшеп-пішіп, шешетінін осы бір ауыз сөзден аңғару қиын емес.
Өткен аптада Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, өзінің туған жері Нарынқол ауданына ақын мүсіні қойылды. Қола ескерткіш тұғырға қонғаны сол еді, әлемжелі бір сәтте шулап ала жөнелсін. Біреулер мүсінді Мұқағалиға ұқсата алмады, біреулер мұның ақынды қорлау екенін ашық айтты. Қисынсыз айыптау емес. Өйткені мүсін, шынымен, Мақатаевқа ұқсамайды. Тұрқы Мұқағалидан гөрі, Қадыр Мырза Әліге жақындау. Тапал бойлы, белі бір тұтам, сирағы да қысқа. Бір қолы жамбаста, екіншісі мықында. Етегін жел көтеріп тұр. Желдің өтінде тұрса, шашын да бір жағына жығып жасау керек еді. Мойнына орағаны шарф па, сөмкенің бауы ма, түсініксіз. Суретші көзімен қарамаған туынды екені анық. Мақатаевты қоладан құйған шебер осы өнерде аты озып тұрған мүсіншілердің бірі – Қадырхан Кәкімов екен. Кәкімовті Хакімжанмен салыстырып отырған жоқпыз. Бірақ Абайды «тірілткен» Наурызбаев айтқан бірінші талаптың өзі орындалмаған. Яғни Мақатаевтың мүсіні қойылған орынның өзі дұрыс емес. Арт жағында жергілікті пошта қызметінің үйі тұр. Ол да мүсіннің көрнекілігіне кедергі. Арқасын Аспан тауларға сүйеп, қасқайып тұрмаған соң, миллиондарға салынғанынан не пайда?
Райымбек ауданы әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Мұқағали Мақатаев ескерткішіне қатысты даудан кейін облыстан арнайы комиссия келіп тексеру жүргізіпті. Тексеру барысында ақынның мүсініне қатысты пропорциялық ақаулар анықталған көрінеді. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Қадыржан Сабырақын: «Ескерткіштің тұғырына биіктік қосылатыны бұған дейін жоспарланған болатын. Ал мүсініне келсек, пропорциялық ақаулар анықталды. Бірнеше сантиметрге ауытқыған. Түзету үшін мүсін ескерткішті жасаған авторларға қайта берілді», – деді. Таудай Мақатаевтың шағын денелі Қадырға ұқсап қалуы бірнеше сантиметр ауытқу ма? Айтпақшы, «бір тұтам Мұқағалиға» 62 миллион теңге кетіпті.
Осы тақырыпты әлемжеліде алғашқылардың бірі болып қаузаған журналист Қанат Әбілқайырдың айтуынша, белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының ескерткішіне мұның жарты сомасы ғана кеткен көрінеді. «Дидахмет ағаның ескерткішін жасайтын кезде эскизімен танысқанбыз. Өз пікірімізді айтқанбыз. Сол кезде Дидахмет ағаның ескерткішіне толығымен 23 миллион теңге кеткен. Мына ескерткішті 30 миллион теңге дейік. Ертең қоласы сапалы деп айтуы мүмкін. Ар жағында 10 миллион теңгеге маңайын қатырып тұрып абаттандырып тастауға болады. Бұлар «басында ескерткіш қоюға 10 сотық жер бөлгенбіз, кейіннен 30 сотық болып кетті. Содан ескерткіш солай көрініп қалды» деп отыр. Бірақ айдалаға апарып қойса да, мүсін өзінікін айтып тұрады», – дейді ол.
Міскін мүсін Мұқағалиға қойылған қола құймамен шектелмейді. Әсіресе, соңғы жылдары бұл өнерде қателік, кемшілік көбейіп кетті. Естеріңізде болса, бірнеше жылдың алдында Өскеменде Абай мен орыстың ағартушы-ғалымы Евгений Михаэлиске қойылған ескерткіш те қоғамды дүр сілкіндірген еді. Қазақтың данышпан ақынын қортық, оның досы Евгенийді ергежейлі етіп, құйған мүсінші ешкімнен кешірім сұраған жоқ. Туынды әуелде Өскемен қаласындағы әлдебір саябаққа қойылды. Жұрттың қарсылығынан кейін орнынан алынып тасталды. Бір жылдан кейін автор қайтыс болып, оның баласы әлгі қортық мүсіндерді сатуға шығарды. Өзінің айтуынша, ақша үшін емес, мүсіншілердің есіл еңбегіне қоғам назарын аудару көрінеді. Өйткені әкесі еңбегіне ақы алмапты. «Әкімдік тапсырмасымен аз уақыттың ішінде жасалған дүние» деген мүсіншінің ұлының айтуынша, ескерткіш, шын мәнінде, ешкім үшін емес, есеп үшін ғана жасалған.
Былтыр Дінмұхамед Қонаевқа Бақанаста олақтың қолынан шыққандай, олпы-солпы ескерткіш қойылды. Қонаевтың тау тұлғасын шебер 12 миллион теңгеге тастан қашап жасапты. Олақ қолдан шабылған қарағайға, сорайған бағанаға ұқсайды. Ескерткіш авторы Алтай Бейсеновтің айтуынша, тапсырыстың уақыты тым тығыз болыпты. «Цехта тұрғанда, білінбеген еді, тым ұзарып кетіпті. Портреті келгенімен, иығы тым үлкен болып шығыпты», деп ақталған. Сәтті туынды цехта тұрса да, тау арасына қойылса да, алтындай жарқырап көз тартпай ма?
Ұлытауда қайбір жылы көкбөріге ескерткіш қойылды. Идея авторы әрі мүсіншісі – Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев. «Ұлытау көкбөрісі» туралы сан алуан пікір бар. Бірі мүсіннің қасқырға ұқсамай қалғанын айтса, енді бірі оны мультфильм кейіпкеріне ұқсатқан.
Ана бір жылы елордада эротикалық мүсін қойылып, әлемжелі шуласын келіп… «Ғашықтар мүсіні» ғашықтар саябағынан орын тапты. Ескерткіштің кемшілігі көп-ақ. Ең басты олқылығы – мүсінші қызды тұттай «шешіндіріп» тастаған. Нақтырақ айтқанда, қыз жалаңаш тұр. Жұрт қайтерін білмей мүсінге мата жапты… Ескерткішке қатысты сол кездегі мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистерге әзілдегісі келді ме, әлде сөзінің сықпыты сол ма, біртүрлі жауап берді. «Комиссияның құрметті мүшелері мүсінге мата жапқандарына қарағанда, оптимистік көзқараста. Олардың пікірінше, айтарлықтай, ереже бұзушылық немесе көз тоймайтындай, жалаңаштанған ештеңесі жоқ. Барлығы, бұл туындыға жоғары баға беріп отыр», – деді.
Алатаудың арғы бетінде Шыңғыс Айтматовтың мүсінін мінсіз жасаған қаршадай қыз тұрады. Тамила Маматовамен әлемжелі арқылы танысып, ұялы телефонына хабарластық. Шебердің айтуынша, Айтматовтың мүсіні оның дипломдық жұмысы екен. Арнайы тапсырыспен жасалған дүние емес. Соның өзінде ұлы жазушыға жан бітіргендей, шынайы, көркем. Бізге берген сұхбатында қырғыз айылынан шыққан ару жазушыны бала жасынан жақсы білетінін, кез келген қырғыз үшін Шыңғыс бейнесі Алатаудай асқақ, Ыстықкөлдей терең екенін мақтанышпен жеткізді. Жазушы бейнесі әр қырғыздың көңілінде солай қалыптасқан.
«Мен адам бейнесін жасайтын кезде оның географиясы мен өмірбаянын, шығармашылығы мен жасаған ортасын, ол өмір сүрген кезеңді зерттеймін», – деп бастады әңгімесін. – «Сол дәуірді, айналысқан кәсібін, фото-видео мұрағаттарды ақтарып, жақындарымен танысып, қысқасы, кейіпкерімді өзімнің әке-шешемдей жақсы танып алуым керек. Содан кейін ғана эскизін жасай бастаймын», – дейді.
Мүсін өнерінде жүрген мүйізі қарағайдай, мықтылар айта алмайтын сөзді қаршадай қыз айтып отыр. Өнердің қай түрі болсын, қолға алған туындыға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын қырғыз қыздың осы сөзінен-ақ аңғаруға болар. Тамила мүсінді емес, ең алдымен, кейіпкерлерін зерттеп жүр, ал біздің мүсінші-суретшілер ұлыларымызды қашанғы қорлай береді?