С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде И.А. Сауэр атындағы Smart-аудитория ашылды
2026 жылғы 13 қаңтарда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде университеттің көрнекті түлегі, Қазақстанның Еңбек Ері, «Родина» агрофирмасы ЖШС-нің бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіпкер әрі меценат Иван Адамович Сауэрдің есімі берілген аудиторияның салтанатты ашылуы өтті.
Аталған шара университет өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, оған мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, ғылыми қауымдастық мүшелері, аграрлық кәсіпорындардың басшылары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Сонымен қатар іс-шараға Иван Адамовичтің курстастары қатысып, студенттік жылдарды еске алып, бұл бастаманың университет пен оның түлектері үшін маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында жаңа буынға арналған Smart-аудитория салтанатты түрде ашылды. Заманауи мультимедиялық технологиялармен және цифрлық оқыту элементтерімен жабдықталған бұл білім беру кеңістігі студенттердің икемді ойлау қабілетін қалыптастыруға, практикалық дағдыларын дамытуға және зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған. Аудитория білім берудің цифрлық трансформациясы талаптарына толықтай сай келеді.
Салтанатты рәсім барысында Иван Адамович Сауэрдің университетті дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Қоғамдық белсенділігімен және меценаттық қызметімен танымал ол көптеген жылдар бойы білім беру саласындағы бастамаларды қолдап келеді. Атаулы аудиторияның ашылуы – оның туған университетінің инфрақұрылымын дамытуға, студенттер мен оқытушылар үшін қолайлы әрі технологиялық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған игі істерінің жалғасы.
Салтанатты бөлімде мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Астана қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Университет Басқарма Төрағасы – Ректор, ҚР ҰҒА академигі Қанат Маратұлы Тіреуов өз сөзінде Иван Адамович Сауэр тұлғасының университет пен ел үшін айрықша маңызын атап өтті: «Біздің университет үшін Иван Адамович Сауэрдің С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің көрнекті түлегі әрі құрметті профессоры екені ерекше құнды. Ол ғылым мен білімнің маңызын әрдайым алға қояды. Бұл аудитория – жай ғана оқу орны емес, студенттерді еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін шабыт мекені», – деді ректор.
Салтанатты шараның жалғасы ретінде Иван Адамович Сауэр «Аграрлық бизнесті басқару тәжірибесі және ауыл шаруашылығының орнықты дамуы» тақырыбында ашық дәріс оқып, өз тәжірибесімен және басқарушылық көзқарастарымен бөлісті.
Атаулы Smart-аудиторияның ашылуы университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аграрлық сала үшін уақыт талабына сай, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған маңызды қадам болды.