«Руың кім?» фильмі ұлттық бірлікке қауіп төндіреді деген сыннан кейін прокаттан алынды
Қазақстанда «Руың кім?» фильмі барлық кинотеатрлардан алынды.
Студия өкілдерінің айтуынша, бұл қадам қоғамдағы қызу талқылаулар аясында ерікті түрде жасалған. Tiger Films фильм жақсы ниетпен түсірілгенін, авторлар сатира мен юмор арқылы руға бөлінудің – қоғам үшін зиянды стереотип екенін көрсетуді мақсат еткенін атап өтті. Сонымен қатар продюсерлер туындыда заңбұзушылық жоқ деп есептейді, алайда кейбір келеңсіздіктің алдын алу үшін прокатты тоқтатуды жөн көрген.
«Біз әрдайым Қазақстан халқының бірлігін қолдап келеміз. Фильмді қате түсінудің алдын алу мақсатында оны барлық кинотеатрлардан алып тастау туралы шешім қабылдадық», - делінген Tiger Films мәлімдемесінде.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қоғамға «рулық-тайпалық психология» белсенді түрде таңылып жатқанын айтып, бұл үрдісті қатаң сынға алған еді. Оның айтуынша, мұндай тақырыптар ұлттық бірлікке қауіп төндіреді, ал «Руың кім?» фильмі соның айқын мысалы.
Депутатты әсіресе фильмді ілгерілету кезінде Қазақстан картасының үш жүзге бөлініп көрсетілуі алаңдатқан.