Сәби аңсаған аналардың шаттығы көбеюде
Сәбидің сыңғырлаған күлкісі кез келген шаңырақты қуанышқа кенелтеді. Дүниеге келген әр бала мемлекеттің қисапсыз байлығы.
Осыны түсінген сарабдар саясаткерлер еліндегі демографиялық үрдіске үнемі көңіл бөліп отырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Аңсаған сәби» бағдарламасы жарыққа шыққаннан бері, ана болуды аңсаған талай әйел арманына жетті. Айналдырған екі жылда Қазақстанда 3 мыңға тарта бедеу әйел босанды. Олардың 65-і бір мезетте бірнеше бала көтерген. Сөйтіп, 350 шақалақ жарық дүниенің есігін ашты. 2020 жылы «Эко» бағдарламасы бойынша республикада 7 мың квота бөлінді. Оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңге қаражат бағытталды. Соның 532-сі Қарағанды облысына бұйырыпты. Нәтижесінде, 353 әйел бөбек құшты.
– 2021 жылы басталған «Аңсаған сәби» бағдарламасына міндетті әлеуметтік сақтандыру жеңілдігі кіргізілді. Ол бойынша, бедеулік диагнозымен есепте тұрған жұптар әлеуметтік сақтандыру арқылы квота алуға қол жеткізді. 2020 жылы бөлінген квотаның 60 пайызы ауылдық жерде тұратын нәзік жандарға берілді. Негізінен, жеңілдетілген квота 18-40 жас аралығындағы әйелдерге тиісті, – дейді қарағандылық акушер-гинеколог Жанна Әмірбекова.
Денсаулық сақтау министрлігінің аналар денсаулығын қорғау басқармасының басшысы Шәкизада Халықованың мәлімдеуіне қарағанда, ел аумағында бала көтеруге қабілетті келіншектердің саны анықталып, мониторинг жасалды. Бүгінде әр өңірге ЭКҰ квотасы бөлінген. Республика аумағындағы 8 қалада 27 репродуктивті медициналық орталықтар жұмыс істейді. Былтыр 7 мың нәзік жанға тексеріс жүргізілді. Оның нәтижесі жақын арада белгілі болады. Кәсіби маманның айтуынша, ел аумағында әлі босануын күтіп жүрген жүкті әйелдердің саны аз емес. Егер квота алған әйел бірден бала көтермесе, келесі жылы сол мүмкіндікті қайта иемденуіне құқы бар. Үміткер одан әрі өз қаражатымен ЭКҰ жасату туралы шешім қабылдаса, квотамен алынған алғашқы эмбриондары сақталады.
– «Ана ұрығы төмен болған жағдайда, донорлық ана ұрығын пайдалануға болады. Бағдарламаның тағы бір тиімділігі – 42-49 жастағы жалғыз басты аналардың да бала тууына жол ашты», – дейді репродуктолог-дәрігер Алмаз Ибрагимов.
Президент тапсырмасына орай, үкімет 2025 жылға дейін бедеулікке шалдыққан әйелдерге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Бұл өз кезегінде, пациенттерге МӘМС шеңберінде жеңілдік алуға қолайлы болып тұр. Салыстырмалы түрде қарасақ, 10 жыл бұрын мемлекет 10 мың емделушіге квота бөлген екен. Қазір бір жылда сол квотаның 70 пайызы берілуде.
– Біз неге жедел өспейміз? Қалалықтарда әу бастан бала саны шектеулі. Ендеше, үкімет басындағылар төл ұлттың табиғи процесін ілгерлететін ауылдан келген жастарды сәбилі болуға ынталандыру керек. Ол үшін мемлекет халық санын көбейтуге үлес қосатын аналарды әлеуметтік, қаржылай және медициналық қажеттілікпен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда жөргекпұл мөлшері басқа елдермен салыстырғанда, төмен. Олай болса, қашанда халық саны мемлекет дамуының маңызды факторы екенін ұмытпайық, дейді «Демографиялық дүмпу» атты сараптамалық мақаланың авторы Ертай Жәнібеков.
Республикамыздағы демографиялық жағдайды зерттеумен шұғылданып жүрген қаржы саласы ардагерінің есебінше, 1991-2021 жылдары қазақ халқының саны 62 пайызға көбейген. Акушер-гинекологтар Алматы және Алматы облысы мен Қарағанды өңірінде «Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көрген отбасылар көбейгенін айтып отыр. Төл ұлтымыздың санын өсіруге ұйтқы болып отырған бағдарлама ел көлемінде 2025 жылға дейін жалғасады.