Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:09, 10 Тамыз 2021

Рыпаковға құрмет – Байахметовке міндет

None
None

Елдің ғана емес, әлемнің назары Токио- 2020 Олимпиадасына ауып тұрған шақта Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов сол бір спорт майданынан құр қол қайтқан шығысқазақстандық спортшы Ольга Рыпакованы халықаралық «ABAІ» әуежайынан қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетті.

«Бүгін (5 тамыз- ред ) біз Семей қаласының әуежайында ақсақалдар және жанкүйерлермен бірге Токио Олимпиадасының қатысушысы, 2012 жылғы Лондон Олимпиада ойындарының чемпионы, және тағы екі Олимпиаданың жүлдегері, даңқты спортшымыз Ольга Рыпакованы қарсы алдық..

Ол ұзындыққа секіруден 2010 жылғы әлем чемпионы, үш қарғып секіру мен жеті сайыстан Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2007 жылғы Бангкоктағы (Таиланд) Универсиаданың үш қарғып секірудегі чемпионы, оның жетістіктері өте көп, барлығын санап жеткізу мүмкін емес»,-деп ағынан жарылды қала әкімі Б. Байахметов.

Әлемнің 86 мемлекеті қатысқан тарихи спорт додасында 83 орыннан көрінген Қазақстанның алтын түгілі күмістен де күдер үзгені өз алдына 8 қола медаль алғаны «дәтке қуат» делік. Алайда, шығысқазақстандықтар үшін есімі ерекше мақтанышпен естілетін Ольга Рыпакованың қолға да қол жеткізе алмағаны оның жанкүйерлерінің көңіліне кірбің түсіргеніне күмән жоқ. Олимпиада ашылар сәтте Токио төрінде боксшы Қамшыбек Қоңқабаевпен бірге Қазақстанның көк байрағын желбіретіп шыққан Ольга үшін бұл жолғы дода сәтсіз болғанын бәрі де көрді.

Қызық болғанда, Семей қаласының әкімі құрмет-қошаметпен қарсы алған кездесуде жергілікті ақпарат көздерінде Рыпакова ту ұстап шыққан сәті жайында былай депті:

— Менің бұл бейнемді көрген шетелдіктер өте ерекше әсерде болды. Әлеуметтік желілерде оң сипаттағы пікірлер көп жазылды. Менің бейнеме ұқсас кейіпкер бар компьютерлік ойындар бар екен. Сондықтан, жапондықтардың, корейлердің, тіпті  қытайлықтардың әрекеті осылай болған. Менің ойымша, бұл ту ұстаушылардың жарқырап шығуына үлес қосқан стилистердің, дизайнерлердің, ұлттық олимпиада комитетінің  тікелей еңбегі. Олар бәрін жоғары деңгейде жасады", — дейді әлем таныған қазақстандық спортшы.

Қосымша мәлімет: Ольга Рыпакова-қазақстандық жеңіл атлет, Лондон Олимпиадасының чемпионы (2012), Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері (2008) және Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері (2016).

Қала әкімі Бақытжан Кәкенқажыұлы оны қарсы алған шақтағы әсері туралы өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында да хабардар етті:

«Ольга біздің еліміз бен облысымыздың мәртебесін халықаралық аренада сан мәрте үстем етті, биылғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде ту ұстап шыққан жерлесіміз, қазақтың ұлттық киімін киіп бүкіл әлем жұртшылығын таңырқатып, назарын өзіне аударды.

Ия, спортшымыз үшін биылғы Олимпиада сәтті болмады, дегенмен біз жерлесімізді мақтан тұтамыз. Ольга спортта әлі талай жоғарғы жетістіктерді бағындарып, еліміз үшін жаңа чемпиондарды тәрбиелейтініне сенімдімін. Ол бүкіл әлем елдерінің алдында Қазақстан Республикасының даңқын асқақтатқан, біздің чемпионымыз болып мәңгі қала береді»,-деп әсерленді Б. Байахметов.

 Ольга Рыпакованың күйеуі Денис Рыпаков бұған дейін Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет және спорт басқармасын басқарған. Қазіргі күнде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы.

Тегтер: