Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:35, 29 Мамыр 2025

“Сабақ үстінде”: Түркістанда 12 жастағы оқушыны сыныптасы қылғындырып өлтірген

Көшеева
Фото: alash.kz

12 жастағы Ұлағат Сайдулланың анасы Гүлмира Көшеева баласының өліміне байланысты шындықтың беті ашылуын талап етуде. 

Анасының айтуынша, қайғылы жағдай сабақ үстінде, мектеп қабырғасында болған. Мұғалім қарауынсыз қалған оқушылар смартфон үшін жанжалдасып, соңы қайғылы жайтқа ұласқан. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, бір оқушы екіншісін қылқындырып жіберген.

Шарасыз күйге түскен балалар әуелі Ұлағатқа су шашып, есін жинатуға тырысқан. Бірақ мұғалімдер сыныпқа жетемін дегенше, бала өмірмен қоштасқан.

Қара жамылған ана үш ай бұрын ұлын соңғы сапарға шығарып салды. 7 ақпан күні таңертең баласын мектепке еш алаңсыз аттандырған ол бірер сағаттан соң мұғалімдердің шұғыл хабарламасын алып, дереу мектепке жеткен. Сыныпқа кіргенде — қимылсыз жатқан баласын көреді. Кейін ауруханаға апарғанымен, дәрігерлер оның сол мектепте жан тапсырғанын растаған.

Қайғыдан қан жұтқан ана бүгінде жауапты адамдардың жазалануын талап етіп, әділдік іздеп жүр.

"Қасындағы бала телефон алып барған. Бұл алып қашқан. Арқасынан қуалап келген де партада отырган кезде буындырған ғой. Ұзақ буындырып, ұстап тұрған. Кейін бала жерге кұлағанда ешкім келмеген ғой. Мұғалім сабақта болмаған. Оқушылар жүгіріп барып медбикені де шақырып келмеген. Өздері сол жерде су шашып, білгендерін істей берген ғой", - дейді баланың анасы Гүлмира Көшеева.

Әйелдің айтуынша, мектеп директорының орынбасары болып жұмыс істейтін пән мұғалімі оқушылардың қасында емес өз кабинетінде отырған. Сынып жетекшісі мектепте болмаған. Ал кезекші мұғалім айғай-шуды көре тұра есікті тарс жауып кеткен көрінеді. Оқиғадан соң директордан бастап, оның орынбасары мен тағы 4 мұғалім жұмысымен қоштасыпты. Алайда көп ұзамай қызметтеріне оралу үшін еңбек инпекциясына арыз қалдырған.

"Еңбекті қорғау инспекциясы сондай нұсқама берген. Соның заңдылығын анықтау бойынша білім бөліміне бергенбіз нұсқаманы. Нұсқамасы бойынша бұйрықтағы баптар дұрыс қойылмаған. Одан кейін жаңағыдай ұсыныстарын жазып кеткені сол", - дейді А.Оразбаева атындағы мектептің директоры Өмірсерік Кенжеев.

Тегтер: